Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әділдік жолын жалғаған

Әділдік жолын жалғаған

Сыр өңірінде қара қылды қақ жарып, елге әділдігімен танылған тұлғалар өте көп болған. Апбаз, Мырқы, Нұреке, Шортанбай,­ Тұрым, Мұңайтпас, Медетбай, Сауранбай, Есет Төлепұлы, Ақбер­ген, Бақтыбай, Тоқтамыс, Ешмұрат, Бәлдік секілді бабаларымыз адалдықты ту етіп, билік шешімдерімен көзге түскен.

Жас кезінен турашылдығымен, от ауыз­ды, орақ тілділігімен есімі ел ішіне ерте таралып, «Бала жолбарыс» атанған атақты Есмұ­рат­ бидің билік жасаудағы біліктілігі мен батыл­дығы жайлы деректерді біле­тіндер қазір азайды. Оның ер мінезділігі мен жомарт­тығына дәлел боларлықтай әң­гімелер тарихи кітапта бар. Ал есімі елге мәлім Шортанбай би туралы көптеген аңыз-әңгімелер сақталған. Шортанбай Ерубайұлын нақыл, тапқыр шешен сөз­дерді, мақал-мәтелдерді есіне сақтап, оны өзі жөні келген жиын­дарда айтып жүре­тін әділ қасиетінің ар­қасында ел-жұрт би сана­ған. 1842 жылы С.Сейфуллин ауылын­да туған тарихи тұлға жас­тайы­нан ауыл молдасына барып сауатын ашады. Елдің игі жақсы, би, болыс, естияр­ қария­лары­ның қасында жүріп, дау-дамайға араласып, өзінің ұтымды, әділ-ке­сімді сөзімен көзге түседі. Шортанбай би ел сенімін адал ақтайды. Жер мен жесір дауының, барым­та­гершіліктің түйіні әділ бидің алдынан шешімін та­уып, ел алғысына ие болған.

Бұрынғы би, қазының ізін қазір сот тө­­ре­лігі жалғастырып келеді. «Сот беделі – мемлекет беделі» десек ол беделдің жекелеген судьялардың адал, әділ билігінен құ­ралатыны белгілі. Осы ретте Сыр елі­нен шыққан, ел ағасы атанған Қазбек Өтемұратовтың есімі ерекше аталады. Адал судья ретінде күні бүгінге дейін ел­дің есінде қалған азаматтың атқарған ісі кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болып қалды. Әділдіктен таймай, бар білімі мен іскерлік қабілетін, күш-жігері мен ұс­танымын ел мүд­­­десіне, халықтың заңды құқығы мен ар-намысын қорғауға арнады. Өкініштісі, әділ заңгер небәрі 39 жасында дү­ниеден озды.

Сот саласында белгілі заңгер, мемлекет қайраткері Бекайдар Жүсіповтің есімі де құрметпен аталады. Қайраткер-тұлға 1920 жылы Тереңөзек ауданында дүниеге келген. Кейін республикалық деңгейде заң ор­гандарын басқарған қайраткердің осы саладағы қызметі 1942 жылы басталады. Ол ұзақ уақыт облыстық прокуратураны басқарды. 1946 жылы Бүкілодақтық Заң инс­титутын бітірді. 1952 жылы Қазақ КСР прокурорының бірінші орынбасары болып тағайындалып, 10 жыл жемісті еңбек етті.

Республика басшылығы 1962 жылы жерлесіміз Б.Жү­сіповке үлкен сенім біл­діріп, оған Қазақ КСР Жоғарғы Сотының Төрағасы міндетін жүктеді. Сегіз жыл рес­публика соттарын басқарған заңгер 1970 жылы Қа­зақ КСР Әділет министрі болып тағайын­далды. Осы жауапты қызметте де ол құ­қық­тық нормалардың сақталуына және оның заң тұрғысынан жетілдірілуіне сүбелі үлес қосты. Б.Жүсіпов алтыншы, жетінші, сегізінші шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланып, бірнеше рет Үкі­мет наградаларымен марапатталды. Бүгінде Тереңөзекте ескерткіш-бюсті орнатылған және аудан­дық тарихи-өлкетану музейінде кең көлемді ақпараттар бар.

Сот саласында сырдариялықтардың мақта­ны­­­­шына айналған, ҚР Жоғарғы Сотының Төрағасы Жақып Асанов­тың ең­бегі зор. Киелі Тереңөзектің тумасы Қы­зыл­­орда облы­сының прокуратура органдарында қызмет атқарып, заң саласында жоғары лауазым иесі атанды. Мәжіліс депутаты, Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры ретінде абыройлы еңбек етті. 2017 жылы Қазақстан Рес­публикасы Президентінің ұсынуы бо­йынша Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы қызметіне тағайындалды.

Ж.Асанов соңғы жылдары азаматтық дауларды сот­қа жеткізбей шешу мәселесін көтеріп, осы бағытта атқарылған жоба­лар­дың оң нәти­жесі жарияланып келеді. Бұрын істердің тек 2-3 па­йызы ғана тату­ласумен аяқталса, қазір бұл көрсеткіш 37 пайызға жеткен. Сонымен қатар 2018 жылға дейін ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша бір жылда орта­ша есеппен 23 адам ақталса, соңғы 4 жылда 160-тан астам адам кінәсіз деп танылған. Жақып Асанов – сот кадрларының сапасын жақсарту, азаматтардың сотта­ қор­ғалуын күшейту, сот ісін жүргізуді оң­тай­ландыру тұрғысында тиімді ұсыныс ай­тып, сот бе­делін арттыруға күш салып жүр­ген азамат. Аудан халқының мақтанышына ай­нал­ған Жақып Асанов – әділді­гімен ел сені­мін ақтаған билердің ісін жалғастырушы азамат. Ол туған жерді түле­туге де белсене атсалысып келеді. ­



Бибісара ЖАНӘЛІ
25 маусым 2022 ж. 241 0