Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАЙТА ЖАҢҒЫРҒАН ЕСІМ

ҚАЙТА ЖАҢҒЫРҒАН ЕСІМ


Еңбегі еленіп, талай жыл қызмет атқарған тұлғаларға бүгінгі таңда көше атауын беру серпінді дамыған ауданда үрдіске айналған. Аймақтың өркендеуіне өз үлесін қосқан азаматтар қатарында сырдариялықтардың да үлес салмағы жетерлік. Ауыр күндерден мүдірмей өтіп, елді тоқырау заманнан аман алып қалған тұлғалар есімі қайта жаңғырып, құрмет көрсетілуде. Кентке қарасты жаңа қоныстану аумағынан Еңбек Қызыл Ту, екі мәрте Құрмет белгісі орденінің иегері Елтай Байназарұлы Тыныштықбаевқа көше есімі берілді. Шараға облыстық мәслихат хатшысы Н.Байқадамов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Мемлекет және Қоғам қайраткері С.Шаухаманов, еңбек ардагерлері, аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары қатысты.
Көше ашу рәсімінде сөз алған облыстық мәслихат хатшысы Н.Байқадамов Елтай Тыныштықбаевтың жүріп өткен жолын, облыс көлемінде атқарған қызметтерін тілге тиек етті. Алғаш рет табиғат қамқоршысы болған экологтың табанды, тындырымды тірліктеріне шолу жасады. Ал, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Шаухаманов өз кезегінде Елтай Байназарұлымен қатар қызмет атқарғандығын, азаматтық болмысын жұртшылыққа баян етті. Оның жұмысқа деген ыждағаттылығын, көпшілікке үлгі боларлық қасиеттерін ұрпақтарына жеткізді. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы аудан халқының ерекше ықыласына бөленген эколог жайында кеңінен мағлұматтар берді. Бұл көшенің берілуі зор құрмет екендігін айтты. Бұдан бөлек сөз алған Б.Төрешов, Қ.Тыныштықбаев ардақты азаматтың тек қызметте ғана емес отбасындағы зор қамқорлығын, адамгершілігі жайында сөз етті. Жиналғандар салнатты түрде көшені ашып, болашақ тұрғындарына ақжарма тілектерін білдірді.
Көше ашылу рәсімінен кейін Елтай Тыныштықбаевтың рухына арналып ас беріліп, құран бағышталды.
«Тт» ақпарат
21 желтоқсан 2017 ж. 1 440 0