Азаматтың абыройы – адал еңбекте
Өнегелі өмір сүру кез келген адамның қолынан келе бермейді. Себебі өмірдің өнегелі болуы адамның еткен еңбегіне байланысты. Өзі өмірден өтсе де, Тереңөзек халқы ардақ тұтқан азамат Мақсұт Нұртазаев жайында жазуды жөн көрдік. Марқұмның көзін көргендер мен білетіндер азаматты ардақтап, ұлағатты да, өнегелі өшпес ізін үлгі етеді. Себебі ел игілігі үшін жұмыс жасаған арда азаматтың еңбегі өлшеусіз. Әңгімеге арқау болып отырған Мақсұт Тәңірбергенұлының ел-халқына жасаған әрбір ісі өзі шыққан әулетіне ғана емес, тұтас бір ауыл-аймаққа адалдығымен құрметті болды десек артық айтқандық болмас.
Саналы ғұмырында туып-өскен туған жерін түлетуге, нақтырақ айтқанда экономикасы мен әлеуетін көтеруге барын салған азаматтың саналы ғұмырын бүгінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатында қолымызға қалам алдық.
«Әркімнің туған жері Мысыр шаһары» деген сөз бар халқымызда. Өзі туып өскен Тереңөзек ауданының Құндызды ауылында 1953 жылдың көктемінде дүние дидарын ашқан азамат көп балалы отбасында тәрбиеленді. Өзінен кейінгі іні-қарындастарына жаны жайсаң аға болған Мақсұт Тәңірбергенұлы кенттегі №36 орта мектепте білім алды. Сол жылдардағы дәстүрмен мектеп бітірген түлек «алдымен еңбек жолын жұмысшы болып бастауы керек» деген қағидамен алыстағы ауыл Іңкәрдарияға, сондағы кеңшарда жұмысшы болады. Еңбекке деген ептілігі одан әрі Қызылорда қаласындағы қалалық сауда басқармасында қарапайым жұмысшылықпен жалғасады. Өзінің арман-мақсатын алға тартқан ер жігіт арман қала Алматыға жол тартып, Алматы халық шаруашылығы институтына оқуға түседі. Болашақ қаржыгер, жас маман институт қабырғасынан шыққан соң туған ауылға тартады.
Одан арғы еңбек жолы ауданның қаржы-экономикалық саласын нығайтумен, дамытумен өріледі. Бақылаушы-тексеруші қызметінен басталған саладағы қызметті адал атқарған Мақсұт Тәңірбергенұлы 20 жыл үздіксіз Сырдария ауданында қаржы бөлімін басқарған мықты басшы болады. Кейін ауданның ақсап жатқан қай саласы болмасын өрге сүйреп, жұмысын жандандырады. Ел ағасы атанған шақта аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшылығына ауысып, бұл саланың да жұмысын ілгерілетуге барын салады. Қай кезде де білікті басшының іскерлігі ауданның экономкасын алға сүйреуге таптырмайтын қасиет. Ауданның әр жылдардағы басшылығы тәжірибелі маманның іскерлігіне сенім артады. Мақсұт Тәңірбергенұлын көптеген қызметке ұсынады. Арда азамат аудан әкімінің кеңесшісі, Тереңөзек кенті әкімі аппаратында инспектор, Құндызды ауылдық округінің әкімі, кент әкімінің кеңесшісі, Қалжан ахун ауылдық округінің әкімі қызметін атқарып, мемлекеттік қызметтен зейнеткерлікке абыроймен шығады.
«Ауылына қарап, азаматын таны» демекші 4 жыл Қалжан ахун ауылында әкім болған кезінде ауыл тұрғындарының хал-ахуалын жақсартуға, ауылдағы жұмыссыздықты азайтуға, кәсіпкерлікті кеңейтуге атсалысады. Сол жылдары ауыл халқына төнген көптеген мәселелер, әсіресе, тұрғындардың ауыл шаруашылығымен айналысуына жағдай жасауға, ауылға инвестиция тартуға үлесін қосады.
– Махаңмен көп жылдар бірге қызметтес болдым. Ауданның 20 жыл қаржы саласын басқару көрінген адамның қолынан келе бермейді. Тоқсаныншы жылдары зейнетақы мен еңбекақы 5-6 айға кешігіп, ауылдарды жұмыссыздық жайлады. Осындай қиын кездері ауданның қаржы саласын басқарған Мақсұт Тәңірбергенұлы «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» жоқшылықтың жібін үздірмей, алғыр білімділігінің арқасында аудан халқын жерге қаратпады.
2005 жылы Қалжан ахун ауылы су тасқынынан зардап шегіп, егіс еге алмай қиналдық. Егіс екпеген жерге малдың азығы – құр қамыста шықпай қалады екен. Ауылды жұмыссыздық жайлап күн көрісіміз тарыла бастады. Осы кезде жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы болып қызмет атқарған Мақсұт аға азаматтық танытып ауданға бөлінген жұмыссыздықтардың бар қаржысын Қалжан ахун ауылына бұрды. Әлі есімде жұмыссыздыққа тіркелген жүздеген кісі ауыл көшесіне сыймай кететін. Амал жоқ ол да қиындықтан шығудың бір жолы еді. Ол науқанға қатысқан кісілердің көзі тірі. Уақытша қоғамдық жұмыс болса да жағдайы қиын отбасыларына бұл үлкен көмек болды. Махаң қай қызметте істесе де қарапайымдылығының арқасында қасына жақсы адамдарды жинай білді. Оның жақын достары спортшы Шәкір аға, өнер майталманы Тимур ағалармен бірге жұптары жазылмай ауданның қызу өмірінің ортасында көретінбіз, – дейді өз естелігінде еңбек ардагері Марат Омаров.
Әрине, азаматтың елі үшін қызметте адал болуы оның жан-жарына байланысты. Үнемі түзде ел қамымен жүретін азаматқа сүйеу болу адал жардың қолынан ғана келеді. Мақсұт Тәңірбергенұлымен 40 жыл отасып, ұл-қызын дүниеге әкеліп, өзі де мұғалімдік қызметінен қалмай шәкірт тәрбиелеген Рая Дастанқызының естелігі кімді де болса сүйсіндіреді. Енді отбасылық өмірі жайлы сыр шеткен, өткен күндерді ой елегінен өткізген Рая апайдың естелігіне зер салсақ.
– Мәкеңмен 1978 жылы отасып, ата-енемнің шаңырағына тұңғыш келін болып түстім. Үлкен әулеттің келіні болып, ерімнің соңынан ерген бауырларына қамқор болу, үлгі болу бақыты бұйырды. Дүниеге бірінен соң бірі келген ұл-қыздарымыздың тәрбиесіне еш алаңдамай қызметін жасауына барымды салдым. Балалардың мектепке баруы, олардың мектептегі ата-аналар жиналысы, мектеп бітіруі секілді отбасылық мәселелерге еш алаңдатпай, үлгіртуді өз міндетіме алдым. Әкелерінің жолымен екі баламыз Ерлан мен Гүлнұр экономист болды. Жанна мен Мөлдір мұғалімдікті таңдады. Еркебұлан дәрігер болуды армандап, қазір ел алғысына бөленіп жүрген ақ халатты абзал жан. Шүкір, барлық бала өмірден өз орнын тапты. Мәкең көзі тірісінде балалардың қызығын көріп, немерелер сүйді. Әкенің тағылымымен ұрпақтары тура жолмен жүрсе, анаға одан асқан бақыттың керегі жоқ. Ата-баба әруағына құран бағыштап, марқұмдарды еске алу парызымыз. Жақында Мәкеңнің дүниеден өткеніне 5 жыл болғанына туған-туыс, ағайын, жора-жолдастың басын қостық. Барлығы отбасымызға тілеулес болып, азаматымыздың атына жақсы сөздерін айтты. Ендігі жерде осы көрінген бала-шағаның ортасында аман-есен отырсақ болды, – дейді ақ жаулықты ана.
Қызметте іскер, жаупкершілік пен бірсөзділікті жоғары бағалайтын азамат Мақсұт Тәңірбергенұлын жаны жайсаң, жүрегі кең деседі білетіндер. Аңқылдаған атымтай жомарт, кісінің көңілін қалдырмайтын, жәрдем сұрап келгенге қол созатын, «болмайды» немесе «жоқ» деген сөзді айтпайтын азамат жайындағы жақсы естеліктер өте көп. Соның бірі байырғы әріптесі Асқар Тоқмағамбетов ауылдық округінің әкімі Ғабдолла Алданазаров та аға туралы жылы лебізін білдіргенді жөн көрді.
– Махаңның жомарттығына, қолы ашықтығына сөз жоқ. Біртуар азамат еді. Ешкімге жамандық ойламайды. 5-6 жыл бір қызметте жүрдік. Ол кісінің жасы бәрімізден үлкен болды. Ауылдағы мәселенің шешімін сұрап Махаңнан кеңес сұрайтынбыз. Ол кісі өте білімді, мықты қаржыгер еді. Сауатты, әрі, тәжірибесі мол болатын. Қаржының мақсатты жұмсалуын қатты қадағалайтын. Апайдың да талай жақсылығын көрдік. Ол кісі мың болғар жан. Ағаның жағдайын жасап, барын алдына тосады. Бала-шағаның да жағдайын жасап, мектептің де жұмысынан қалмайды. Талай үздік шәкірттерді тәрбиелеп шығарғаны бір бөлек, балаларына мықты тәрбие бергені көпке үлгі болатын. Махаң өте жақсы кісі еді. Ондай азаматтың орны қашанда ойсырап тұрады. Елі үшін аянбайтын азаматтың ұрпағы мың жасасын, – дейді.
Әкесі Тәңірбергеннен Әлиәкбар, Махмұт, Шахаркүл, Айгүл, Ізбасқан, Ғани, Ғалым есімді бауырларының үлкені болған Мақсұт ағаға бауырлары арқа сүйеді. Олардың бір-бір үй болып, шаңырағының түтіні түзу шығуына әкедей қамқор болды. Әрқайсысын үйлендірсе, кенже ұлға жаңадан үй салып беруге көмектесті. Мұнан қалды жаны жабырқаған, көңілі құлазыған жанға қол ұшын созу, қайырымдылық жасау Мақсұт Тәңірбергенұлы үшін бұлжымас қағидаға айналғанына ел-жұрт куә. Өз бауырынан тараған ұрпақтары Гүлнұр, Жанна, Мөлдір, Ерлан, Еркебұлан да әрқайсысы жоғары білімді азаматтар, әр салада қызмет етеді. Мекеме басқарып, елдің сеніміне ие болып жүрген ұрпақтар әкелерін мақтан етеді. «Адам ұрпағымен мың жасайды» демекші ұлағатты ұрпағы барда, ел-халық барда Мақсұт Нұртазаевтің есімі ешқашан ұмытылмайды.
Бибісара Жанәлі