Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕЛІНЕ ЕҢБЕГІ СІҢГЕН ЕР

ЕЛІНЕ ЕҢБЕГІ СІҢГЕН ЕР


Өңірдің өркендеуіне өз үлесін қосып, саналы ғұмырында аянбай еңбек еткен ардақты азаматтардың есімі ешқашан ұмытылмайды. Өз ісінің білгірі атанған қайраткерлердің атқарған қызметі мен ел дамуына қосқан үлесі ұрпаққа үлгі-өнеге болып қала береді. Саналы ғұмырында су шаруашылығы саласының білікті де білімді маманы атанып, туған жердің сүйікті перзенті ретінде көпшілік алғысына бөленген – Елтай Байназарұлы Тыныштықбаев сондай ардақты азаматтардың бірі еді.

Біздің жалынды жастық шағымыз еңбекпен тығыз байланысты. Соғыстан кейін тоз-тозы шыққан ауылдың еңсесін тіктеу жолында ертелі-кеш тер төктік. Бірақ, білім алудан, жақсы азаматтардан жұмыстың қыр-сырын үйренуден қол үзген жоқпыз. Ал, Елтай Байназарұлы екеуміздің таныстығымыз сонау 1956 жылы басталды. Біз қала орталығындағы Қызылорда гидромелиоративтік техникумында бірге білім алдық. Ол Отан алдындағы әскери парызын өтеп келгеннен кейін оқуын жалғастырды. Оқуда озат, қоғамдық жұмыста белсенді болған ол білімді, парасатты азамат ретінде көпшіліктің көзіне түсіп, әркез жаңалыққа жаны құмар болып, ізденіп жүретін. Сол белсенділігінің арқасында техникум жанынан құрылған комсомол комитетінің хатшысы болды. Студенттердің арман-мақсаттарын бір арнаға тоғыстырып, жалынды жастарды жақсы іске жұмылдырып, бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында көп еңбек етті. Елтай Тыныштықбаевтың бойындағы игі қасиеттердің бірі – ешқашан шаршадым дегенді білмейтін. Ұстаздарымыз да Елтайды бізге үлгі, өнеге етіп отыратын.
Е.Тыныштықбаев техникумды менен бір жыл бұрын, яғни 1957 жылы тәмамдады. Кейіннен жолдамамен «Казгипроводэлектро» экспедициясының қызметкері ретінде еңбек жолын бастады. Тапсырылған жұмысқа тиянақтылық танытып, басшылық тарапынан қабылданған бұйрықтарды сапалы орындауының негізінде қызметі жоғарылады. Тереңөзек аудандық су шаруашылығы мекемесін басқарды. Міне, мен сол мекемеде 1958 жылдан бастап 1962 жылға дейін еңбек еттім. Ол кісі басшы, мен учаскелік гидротехник болдым.
Бірге қызметтес болған бірнеше жылдың ішінде Елтай Байназарұлынан көп нәрсені үйрендім десем артық айтқандық емес. Ол уақытпен жүретін, нақты жоспар құрып, оның сапалы орындалуын қатаң қадағалайтын азамат еді. Киім кигені, сөйлегені, жүрісі, өзің ұстауы бізге үлгі болды. Әркез ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар беретін. Басшылық қызмет атқарса да қарапайым болатын.
Ауылшаруашылығы саласының өркендеуіне үлес қосқан ел азаматтарының бірі Қозтай Әбуов 1963 жылы мені Шаған ауылына жұмысқа шақырды. Жерді тегістеу жұмыстары басталған кезеңде мен аталған ауылда гидротехник болып еңбек еттім. Ол кезде Елтай Тыныштықбаев облыстық су шаруашылығы басқармасында қызметте еді. Жаңа жерді игерудің қиындығын сол салада еңбек еткен адам ғана біледі. Техника жоқтың қасы. Істің көзін білетін мамандар да тапшы. Сол кездері өз ісінің білгірі Е.Байназарұлының ақыл-кеңесіне көп жүгінетінбіз. Ол кісі керекті техникаларды бөліп, жаңа жерді игерудің біз білмейтін тың тәжірибелерімен бөлісетін. Өндірістік жоспар құрудың тиімділігін түсіндіріп, жұмыс жүйемізді өзгерту керектігін айтатын. Жанашыр азаматтың ақыл-кеңесін басшылыққа алып, біз аз ғана уақыттың ішінде міндетті жоспарларды артығымен орындадық. Осы ретте, өзі су шаруашылығы саласының маманы болса да, жерді игеру жұмыстарын да меңгерген білімді азаматқа қалай тәнті болмайсың?! Асылында, халқымыздың «сегіз қырлы, бір сырлы» деген теңеуі қай қырынан алса да үлгі етуге тұрарлық Елтай Тыныштықбаев секілді азаматтарға қарата айтылғандай.
Бүгінде бізбен бірге қызметтес болған азаматтардың басым бөлігі өмірден өтті. Бірақ, артында өшпес із қалды. Оларды өскелең ұрпақ ешқашан ұмытпауы тиіс. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған міндеттердің бірі – туған елді түлетуге үлес қосқан азаматтарды дәріптеу екені белгілі. Сол себепті, Елтай Тыныштықбаевтай абзал азаматтың жүріп өткен жолын, атқарған қызметтерін, өңірдің дамуына қосқан үлесін әркез насихаттап отыруымыз керек. Түптеп келгенде, бұл аға буынға деген құрметтің жарқын көрінісі екені анық.

Қайып ӘБДІБЕКҰЛЫ,
еңбек ардагері, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы
14 желтоқсан 2017 ж. 3 073 0