Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕСІМІ ЕЛГЕ ЕЛЕУЛІ

ЕСІМІ ЕЛГЕ ЕЛЕУЛІ


Сырдариялық Бодан Есеновтің есімі жергілікті тұрғындарға етене таныс. Ол ауыртпашылығы мол қиын кезеңде, яғни 1927 жылы өмірге келіп, саналы ғұмырын ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына арнаған азамат. Ұзақ жылдар аудандық пошта мекемесін басқарған білікті басшы соғыс жылдарында тылдағы жауапты жұмыстарды абыроймен атқарып, ел алғысына кенелген. Соған сәйкес, аудандық газеттің бүгінгі нөмерінде қызметте де, өмірде де ұрпаққа үлгі болған ардақты азамат жөнінде мақала жазуды жөн санадық.
Б.Есеновтің балалық шағы Тереңөзек топырағында өткен. Жастайынан еңбекке араласып, сол кезеңнің қиын сәттерін жұрт қатарлы басынан өткерген ол 1934 жылы мектеп табалдырығын аттап, білім алған. Көзкөргендердің айтуынша, Бодан Әмзеұлы қаршадайынан ізденімпаз, белсенді, ісі ширақ азамат болыпты. Бойындағы осынау игі қасиеттердің негізінде кейіпкеріміз қоғам мүшелері арасында жақсы қырынан танылған. Алайда, екінші дүниежүзілік соғыстың басталуы, отбасылық қиын жағдай, тұрмыс тауқыметі оның толыққанды білім алуына кері әсерін тигізіпті. Нақтырақ айтқанда, әкесі Әмзе қазақ халқының тарихында нәубетті кезең ретінде жазылған 1937 жылдардағы қуғын-сүргін уақытында Жаңақорған ауданында сот қызметін атқарып жүрген жерінен жазықсыздан сотталып кеткен. Б.Есеновтің 7-сыныпты бітіре сала, ауыр жұмысқа ерте жегілуінің бірден-бір себебі де осы қиын жағдайға тікелей байланыс­ты.
– Әкеміздің өмірдерегіне көз салсақ, небәрі 15 жасында темір жол саласында жұмыс атқарғанын аңғаруға болады. Сол кезеңдегі қиындықтарды, жастардың білім алуына жасалған көптеген тосқауылдарды осыдан-ақ білуге болады емес пе?! Жалпы, әкеміздің еңбекке ерте араласуы біз-дің азамат болып қалыптасуымызға көп септігін тигізді. Ол кісі талапшыл, ұқыпты, уақытпен жүретін еді. Бәріміздің жоғары білім алуымызға, мамандық меңгеруімізге жағдай жасады. Қазіргі таңда ұрпақтары республиканың түкпір-түкпірінде жұмыс жасауда,- дейді кейіпкеріміздің ұлы Айбек Есенов бізбен әңгімесінде.
Иә, Бодан Есеновтің таза, тиянақты, әрбір іске аса ыждағаттылықпен қарайтын болмыс-бітімін көпшілік әлі күнге айтады. Бұл ол кісінің бойындағы игі қасиеттердің өміршеңдігін білдірсе керек-ті. Мәселен, ұзақ жылдар ол кісімен көрші болып, ағайындай араласып кеткен ауданға белгілі азамат Ғафур Үдербаев өз ойын былайша баяндады.
– Біз, Бодан ағаймен бір көшеде тұрдық. Ол кісі көшеміздің беткеұстары, үлкені, сыйлысы еді. Еңбеккеш, өте талапшыл болатын. Балалары да тәртіпті, тәрбиелі болып өсті. Жалпы, ол кісінің отбасын біз үлгі тұтатынбыз. Сонымен бірге, біздің көшеде Қажыман Асанов, Ақтас Балғазиев, Ізхан Досмағанбетов секілді азаматтар тұрды. Бәріміздің бірлігіміз бекем болды. Кез келген істе, бастамада ұйымдасып, азаматтық танытатынбыз. Сол үрдісіміз ағайындай араласып кетуімізге жол ашты,- дейді Ғафур Зұлхарұлы байырғы көршілері туралы.
Мақала жазу барысында үлкен-кішіге сыйлы болып, өмірін өнегемен өрнектеген кейіпкеріміз жөнінде қоғам мүшелері оң көзқараста екенін аңғардық. Мұның сыры адал еңбекте, ел үшін төккен маңдай терде, қалтқысыз қызметте жатыр десек артық айтқандық емес. Енді Бодан Есеновтің ел игілігі жолында атқарған қызметтеріне тоқталсақ. Еңбек жолы 15 жасында басталған азамат 1944 жылы Алматы қаласында тағылымдамадан өтіпті. Кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында іссапарға жіберілген жас маман сол сапарда-ақ өз білімділігін дәлелдеген. Тапсырылған жұмысты уақытылы, сапалы орындап, шеберлігін көрсеткен маман кейіннен, яғни 1947-1953 жылдары аудандық байланыс торабы саласында түрлі лауазымдарда еңбек еткен. 1953 жылы Семейде, сонан соң Алматы қаласында білімін жетілдірген. Кейіпкеріміздің бір ерекшелігі, ол қызмет ете жүріп білім алу мен ізденуден қол үзбеген. Оған дәлел ретінде 1962 жылы Алматы байланыс электр-техникалық техникумының сырттай бөлімін бітіргенін айтсақ болады. Аталған білім ордасында «Пошта бөлімі» факультетінде оқыған ол арнайы жолдамамен Шиелі аудандық байланыс торабына жіберілген. Үлкен аудандағы байланыс саласының тізгінін ұстап, басшылық қызмет атқарған. Ә дегеннен-ақ, біліктілігін танытып, ұйымдастырушылық қарым-қабілетінің арқасында нәтижелі жұмыстарды атқарған. Облыс көлемінде кәсіби шеберлігімен көзге түскен маманды басшылық 1963 жылдың маусым айында Жалағаш аудандық пошта байланыс торабының басшысы етіп тағайындапты. Бұл Б.Есеновтің білікті басшы, іскер ұйымдастырушы, өз мамандығының майталманы болғанын білдіреді. Жалағаш ауданында да жемісті жұмыс жасаған азамат 1964 жылдың шілде айында Тереңөзекке жұмысын ауыстырған. Аудандық пошта байланысы торабының басшысы болған ол осы қызметте 1988 жылға дейін жемісті еңбек етіп, құрметті зейнет демалысына шыққан. Қызмет барысында бірнеше мәрте ел сеніміне ие болып, аудандық кеңестің депутаты болған. Партия қатарында да жоспарлы жұмыстардың нәтижелі орындалуына лайықты үлес қосқан. Шәкірт, ізбасар тәрбиелеп, жастардың білім алуына, кәсіби тұрғыда жетілуіне септігін тигізген. Ол басшылық қызмет атқарған уақытта пошта мекемесінде жұмыс жасап, Б.Есеновтің тәрбиесін, тәлімін көрген азаматтардың бірі сырдариялық Нұрлан Оразбеков. Есімі елге елеулі, абыройлы азаматты Нұрекең де өзіне ұстаз тұтады.
– Ағай туралы көп естелік айтуға болады. Байланыс саласын өрге сүйреген білікті де білімді басшы болды. Кез келген істе нақты шешім қабылдап, халықтың сұранысын, ұсыныс-пікірлерін ескеріп отыратын. Міндетті жұмыстардың іркіліссіз іске асуын басты назарда ұстайтын. Жалпы, мен өзімді ағайдың төл шәкірті деп санаймын және мақтаныш етемін. Ол кісіден кейін аудандық пошта байланысы торабын басқардым. Қызмет барысында ағаймен ақылдасып, кеңесіп отыратын едім. Қай қырынан алсақ та үлгілі азамат болды,- дейді Нұрлан Алпысбайұлы.
Қызметте абырой тұғырынан көрінген Б.Есенов мемлекет тарапынан бірнеше медальдармен наградталған. Ол СССР Жоғары кеңесінің шешімімен Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерен еңбегі үшін «Тыл ардагері» атағын алған. 1976 жылы бүкілодақтық жарыста жеңімпаз атанып, арнайы медальмен марапатталған. Сонымен бірге, 1988 жылдың 18 мамырында Бодан Әмзеұлына халық депутаттарының шешімімен «Еңбек ардагері» төсбелгісі беріліпті. В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуына орай да мерекелік медаль алған. Біз марапаттардың негізгілеріне ғана тоқталдық. Өйткені, ол кісінің қызметтегі жетістігін халық жақсы біледі. Сондықтан да ел алғысын арқалаған азаматтың есімі ешқашан ұмытылмайды.
Б.Есенов қызметте үлгілі басшы болумен қатар, отбасында адал жар, ардақты әке болған. Өмірлік жары Күлшә Есенова-мен бірге ұл-қыз тәрбиелеп, барлығын бағып, қағып өсірген. Бүгінде ұрпақтардың барлығы ел дамуының әралуан саласында жұмыс атқаруда. Әке ізін жалғап, байланыс саласында еңбек етіп жүргендері де бар. Бәрі өмірден өз орындарын тапқан. Бірі құқық қорғау саласында қызмет етсе, енді бірі мұғалім, дәрігер, инженер секілді мәртебелі мамандықтардың майталманы. Тіпті, немересі Әлімжан Есенов көп адамның білімі мен білігі жете бермейтін қиын да күрделі ғарыш саласының қыр-сырын меңгеріп, «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясында жауапты жұмыс жасап жүр. Осы ретте, балаларға тәлім-тәрбие берген алтын құрсақты ана Күлшә әжей туралы айтпай өту мүмкін емес. Үлкен әулеттің берекесін кіргізіп, ырысын молайтқан ақ жаулықты ана 2000 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың мерекелік қабылдауында болған. «Батыр ана» атағын алған қадірлі жанды бүгінде сырдариялықтар ақжарқын, кеңпейілді, мейірімді ана ретінде еске алады. Солардың бірі – ақын, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Мұхтар Сақтапов.
– Тереңөзек топырағы ғұмыры ғибратқа толы жандарға кенде емес. Өмірі өнегелі азаматтар мен азаматшалар ауданда көп. Есімі елге елеулі Бодан ағай ұзақ жылдар, яғни 25 жылға жуық аудандық пош­та мекемесін абыроймен басқарды. Кез келген адаммен тез тіл табысатын қасиеті Бодан ағайды өзгелерден ерекшелеп тұратын. Ол кісі Исатай Әбдікәрімов, Қонысбек Қазантаев, Елеу Көшербаев, Бодаш Уәлиев, Мақсұт Әбдіразақов секілді Сыр өңіріне белгілі азаматтармен жақсы араласты. Ұжым жұмысын өрге сүйреп, республика бойынша бірнеше мәрте үздік мекеме ретінде танылды. Қазақ ССР Байланыс министрі болған Сәбит Байжанов, Қазақ КCP Байланыс министрі болған Әбдіразақ Елібаевтар ауданымызда болып, аудандық пошта байланысы торабының жұмысын жоғары бағалады. Бұл еңбектің еленгені, маңдай тердің өтелгені еді. Бір сөзбен айтқанда, Б.Есеновтің өмір жолы ұрпаққа үлгі,- дейді ардагер.
Қай қырынан алсақ та қадірлі, абыройлы азамат болған Б.Есеновтің саналы ғұмыры ел дамуымен тығыз байланыс­ты. Бірнеше ауданның байланыс торабы саласын абыроймен басқарған білікті басшының жүріп өткен жолы кейінгі буынға үлгі-өнеге десек жарасады. Осыдан 20 жыл бұрын өмірден өткен ардагер тірі болғанда биыл 90 жасқа толар еді. Бірақ, ардақты азаматтың өзі өмірден өтсе де артында өшпес із қалды.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
журналист
05 желтоқсан 2017 ж. 2 348 2

Гость JeaOrer от 17 ақпан 2019 16:39
Viagra Del Canada Cheap Brand Viagra Online generic cialis overnight delivery Iressa Viagra 100 Mg Tabletas Cialis 4 Comprimes

Гость JeaOrer от 8 наурыз 2019 08:13
Viagra Internet Kaufen Reposo Propecia Levitra Overnight Delivery viagra Propecia Temple Hair Loss Tab Progesterone Overseas Cialis 5 Mg Comprar