Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » 20 отбасыға көмек көрсетті

20 отбасыға көмек көрсетті

Қайырымдылық – қайырлы іс. Ал қайырлы іспен тек жаны жомарт, көңілі таза адамдар айналысады. Олар қолда барын өзгеге бөліп беруге, мұқтажға көмектесуге дайын тұрады. Сондай жаны жайсаң азаматтардың бірі де бірегейі Бағлан Мырхиев болатын. Ол саналы ғұмырында тереңөзектік жерлестеріне қолдан келген көмегін аямаған абзал азамат еді. Әркез жақсы істердің басы-қасынан табылатын.

Кейде жақсы азаматтар өмірден ерте өтіп жатады. Ондайда ағайын-туыс қана емес жұртшылық, қарайым тілмен айтқанда қай­мана көпшілік қайғы жұтады. Міне, биылғы жылдың наурыз айында кенеттен келген көлік апатынан ажал тырнағына іліккен Бағлан Бағдат­ұлы келместің кемесіне мінгенде оның көме­гін, қолдауын, қамқор­лығын сезінген көпшілік мұң жамылған еді. Амал нешік, тағдырдың жазғаны болар. Бірақ, оның артында өшпес іс, өнегелі із қалды. Сол өнегелі істі абзал азаматтың бауырлары жалғастырып, өткен аптада Тереңөзек кентіндегі 20 отбасыға әлеуметтік көмек көрсетті. Атап айтқанда, күріш, ұн таратылды. Бұл мұқтаж отбасыларға зор қолдау болғаны сөзсіз.

– Ағамыз Бағлан «қоғамға пайдамды тигізсем, елдің қажетіне жарасам» деген азамат еді. Өзі де әркез қайырымдылық шараларын ұйымдастырып жүретін. Мектеп қабырғасында да жақсы оқыды. Республикалық пән олимпиадасының жеңімпазы атанып, ата-ана үмітін, ұстаздар сенімін ақтағаны біз үшін мақтаныш болды. Бауырымыз осыдан алты ай бұрын бақилық сапарға аттанды. Көзі тірісінде «үйлерді аралап күріш пен ұн таратсам» деп армандайтынын білетінбіз. Сол арманын орындайық деп, отбасымыздың атынан тереңөзектік бір­неше отбасыға әлеуметтік көмек көрсеттік, – дейді Бағланның інісі Нұрслан Бағдатұлы.

Иә, жақсы адамның жақсы істері жалғасын тапса, одан асқан игілік жоқ. Осы ретте Бағланның ізгілікті ісін жалғастырар бауырларының бары оның сауапты істері­нің сарқылмайтынын білдірсе керек. «Әу­елгі амал – садақа» деп бабаларымыз айтқандай, қолда бар көмегін көпшілікке үлестірген Мырхиевтер әулетінің бұл қайырымдылық көмегі мұсылмандықтың, жанашырлықтың белгісі. Сондықтан көмек­ті сезінген 20 отбасының атынан Бағлан Бағдатұлының бауырларына алғыс айта отырып, жақсы істі ту еткен өнегелі отбасыға жақсылықтар тілейміз.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ


22 қыркүйек 2020 ж. 498 0