Тазалыққа тұрғындар да жауапты
«Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Туған елге, жерге деген сүйіспеншілік адамды ойлаған мақсатына жетелейді. Перзент болып дүние дидарын ашқан адам үшін туған елі, кіндік қаны тамған жері әрқашан ыстық болады. Сондықтан топырағына аунап, суын ішкен туған ауылыңның көркі әрбір тұрғынға қымбат екені сөзсіз.
Күн сайын көркейіп, гүлденіп келе жатқан туған елдің ажарына көз тоймайды. Түн мезгілінде самаладай жарқыраған көшенің бойында келе жатып, таза ауасымен тыныстағанда көңіліңе қуаныш ұялайды. Ал көше тазалығы арагідік сын көтермей жатады. Тұрғындардың көше тазалығына немқұрайлы қарауы, беймезгіл уақыттта малдың көшеде жүруі жасыл желектің өсуіне кері әсерін тигізуде. Жыл сайын ауыл, кент орталығына отырғызылатын көшеттер мен гүлзарлар бей-берекет жүрген малдың азығына айналып жатқаны жасырын емес. Бұл – ерте көктемнен гүл егіп, күтімін жасаған жұмысшылардың еңбегі зая кетті деген сөз.
– Кент – ортақ үйіміз. Кент тазалығы туралы сөз қозғағанда маусымдық сенбіліктер ойға оралады. Бұрын көктем-күз айларында сенбіліктер ұйымдастырылса, қазір жиі-жиі санитарлық тазалық жұмыстары ұйымдастырылуда. Әрине, ауа райының қолайсыз жағдайында ғана тазалық жұмыстары аз уақытқа ғана тоқтайды. Десек те тұрғындар арасында өз ауласын, көше жақ бетті таза ұстамайтындар жеткілікті. Ағаштардан түскен жапырақтар арықтарға толды. Жаңбырдың суымен былғанып қоқысқа айналуда. Көзге тұрпайы көрінетін көріністің болмауы үшін апта сайын арық-атыздар тазаланып, қоқыстар мезгілімен шығарылуда. Бұл үшін арнайы техника да бар, – дейді жауапты маман Р.Рахымбаева.
Соңғы жылдары кент аумағы кеңейіп жаңа көшелердің ашылғанын ел-жұрт жақсы біледі. Жаңадан тұрғын үйлер салынып, жаңа ықшам ауданның пайда болуы халықтың да тұрмысының жақсаруымен тікелей байланысты. Әл-ауқаттың, өмір сүру сапасының артуы халықтың жағдайының біршама жақсарғандығын көрсетсе керек. Дегенмен сол көшелерге ауданның өсіп-өркендеуіне еңбегі сіңген тұлғалардың есімі беріліп, оған атсалысқан ұрпақтары көшелердің бүгінгі келбетін назардан тыс қалдырып отырғаны өкінішті. Көше тұрғындарымен қатар есімі берілген азаматтың ұрпақтары да ең алдымен көше тазалығына, оның көркейіп-көгалдануына атсалысса деген оймен көпшілік келіседі деген сенімдеміз.
– Ұлы Отан соғысының ардагері, ұлағатты ұстаз болған атамыз Қасымхан Ысмайловтың атына көше берілгенде шын мәнінде қуандық. Қазір жаңа көшенің бойында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүруде. Болашақта сол көшеде тұратын тұрғындар атамыздың есімін біліп, айтып жүретін болады. Ұрпақтары үшін мұнан артық қуаныш болмас. Ал көше тазалығына келер болсақ, көктем, күз айларында өз отбасымызды, ағайы-туысты жұмылдырып сенбілік ұйымдастыратын боламыз. Жас шыбықтар мен қаламшалар отырғызып, көшенің көгалдануына бірдей атасалысамыз. Мұндай игі іс баршамызға жауапкершілік жүктейді, – дейді ардақты ұстаздың немересі Ж.Қасымханов.
Иә, ұрпақтарына аманат болған, жаңа көшелерге есімдері берілген азаматтардың аты мәңгі өшпес үшін осындай жақсы істің жанынан табылу – мәдениеттіліктің, көрегенділіктің белгісі. Сондықтан көше тұрғындарымен қатар ұрпақтары да көшенің тазалығы мен көгалдануына атсалысса кент ажары көріктене түспек.
Б.ТАҢАТАРҚЫЗЫ