Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Той десе, қу бас домалайды

Той десе, қу бас домалайды

Қазақ халқы «Жиған-тергенің тойға шашылсын» дейді. «Той – халықтың қазынасы» дегені және бар. Әрине, той­ды кім қалай жасаймын десе де өз еркі. Дегенмен, «Ат­тыға еріп, жаяудың таңы айрылыпты» дегендей, «анадан­ қалмаймын, мынадан қалмаймын, менің ұлым немесе қы­зым кімнен кем?» деген ата-ана жалған намыстың же­тегінде жүріп, шабылып, шашылып, толып жатқан банк­терден несие алып, той жасап жатады. Бірақ, одан кейінгі салдары қазір көпті қажытып жүргені жасырын емес.

Жалпы қазақ халқында той­дың түрі көп. «Шыр» етіп дүниеге нә­ресте келгеннен басталатын той сол балаңыз ер жетіп, үйленгенше жал­ғаса береді. Оның сыртында мерейтойлар бар. 40, 50, 60, 70, 80, 90 деп кете береді. Тойға кететін шы­ғынды саусақпен санай бастасақ есеп жоқ. Құда-жекжатқа беретін китің, қа­лың мал, кешірім дегендерден бө­лек жастардың тойға дейінгі бас қо­суы, тойдан кейін баратын кафе, кор­теж секілді жолдан қосылған «салт-дәс­түрден» басың айналады.

Қазіргідей жағдайда өзекті болып тұрған мәселелердің бірі қазақ тойындағы ысырапшылдық, бәсеке­лес­тік – бүгінгі тақырыбымыздың өзе­гі. Қайта-қайта айта бергеннен тойдың болмауын тілеп, қыз­ған­ған­дығымыз емес. Әрине, күнде­лікті өміріміз өкініш емес, қуа­нышқа толы той болсын дейміз. Тойшыл халық екеніміз анық. Алайда, ұлттық құн­дылықтарымызды дәріптейтін той­дың алыстап, батыс-шығыстан көрге­німізді жасап, ысырапшылдыққа салынатын «шоу» тойдың белең алып бара жатқаны қынжылтады. Той үс­тін­дегі бейәдеп қылықтар, қазақы сән-сал­танатынан гөрі өзгеден енген жөн-жоралғылардың көбеюі қуаныш емес қызғаныш, мақтаныш болып барады.

Бүгінгі той бәсекелестік екені анық. Өмірге сәби келсе, ол ер жетіп мек­тепке барса, оны бітірсе, отбасын құрса және тағы басқа да қуанышты қарызданып-қауғаланып дүр­кіретіп атап өту сәнге айналып бара­ды. Өйт­песке амал жоқ. Себебі, оның қа­тары «несиеге» сеніп, бар қуа­ны­шын бөлісуде. Бұл осы күні бір мис­сияға айналғандай.

Шынында, қазіргі той – толып жат­қан миссия. Мұнда әркімнің бір-бір миссиясы бар. Ер жеткен ұл бір басын екеу етіп, шаңырақ көтеруге ниет қылады. Оның салмағы алдымен ата-анаға түсетіні белгілі. Бұл тойды ешкімнен кем етпей жасап беру – ата-ананың миссиясы. Әрине, әке-шешеге түсетін ауыртпалық түсінікті. Десе де шама-шарқыңа қарап, «біреуден асып түсем» деп емес, «баланың бақыты үшін» деп той жасаған жөн секілді. Мұнан соң ағайынның миссиясы басталады. «Бар қылатын да, жоқ қылатын да ағайын» десек, бүгінгі ағайын-туыс қуанышты бөлісіп, қызмет етемін деп емес, бір көрініп, керегімді алып кетемін деп келуді әдетке айналдырған. «Бір то­йым болса маған да келер» деген есеппен жү­ретін болды.
Бұрындары жұртшылықты жинап үйде думандатқан халық енді зәулім мейрамханаларда тойды жарыса жасап, шоуға айналдырды. Мұндағы миссия тым бөлек. Толып жатқан түсініксіз жөн-жоралғылар. Бұл той бұрынғы тойдан ерекше болу үшін, жұртпен бәсекелесу, түкке тұрғысыз нәрсеге шығындалу, шашылу. Бірде бір тойға барып, екі жасты өзіміз кірген есіктен күтіп тұрсақ, олар мей­рамханаға көлікпен кіріп келді. Сөйтсем, бұл үйлену тойындағы жа­ңа «үрдіс» екен. Мұнан бөлек жыр болған торт кесу, қалыңдықтың теріс қарап гүл лақтыруы секілді салтанаттар тойдың «дәстүрі». Осылар жасалмаса, көпшіліктің сөзіне қаласыз, тойдың қызық өтпегені. Сондай-ақ, бүгінде отау құрып жатқан екі жастың той үстінде флеш-моб билеуі тіптен ерсі қылық. Қазақтың ибалы келіндері әрқашан инабаттылықты, әдептілікті сақтап, үлкендердің алдында әдепсіз қылықтарға жол бермеген. Ал қазір келін боп түспей жатып той үстінде шөлжеңдеп билеп жүреді. Мұның өзі тойдағы қазақы сән-салтанатымыздың жоғалып бара жатқанын көрсетеді.

«Өзбектің тойы би жарыс, қазақ­тың тойы құй да іш» дегенді естігенім бар еді. Расында, осы күнгі тойларымыз алдымен «құй да іш», артынан би жарыс болуда. Би жарыс бол­ғанда қандай десеңізші? Ақыл айтады деген ағаларымыз сылқия то­йып алып, жастарға қырын көрсетеді. Ал қылықты деген қыздарымыз жаға ұстатарлық жағдайларға баруда. Тойда тыр жалаңаш шешініп билеуді әуеске айналдырып барады. Сондай кезде оған «әй» дейтін әже, «қой» деп айтатын қожаның болмауы немесе той төрінде отырған жандардың оларды желкесінен ұстап сүйреп шы­ғармауы ұят екені анық. Қырық үйден тыйым жасалатын қыздарға той ке­зінде тоқтау болмай тұр. Сондықтан бұған бей-жай қарауға болмайды.

Енді осы той хақында пікірлерге назар аударсақ.

Б.Мешітбаев, еңбек ардагері:

– «Той десе, қу бас домалайды» дейтін халықпыз. Думаншыл, тойшыл, той десе барымызды шашамыз. Бірақ қазіргі тойдың түрі жаман. Тұрған бәсеке. Несие алып жасаған тойдың ақыры жақсы болмайды. Отбасының шырқы бұзылады. Қаншама адамның жүйкесі жұқарады. Оның бер жағында ысырап деген бар. Қоқысқа төгілген нанда есеп жоқ. Осының бәрі не үшін? Үлкендердің батасын алып, ас та төк той жасамай-ақ үй болдық. Өстік, өндік. Осыны жастар түсінуі керек. Қазіргі уақыт құр даурықпаны, мақтаншылықты көтермейді. Жа­һанды жайлаған дағдарыс салқыны бізге де келді. Сондықтан әрбір зат үнеммен жұмсалып, жастар білімге ұмтылып, еңбек етуі керек. Бір сәттік даңғаза ешкімге опа бермейді. Оның салдары ұзақ уақыт бойы берекемізді кетіріп, бас ауруға айналатынын ұмыт­пауымыз керек.

А.Нұртаева, ардагер-ұстаз:

– Бізде бір-бірімізден қалмай «не­сие» деген қамытты киіп алып, түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден қал­ғандар жетерлік. Адамдар Алладан емес, айналасындағы ағайын-туыс­тан, жора-жолдастан ұялатын заман болды. Келін алатын болса да, қыз ұзататын болса да жатқан бір шапқыншылық. «Ұят» деп қойып ша­уып жүрміз. Кімнен ұят? Берген китті місе тұтпай ренжісу, одан қалды дастархандағы талан-тараж. Той біткенде шай ішерге сынық кәм­пит таба алмай қалатын сәттер ше? Несие алып, үлкен тойханаға той іс­темесе, «шаруа» бітті дей бер. Соған қарағанда көбіміз таусылмас даудан қашып-ақ жасаймыз-ау. Бай, дәулетті кісілерді қайдам?! Баяғыда деймін-ау, үйлендік. Құрдастар «той қашан?» деп қояды. Бізде үн жоқ. Енем айтты: «қызанақ арзандасын» деп. Ол кез­де қызанақтың келісі 7 тиын болып кетіпті. Сонымен сол қызанақ ар­зан­дамады-ау деймін. Жастар то­йы жасалмады. «Жарайды» дедік біз де. Ешкіммен салғыласпадық, еш­­­кім­ге өкпелемедік. Менің төркін жа­­ғым­да да үн жоқ. «Той жасамады, қайтып кел» деп ешкім айтпады. Қазір Құдайға шүкір! Тастай бат­тық, судай сіңдік! Ұл өсірдік, қыз өсірдік. Қазір немере сүйіп, берекелі шаңы­рағымызда сүйікті әже атанып отыр­мын. Демек адамның бақыты, ша­ңырақтың шаттығы той жасаған-жасамағанға қарамайды деп ойлай­мын. Ал ысырапшылыққа келер бол­сақ, оның соңында обал деген тұр. Обал-сауапты жадымыздан шығар­майық.

Қазір қымбатшылық кезең. Сол себепті де той жасағанда «көрпеге қарай көсілген» әркімге тиімді.

Е.БЕРКІНБАЕВ
11 шілде 2023 ж. 239 0