Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ТОЙ БИЗНЕСІ: ЫСЫРАП ПЕН БӘСЕКЕ

ТОЙ БИЗНЕСІ: ЫСЫРАП ПЕН БӘСЕКЕ

Иә, қазақ «Жиған-тергенің тойға шашылсын» дейтін халық. «Той – халықтың қазынасы» дегені және бар. Әрине тойды кім қалай жасаймын десе де өз еркі. Дегенмен «Аттыға еріп, жаяудың таңы айрылыпты» дегендей «анадан қалмаймын, мынадан қалмаймын, менің ұлым немесе қызым кімнен кем?» деген ата-ана жалған намыстың жетегінде жүріп, шабылып, шашылып, толып жатқан банк­терден несие алып, той жасап жатады. Солай бола тұра құда-жекжаттың арасына сына қағылып, бір-біріне деген реніш алғашқы сәттен-ақ басталады. Әрине көпке топырақ шашудан аулақпыз. Жарасымды сыйластықты ту еткендер де аз емес.
Жалпы біздің қазақ халқында тойдың түрі көп. «Шыр» етіп дүниеге нәресте келгеннен басталатын той сол балаңыз ер жетіп, үйленгенше жалғаса береді. Оның сыртында мерейтойлар бар. 40, 50, 60, 70, 80, 90 деп кете береді. Тойға кететін шығынды саусақпен санай бастасақ есеп жоқ. Құда-жекжатқа беретін китің, қалың мал, кешірім дегендерден бөлек жастардың тойға дейінгі бас қосуы, тойдан кейін баратын кафе, кортеж секілді жолдан қосылған «салт-дәстүрден» басың айналады. Енді осы той хақында елдің пікіріне назар аударайық.

Хайролла Әбенов, аудандық ардагерлер кеңе­сінің төрағасы:
– «Той десе, қу бас домалайды» дейтін халықпыз. Думаншыл, тойшыл, той десе барымызды шашамыз. Бірақ қазіргі тойдың түрі жаман. Тұрған бәсеке. Несие алып жасаған тойдың ақыры жақсы болмайды. Отбасының шырқы бұзылады. Қаншама адамның жүйкесі жұқарады. Оның бер жағында ысырап деген бар. Қоқысқа төгілген нанда есеп жоқ. Осының бәрі не үшін? Үлкендердің батасын алып, ас та төк той жасамай-ақ үй болдық. Өстік, өндік. Осыны жастар түсінуі керек. Ысырап жасамау, қолда барды үнемді жұмсау жайлы Елбасының өзі айтқан еді. Демек қазіргі уақыт құр даурықпаны, мақтаншылықты көтермейді. Жаһанды жайлаған дағдарыс салқыны бізге де келді. Сондықтан әрбір зат үнеммен жұмсалып, жас­тар білімге ұмтылып, еңбек етуі керек. Бір сәттік даңғаза ешкімге опа бермейді. Оның салдары ұзақ уақыт бойы берекемізді кетіріп, бас ауруға айналатынын ұмытпауымыз керек.

Алтын Нұртаева, ардагер-ұстаз:
– Бізде бір-бірімізден қалмай «несие» деген қамытты киіп алып, түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден қалғандар жетерлік. Адамдар Алладан емес, айналасындағы ағайын-туыстан, жора-жолдастан ұялатын заман болды. Келін алатын болса да, қыз ұзататын болса да жатқан бір шапқыншылық. «Ұят» деп қойып шауып жүрміз. Кімнен ұят? Берген китті місе тұтпай ренжісу, одан қалды дастархандағы талан-тараж. Той біткенде шай ішерге сынық кәмпит таба алмай қалатын сәттер ше? Несие алып, үлкен тойханаға той істемесе, «шаруа» бітті дей бер. Соған қарағанда көбіміз таусылмас даудан қашып-ақ жасаймыз-ау. Бай, дәулетті кісілерді қайдам?! Баяғыда деймін-ау, үйлендік. Құрдастар «той қашан?» деп қояды. Бізде үн жоқ. Енем айтты: «қызанақ арзандасын» деп. Ол кезде қызанақтың келісі 7 тиын болып кетіпті. Сонымен сол қызанақ арзандамады-ау деймін. Жастар тойы жасалмады. «Жарайды» дедік біз де. Ешкіммен салғыласпадық, ешкімге өкпелемедік. Менің төркін жағымда да үн жоқ. «Той жасамады, қайтып кел» деп ешкім айтпады. Қазір Құдайға шүкір! Тастай баттық, судай сіңдік! Ұл өсірдік, қыз өсірдік. Қазір немере сүйіп, берекелі шаңырағымызда сүйікті әже атанып отырмын. Демек адамның бақыты, шаңырақтың шаттығы той жасаған-жасамағанға қарамайды деп ойлаймын. Ал ысырапшылыққа келер болсақ, оның соңында обал деген тұр. Обал-сауапты жадымыздан шығармайық.

Марал, жас келін:
– Мен күйеуіммен Астана қаласында таныстым. Ол құрылыс компаниясында жұмысшы болып жұмыс істейді екен. Мен сол компанияда аспаз болатынмын. Таныстығымыз махаббатқа ұласты. Ол елге қайтатын болды. Үйде жалғыз қарын­дасы бар, оған қарайтын ешкім жоқ екен.
– Менімен бірге жүресің бе, – деді күйеуім. Мен қуана келістім. Келген соң отбасы жағдайын көзбен көр­ген соң «ешқандай той керек емес» деп шештік. Әрине, кез келген қыз той көйлегін киіп, той төрінде отырғанды қалайды. Бірақ менің жағдайымда менің жеке амбициямнан гөрі күйе­уіме деген махаббат, сүйіспеншілік биік тұрды. «Жоққа жүйрік жет­пейді» деген. Әулеттің үлкен­дері­нің басын қосып, батасын алдық. Қазір ұлымыз өсіп келеді. Әрине, жаңа ортаға үйренісу оңай болған жоқ. Оның үстіне екеуміз де жұмыссызбыз. Қазір күйеуім жұмысқа орналас­ты. Мен бала тәрбиесіндемін. Бақытты болу үшін қыруар ақша шашып той жасаудың қажеті жоқ. Ең бастысы, жаныңдағы жарыңмен тіл табысып, ата-ананың қабағын бағып, құрметтеу керек. Себебі бұл – біздің перзенттік парызымыз.

Мирас, (аты өзгертіліп алынды) үйленбеген:
– Менің ойымша, адам өмірге бір-ақ рет келеді және алғаш рет үйленгенде той жасамау дұрыс емес деп ойлаймын. Үйлену ойымда бар. Жақсы мейрамханада, қалыңдығым аққудай болып әдемі, сәнді көйлек киіп отыр­са жарасымды емес пе?! Мүмкін әркім қалтасына, қаражатына қарай той жасау керек болар. Бәсекеге келетін болсақ менің үйленуім ешкімге бәсеке емес. Мүмкін тойдың жақсы, ерекше, ешкімді шаршатпайтындай өткені дұрыс шығар. Ал асабаға келсек, енді оны ата-анам шешеді. Өз басым тойдың болғанын және оның қызықты өткенін қалаймын.
«Той дегенде қу бас домалайды» демекші, той жа­йындағы пікір осындай. Бірақ көбінің асыра сілтеу, мақтаншақтық, бәсекелестік дегенді жаны қаламайтынын білдік. Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?!

С.СҰЛТАНҚЫЗЫ
13 шілде 2019 ж. 1 241 0