Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ынсап һәм көрпеге қарай көсілу

Ынсап һәм көрпеге қарай көсілу

Қазақта «Зұлмат есіктен кірсе, ынсап түндіктен шығады» деген нақыл бар. Біле білгенге әрбір ізгілікті, иманды адамның адамгершілік қағидасының алтын діңгегі – ынсап. Хәкім Абай «Ынсап, ұят, терең ой – ақыл, зейнет біліп қой» деп осы асыл қасиеттің маңызын ұғындырса, дана халқымыз «Ынсапсызда ұят болмайды» деп бекер айтпаған.

Бүгінгі күнгі зұлмат деп даңғазалықты, ысырапшылдықты айту керек. Оны аста-төк тойлардан көріп те жүрміз. Атақ пен даңққа құмар бай-манаптар беделін түсірмеу үшін құстың сүтінен басқаны дастарханға қояды. Желінгені бойға құт болып дарыса, желінбегені ысырап болмақ. Сол даңғаза тойлардан желінгеннен желінбей қалған астың көптеп шығып жатқанын көреміз кейде. Ал «Аттыға ілесемін деп жаяудың таңы айырылыпты» дегендей, «қатардан қалмаймын» деп, қарызданып, қауғаланып той жасағанның тауы шағылып жүргенін де кездестіруге болады бұл күнде. Тойшыл қазақтың той десе қу басты домалататыны анық. Бүгінгідей болмашыны сылтау етіп, той жасағанда күн сайын домалай беріп, қу бастың да әбден ығыры шыққан секілді. «Жиған-тергенің тойда шашылсын» дегенді алға тартатындар кейде ынсап деген адами қасиетті ұмыт қалдыратындай. Соның салдары болар қазір шамасы жетсін-жетпесін бәрі дүркіретіп, дүбірлетіп той жасауға құмар болып алған. Ал одан кейін көрпесіне қарай көсілмегеннің көңілі тоқ болып жүргенін көрмейсің.

Көнекөздердің айтуынша, бұрынғының тойының көпшілікке қайыры тиетін болған. Ал қазіргі той айлығы шайлығынан аспайтындар үшін қосымша жүк, батпандай салмақ. Содан да болар қазір тойға шақыру алғанда талай адамның жүзі өтірік күлімсірейді. Оған барып-келу, одан кейін тағы тойға қамдану қазіргідей нарық кезеңінде көпшілікті «өтірік» күлдіріп жүргені жасырын емес. Айта берсе, ынсапсыз, ысырапқа толы тойдың жыры таусылмақ емес. «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» дегендей, біздікі ынсап жоқ жерде ырыс пен береке тұрақтамайтынын жеткізу. «Асыра сілтеп» той жасағаннан тек даңғойлықтан аса алмайтынын ескерту. Әйтпесе, жиған-тергені өзінен асып жатса, аста-төк той жасағаннан ағайынға көмек қылған мың есе артық. Бұдан асқан абыройдың жоқ екені айтпаса да түсінікті.

Қазіргі карантин той-думанға тоқтау салған секілді болды. Десе де тойханалардың есігін тарс жауып алып, дүркірітіп, думандатып той өткізіп жатқандар жетерлік. Әрине, қуаныштың көп болғаны дұрыс-ақ. Алайда, індеттің салдарын көре тұра тәр­тіпке бас имей, думандатып жүргендерді көріп жүрміз. Ал ол жерде тағы да ысырап­шылдыққа жол беріліп жатқаны хақ. Сон­дықтан дәл қазіргі уақытта сақтыққа мән беріп, ысырапшылдыққа жол бермей, ынсапты ойлаған абзал. Қазір көрпеге қарай көсілгеннің асығы алшысынан түсетіні айтпаса да түсінікті.

Ердос БЕРКІНБАЕВ
03 шілде 2021 ж. 544 0