Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бесікке салу – басты рәсім

Бесікке салу – басты рәсім


Қазақ ұлтына тән салт-дәстүрлердің ішінде кө­не­ден келе жатқан жоралғылардың бірі – бесікке салу. Бесікке салу немесе бесік той дүниеге сәби ке­ліп, туған-туыстың жиналып, нәрестені бесікке салу дәстүрі.

Бесікті әдетте қыздың анасы апарады. Бұл дәстүр «Бесік апару» деп аталады. Қызының барған жеріне бесіктің жасауын жасап, оған қоса отбасының мүшелеріне жағалы киім, киіт, тәттілер, әшекей-бұйымдарды сән-салтанатымен апаратын дәстүр үлкен тойға ұласады.

Әдетте бесік тойға әйелдер қауымы жиналады. Ауылдың үлкен-кішісі дас­тархан басына жиналып, әңгіме айтып, шүйіркелесіп, бір-бірімен танысады. Сонан кейін «бесікке салу» басталады. Немересін әкелген әжесі бесікке салуды сол ауылдың жасы үлкен, парасатты, өсіп-өнген, ел-жұртқа сыйлы адамға ұсынады. Жиналғандар қаумалап, ортаға келген бесікті ашпас бұрын оның көрімдігі беріледі. Бесікке салатын бәйбіше алдымен бесікті аластайды. Ежелден келе жатқан ырым бойынша отпен аласталған бесіктен жын-шайтан, ауру-сырқау аулақ болады деп сенген. Сонан соң бесіктің жасауларын қайырып қойып, «тыштыма» жасайды. Бұл бесіктің бос түбегінен тәттілерді өткізу. Алдымен нәрестенің анасы, сонан соң әжесі кәмпитті қос уыстап алып, «тышты, тышты» дейді. Әрмен қарай әулеттің жақындары кезек-кезек келіп, бесіктің түбегіне қолдарын созады. «Бесіктен бала кетпесін, үбірлі шүбірлі бол» деген тілектер айтылып, әкелінген ұсақ-түйек сыйлықтардың барлығы үлестіріліп беріледі.
Бесік тойға келгендер бесікке салынған балаға тілектерін айтып, оның үстіне тоғыз жабу жабады. Бұл да бала бесікте тоңбай, жылы ұйықтасын деген наным-сенім болса керек. Бесік жыры айтылып, ауылдың алты ауызы орындалады. Құдағи жағынан әкелінген киіт иелеріне таратылады. Келіннің анасына да бағалы сыйлықтар беріліп, батасы қайтарылады.

Әрбір қазақтың шаңырағында дүниеге сәби келгенде жасалатын дәстүр уақыт өте түрленіп, өзгеріп келеді. Қазір бесікпен қоса, балаға жасау жасалады. Баланың бес жасқа дейін киетін киім-кешегін әкелетіндер де бар. Бұл бір жағынан жас отбасыға келіннің ата-анасы жасаған қамқорлығынан болса керек. Сонымен қатар нәрестенің сан-алуан ойыншықтары мен суға шомылатын керек-жарағы, тіпті баланың бөлмесіне қажетті жиһаздарын да әкелу үрдіске айналып барады.

Әрине, бұл ата-ананың «бар тапқаным ұрпағыма болсын» деген ниеттен туса керек. Дегенмен, босқа шашылу, даңғазалыққа бой алдыруға ұласып кетпеу жағын да ойлаған жөн. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дегендей, бүгінгідей кезде дәстүрдің жақсы тұстарын жадымызға тоқығанға не жетсін?!

Бибісара ЖАНӘЛІ 
31 қазан 2020 ж. 12 605 0