Адамгершілік қағидасының алтын діңгегі
Қазақта «Зұлмат есіктен кірсе, ынсап түндіктен шығады» деген нақыл бар. Біле білгенге әрбір ізгілікті, иманды адамның адамгершілік қағидасының алтын діңгегі – ынсап. Хәкім Абай «Ынсап, ұят, терең ой – ақыл, зейнет біліп қой» деп осы асыл қасиеттің маңызын ұғындырса, дана халқымыз «Ынсапсызда ұят болмайды» деп бекер айтпаған.
Бүгінгі күнгі зұлмат деп даңғазалықты, ысырапшылдықты айту керек. Оны аста-төк тойлардан көріп те жүрміз. Атақ пен даңққа құмар бай-манаптар беделін түсірмеу үшін құстың сүтінен басқаны дастарханға қояды. Желінгені бойға құт болып дарыса, желінбегені ысырап болмақ. Сол даңғаза тойлардан желінгеннен желінбей қалған астың көптеп шығып жатқанын көреміз кейде. Ал «Аттыға ілесемін деп жаяудың таңы айырылыпты» дегендей, «қатардан қалмаймын» деп, қарызданып, қауғаланып той жасағанның тауы шағылып жүргенін де кездестіруге болады бұл күнде. Тойшыл қазақтың той десе қу басты домалататыны анық. Бүгінгідей болмашыны сылтау етіп, той жасағанда күн сайын домалай беріп, қу бастың да әбден ығыры шыққан секілді. «Жиған-тергенің тойда шашылсын» дегенді алға тартатындар кейде ынсап деген адами қасиетті ұмыт қалдыратындай. Соның салдары болар қазір шамасы жетсін-жетпесін бәрі дүркіретіп, дүбірлетіп той жасауға құмар болып алған. Ал одан кейін көрпесіне қарай көсілмегеннің көңілі тоқ болып жүргенін көрмейсің.
Көнекөздердің айтуынша, бұрынғының тойының көпшілікке қайыры тиетін болған. Ал қазіргі той айлығы шайлығынан аспайтындар үшін қосымша жүк, батпандай салмақ. Содан да болар қазір тойға шақыру алғанда талай адамның жүзі өтірік күлімсірейді. Оған барып-келу, одан кейін тағы тойға қамдану қазіргідей нарық кезеңінде көпшілікті «өтірік» күлдіріп жүргені жасырын емес. Айта берсе, ысырапқа толы тойдың жыры таусылмақ емес. Оны бұған дейін де арнайы газет бетінде жариялап келеміз. «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» дегендей, біздікі ынсап жоқ жерде ырыс пен береке тұрақтамайтынын жеткізу. «Асыра сілтеп» той жасағаннан тек даңғойлықтан аса алмайтынын ескерту. Әйтпесе, жиған-тергені өзінен асып жатса, аста-төк той жасағаннан ағайынға көмек қылған мың есе артық. Бұдан асқан абыройдың жоқ екені айтпаса да түсінікті.
Тойдағы ынсап пен ысырапқа тоқталып өттік. Енді өлім-жітімге қатысты ысырапты айтайық. Бұған қатысты тағы да дана Абайдан мысал іздейміз. Қазақтың данышпаны «Біреудің кісісі өлсе, қаралы – ол» дейді. Қаралы үйде қайғыға жамылған жандарға көпшілік көңіл айта барады. Қазақта қайғыға ортақтасып келген жұртқа қаралы ас беру ұғымы бар. Өмірден өткен адамның жетісін, қырқын, жүзін, жылын беру – жалпы діни ереже емес, бірақ бұл халықтың ертеден қалыптасқан ғұрпы. Мұны ысырапсыз, бәсекелестік пен мақтаныш ретінде емес, Құдай жолы ретінде өткізген жөн. Осыған қатысты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисінде «Кімде-кім яғни қаралы үйден үш күннің ішінде тамақ жесе, мен ол адамнан аулақпын, беземін» делінген. Бұл жөнінде діни ғалымдар «Үш күнге дейін тамақты мәйіт шыққан үйден жемей, өлген адамның ағайын-тумалары немесе көрші-көлемі сол күндері тамағын көтеруі керек» деген қорытынды шығарған.
Осы тұста аудандық мешіттің бас имамы А.Асқарұлы ысырапшылдық елде ырыс пен берекенің тұрақтамауына әкелетін жол екенін айтады.
– Қаралы үйден ас беруге қатысты Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы бекіткен «Жаназа және жерлеу рәсімдері» атты кітабында мәйітті бір тәуліктен аса уақыт ұстамау, ысырапшылдық, яғни қаралы үйден сол күні ас бермеу ұстанымы туралы айтылады. Осыған байланысты ауданда мәйітті үш тәулік бойы сақтау үрдісі белең алған еді. Бұған қатысты аудандағы діни қызметкерлердің жүйелі түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде мүрдені бір тәуліктен аса уақыт ұстамау үрдісі әдетке айналып келеді, – деген Асхат Асқарұлы ысырапшылдыққа тоқталды.
– Қазіргі таңда бейітті көтеруде ысырапшылдыққа жол беру көп. Қорымда бейітті зәулім етіп, қымбат қыштармен салу, көктасқа мәйіттің бейнесін қашау белең алуда. Бұл сол отбасының артық шығындалуына әкеліп соғады, яғни ысырап. Және де бұл шариғи тұрғыда құпталмаған іс. Сондай-ақ қаралы ас беруде дастархан мәзірі аста-төк жасалады. Мұндағы көңіл айтып келген кісілердің астан дәм татудың мақсаты – қарнын тойдыру емес, өмірден өткен кісіге дұға етіп, сауап жасау. Сондықтан ас бергенде қазы-қарта, жеміс-жидек, көптеген тағам түрлерін қоюдың еш қажеті жоқ. Жалпы, дастархан мәзірі бойынша бауырсақ, нан, тоқаш, талқан, сөк, шекер, құрма, ыстық тамақтан артық астың қойылмағаны абзал. Түптеп келгенде, бұл ысырапшылдыққа жол бермей, сауап алудың негізі. Қасиетті Құранда Алла Тағала былай дейді: «Жақын туыстарыңа, міскіндерге, жолда қалғандарға хақтарын беріңдер. Әрі еш ысырап қылма! Шындығында, ысырапқорлар – шайтандардың ағайындары. Ал шайтан Раббысына анық қарсы келуші» (Исра сүресі, 26-27- аят), – дейді ауданның бас имамы.
Тағы бір атап өтетін жағдай, қаралы ас біреу берекетсіздікке салынушылық белең алып кеткен. Біреудің қайғысына емес, құдды бір қуанышына ортақтасуға келгендей дастархан басында ананы бір, мынаны бір қозғап, әңгіме айтып отырады. Кейде күлетіндерін қайтесің?! Біреудің кісісі бақилық болып жатқанымен шаруалары жоқ. «Біреудің жоғын біреу өлең айтып жүріп іздейдінің» кері келіп, біреуге жан қайғы болғанда біреуге мал қайғы болып, дүниелік әңгімелерді бөсіп отырады. Осындайда көңіл айтып келгендер көптің көңілін қалдырып жатады. Мұның әбестік екенін айта кеткен жөн.
Жалпы, әрбір адам өз ісіне есеп беру керек. Сол есепте ысырап жасамаған кезіміз болды ма екен? «Болған жоқ» деп ешкім дөп басып айта алмас. Тіпті ынсаппен тірлік қылмай жүргендері де жетерлік. Алайда, «Өлімнен ұят күшті» дейтін ел тұрғындары дәстүр мен дінді ұштастырып, күндердің күнінде осы сауалға тұщымды жауап береді деп сенейік.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ