Ата кәсіппен айналысуда
Ауданнан шалғайда жатқан Аманкелді ауылының тұрғыны Данияр Әжібекұлы – екі қолға бір жұмыс табу мақсатымен кәсіпкерлікке ден қойған жас кәсіпкер.
Данияр мемлекеттік қолдаудың арқасында бизнес-жоспар әзірлеп, қайтарымсыз грант алғандардың қатарында. Кәсіпкердің айтуынша, «Мал шаруашылығымен айналысуға ең бірінші шыдам керек», себебі ата-бабамыздан қалған ата кәсіппен айналысуға үлкен еңбексүйгіштік қасиет аса маңызды.
– Бүгінде мемлекет тарапынан қаржылай қолдау тауып, шаруасын дөңгелетіп отырған ауылда жас кәсіпкерлер қатары артып келеді. Бизнес пен бәсекеге қабілетті адамдар санының елді мекенде көбеюі – әл-ауқатымызды арттырып, экономикамызды дамытады. Қос-қос дипломыңның болғанынан не пайда, оның нанын жемесең, сондықтан ер жігітке қарап отыру жараспайды. Мемлекеттің беріп отырған мүмкіндігін пайдаланып, қандай да бір кәсіппен айналысуға ниет етсең, отбасыңды қамтамасыз етіп, табысқа кенелесің. Ата-бабамыздан қалған ата кәсіп – қой шаруашылығы ауыл баласы үшін ешқашан жат болмаған. Бабын тапсаң, мал бағып, кәсіпкер атануға да болады. Ұсақ мал тез көбейеді әрі оның еті мен сүті денсаулыққа өте пайдалы. Жүнін де жаратуға болады. Сондықтан өзім секілді жастарға айтарым, талпынып, мемлекеттің көмегін алып, кәсіппен айналысуға асығыңыздар, – дейді жас кәсіпкер.
Данияр мемлекеттен қайтарымсыз грант алу үшін арнайы бағдарламаға қатысты. Ол «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті қолдаудың ұлттық жобасы» аясында бизнес-жоспары негізінде комиссияға өтініш білдірді. Өз жобасын қорғап, «Қой өсіру және көбейту» мақсатында 1 225 200 теңге қайтарымсыз қаржыға қол жеткізді. Қазіргі таңда барлық қаржысын толыққанды игеріп, безнес жоспар бойынша құжаттарын рәсімдеп алған.
– Бүгінде жастардың көбі қалаға ұмтылып жатыр. Ал мен ауылдан көшкім келмейді. Ата кәсіп мал шаруашылығымен айналысуға, одан табыс табуға алдыма мақсат қойдым. Бала күнімнен арманым елді мекенде мал шаруашылығын дамыту болатын. Бұрын қой шаруашылығымен аты шыққан ауылымның атын қайта жандандырып, қой шаруашылығын дамытсам деймін. «Мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл-көсір» демейді ме дана халқымыз. Сондықтан осыған көңіл бөлу керек, – дейді Данияр Әжібекұлы.
Мемлекеттен жастарды қолдау бағытына арналған бағдарламалар жетерлік. Бұл мемлекеттік қолдаудың бір бағыты ғана. Негізінен, жеңілдетілген пайызбен мол көлемде қаржы алуға арналған тағы да басқа бағдарламалар бар. Ол үшін кәсіппен айналысқысы келетіндер аудандағы жауапты бөлім мамандарынан кеңес алуы керек. Бұл өз кезегінде елдегі жұмыссыздықты азайтуға және жоюға, ел экономикасын дамытуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді.
Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ