Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мал басын көбейтуде

Мал басын көбейтуде

Ауыл тұрғындары үшін мал шаруашылығымен айналысу таңсық нәрсе емес. Қолда бар малды бағып-қағып, оны көбейтіп отырған тұрғындар мал ұстаудың бейнеті мен берекеті бірдей екенін айтады.

Малдың соңында алаңсыз жүргендер ғана оның бабын та­уып, табыстың көзіне айналдырып отыр. Негізі, әр елді мекен мал ұстауға ыңғайлы. Әрине, оның бейнеті де бар. Тынымсыз еңбекті талап ететін кәсіптің бұл түрімен айналысуға ауыл тұрғыны, көп балалы ана Алтынай Смағұлова тәуекелге барған. Ол өзін-өзі жұмыспен қамтуды алдына мақсат етіп қойыпты.

Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге көрсетіліп жатқан қолдаулар көп. Осыны ескерген көпбалалы ана есік алдындағы қора-жайын жөндеп, жем-шөбін дайындап, мал басын көбейту үшін кәсіпкерлікке ден қойған. Ізденіп, мемлекет тарапынан берілетін жеңілдетілген несиені алуға күш салған. Бизнес-жоспар әзірлеп, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қоры арқылы өткен жылы 4 млн теңге көлемінде қаржыға қол жеткізді. Аталған қаржыға 16 бас ірі қара малын алып, оны көбейтуге жағдай жасады.

– Несиені 6 пайызбен алдым. Жеңілдетілген несие қаражатын тоқсан сайын кестеге сәйкес төлеймін. Мал басын көбейту үшін алған қаржыны тиімді пайдаланып, қазір кәсібімді жүргізіп келемін. Алдағы уақытта жылқы малын асырауды қолға алмақшымын. Мал бағу оңай емес. Десе де, қазір қол қусырып отыруға болмайды. Бала-шағаңның қамы үшін мемлекеттің берген жәрдемін пайдаланып, кәсіппен айналысу керек, – дейді шаруа иесі Алтынай Смағұлова.

Айта кету керек, кәсіпкер – 5 қыз бен 1 ұлдың анасы. Былтыр үлкен қызы Әмина Жұманова мектепті «Алтын белгіге» бітіріп, грант иегері ретінде жоғарғы оқу орнына түсті. Алтын асықтай ұл мен қыз тәрбиелеп отырған отбасыға кәсіп берекесін берсін демекпіз.

Бибісара ЖАНӘЛІ
27 қазан 2020 ж. 659 0