Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » КӨЗІН ТАПҚАНҒА КӘСІП КӨП

КӨЗІН ТАПҚАНҒА КӘСІП КӨП


Елбасы айтқан «Ауылдың бәрі Нағидай болсын» деген көрікті елді мекенде кәсіпкерлік өрісі кеңейіп келеді. Жыл артқан сайын мұнда қолдан келетін іспен айналысушылар саны артып, түрлі кәсіп дамуда. Өркениетке ұмтылған ауылда мұндай жұмыстардың өркендеуі заңды. Өйткені, республикадағы үлгілі ауыл кәсіпкерлік саласы бойынша да алдыңғы қатарда болуы тиіс.
Қазіргі таңда елді мекен халқы мал шаруашылығын дамытуды мық­тап қолға алған. Мәселен, Нағи­да «Сәнібек» ЖШС төрайымы Айгүл Дүй­сенбайды білмейтін жан жоқ. Кәсіпкер елді мекенде «Әлихан-Заңғар» агроөндірістік кооперативін құрып, мал шаруашылығын дамытпақ. Негізгі бағыт – мал басын ірілендіру, асыл тұқымды мал асырап, халықты етпен қамту. Бұл тұрғыда, «Өңірлік инвестициялық орталық» арқылы қаржы алып, 82 бас ірі қара, 3 бас асыл тұқымды бұқа сатып алған. Бүгінде осынша малды бағып, оның ет-сүтін тұтынып отыр. Кооперативте 20 мүше бар. Олар да осы бағытта тиісті жұмыстар жүргізуде.
Бұдан бөлек, кәсіпкер А.Дүйсенбай күні бойы жұмыс жасап, шаршаған халыққа, ауыл жастарына кешқұрым демалыс орны керегін жақсы түсініп, бильярд ойнауға жағдай жасады. Осындайда нағилықтар ақсүйектер ойыны саналатын бильярдқа барады. Мұнда келушілерге барлық жағдай жасалған. Ішінде екі бильярд столы бар. Бұл жерге келгендерге қызмет көрсетуге кәсіпкер үш адамды жұмыспен қамтып отыр.
– Қазір кәсіппен айналысамын дегендерге мүмкіндік мол. «Қалауын тапса, қар жанады» демекші, есебін тауып икемі келетін істі қолға алғандар түрлі кәсіппен айналыса алады. Осы мақсатта біз өз қаражатымызбен бильярд аштық. Несие алып, мал шаруашылығын дамытудамыз. Мұны­мен айналысатындар елді мекенде көбейіп келеді. Сол себепті, ауылдан ветеринариялық дәріхана ашу жоспарымызда бар, – дейді нағилық кәсіпкер.
Иә, қолға алған кәсіп дамыған сайын басқа іспен айналысуға да мүмкіндік молаймақ. Қажеттілік туындаған сайын тұтынушылар саны артады. Сондықтан Айгүл Дүйсенбай секілді кәсіпкерлер елді мекенде түрлі бағытта жұмыс жасаса, оның халыққа тиер пайдасы көп. Алдымен, өзінің кәсібі кеңейеді, соның аясында тұрғындар жұмысты болмақ, тұтынушылар сұранысы да қамтамасыз етілмек. Яғни, кәсіпкерлік жақсы өмір сүрудің кепілі болмақ.

Е.БЕРКІНБАЕВ
10 шілде 2018 ж. 1 915 0