Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жол қауіпсіздігін сақтайық

Жол қауіпсіздігін сақтайық

Құрметті аудан тұрғындары!

Қазіргі таңда жеңіл және ауыр автокөліктер қоғам­дық маңызы бар мүлікке айналды. Сондай-ақ көліктер жол қозғалысының ажырамас бір бөлігін құрайды. Көлік түрлері мен олардың санының артуына байланысты жол-көлік оқиғаларының саны өсіп, адам өлімі кө­бейюде. Бұған жол-көлік оқиғаларынан қайтыс болатын адамдар санының әлем бойынша қатерлі ісік пен жүрек-қан тамыр ауруларынан кейін үшінші орынға шы­ғуы дәлел.

Бүгінде Сырдария аудандық полиция бөлімі аза­маттардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірқатар ұсынымдар енгізіп, автокөлік иелеріне жол қауіпсіздігі ережесін қатаң сақтау қажеттігін ескер­теді. Негізі барлық жол-көлік оқиғалары жүргізушінің жауапкершілігімен тікелей байланысты болады. Бел­гіленген жылдамдықтан асыру, мас күйінде көлік­ті басқару, басып озу ережесін бұзып қарама-қарсы жолға шығып кету қайғылы жағдайға душар етуде. Сонымен қатар жол қиылысы ережесін сақта­май, жол кезегін бұзу, ақауы бар көлікті басқару, арақашық­тықты сақтамау, реттеу дабылына, жол жүрісі белгі­леріне бағынбау, адамдарды тасымалдау және жаяу жүргіншілер ережесін бұзу жол-көлік оқиғасын көбей­туде.

Мұнан бөлек ауданымыздың үстімен өтетін «Шымкент-Самара» (М-32) және «Қызылорда-Жала­ғаш» тас жолдарының бойында мал шаруашылығымен айналысатын тұрғындар көп. Мал иелері (бақташылар) малды қадағалау мен бақылауға көбіне немқұрайлы қарайды. Соның салдарынан үй жануарларының кеш­кі мезгілде тас жолдардың жүріс бөліктеріне шы­ғып кетеді. Содан автокөліктермен соқтығысып, аяғы қайғылы оқиғалармен аяқталады. Мұндай дерек­тер соңғы жылдары жиі тіркелуде. Осыған орай мал шаруашылығымен айналысатын азаматтарға кеш­кі мезгілде малды қадағалаусыз қалдырмауды сұрай­мыз. Себебі қазіргі таңда учаскелік полиция инспек­торларымен жергілікті әкімшіліктің, ветеринария қызметкерлерімен бірлесіп кешкі мезгілде тас жол­дардың жағалауында қадағалаусыз жүрген үй жануар­ларын анықтау жұмыстары жүргізілуде. Анықталған жағдайда малды арнайы қораға қамап, мал иесін анықтап ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабында көзделген талаптарды яғни «Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қа­ғидаларын бұзу» дерегі бойынша айыппұл салу бо­йынша шаралар қабылдануда.

Сонымен қатар жаз мезгілінде оқушылардың демалатыны белгілі. Кент орталығында және елді мекендерде жасөспірімдердің қатысуымен оның ішінде велосипед басқарған жасөспірімдердің салғырттығы­нан орын алып жатқан жол-көлік оқиғалары жиі тіркелуде. Сондықтан ата-аналар балаға велосипедпен автокөлік жолдарына шықпауды, тұрғын үй­ден алыстамауды, тағы да басқа сақтық шараларын сақтауды күнделікті ескертіп отыру керек. Себебі ҚР-ның Үкіметінің 2014 жылғы №1196 қаулысымен бекітілген «Жол жүрісі қағидасының» 24-бөлігінің 1,2 тармақтарында көрсетілгендей 1) «Мопедті басқару құқығы он алты жасқа толған адамдарға беріледі» 2) «Велосипедшілер велосипед жолымен, велосипед жүретін жолақпен, ал олар болмаған кезде-жолдың жүру бөлігінің оң жақ шетімен, оның ішінде маршруттық көлік құралдарына арналған жолақпен не жолдың жиектерімен, тротуармен немесе жаяу жүргіншілерге жүру үшін қауіп төндірмей жаяу жүргінші жолмен жүреді. Он төрт жасқа толмаған велосипедшілерге жүру бөлігінің оң жақ шетімен, маршруттық көлік құралдарына арналған жолақпен, жолдың жиектерімен жүруге жол берілмейді» де­лінген.

Сондықтан аудан тұрғындарын жол қауіпсіздігі ере­жесін қатаң сақтап, жаз мезгілінде абай болуға шақырамыз. Көлік құралдарын техникалық тексеруден өткізіп, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды ескертеміз. Халқымыз «Сақтықта қорлық жоқ» деп бекер айтпаса керек.



Сейілхан Кеукенов,
аудандық полиция бөлімінің
Әкімшілік полиция
бөлімшесінің бастығы,
полиция подполковнигі
19 шілде 2022 ж. 517 0