Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 55 газет

26 шілде 2025 ж.

№ 54 газет

22 шілде 2025 ж.

№ 53 газет

19 шілде 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 
» » Көктөбеге барғанда...

Көктөбеге барғанда...

Аптаның сәрсенбісінде берекелі Бесарық ауылына атбасын бұрған едік. Ауылдың кіреберіс қақпасынан өте беріп, елді мекенге қадам басқанымызда ертеректен сақталған Бұқартөбе бізді қарсы қалды. Ең алдымен, ойлы оқырманның талғам үдесінен шығу мақсатында тың ақпарат көзін жинауға кірістік. Өз кезегінде өткен ғасырдан бері жергілікті халық арасында «Көктөбе» аталып кеткен атауы ерекше қонысты көруге асықтық.

Сырын ішіне бүккен мекен

Жолсерігім, редакцияның көлік жүр­гізушісі Бағ­дәулет екеумізді ауыл әкім­шілігінің маманы Асылай Көктөбеге қарай бастап барды. Бесарық ауы­лының шетінен бастап, 25 шақырым жолды артқа тастадық. Бізге жол көрсетіп келе жатқан Асылай – осы ауылдың қызы да, келіні де. Бала күнінде осы аралықта жаяу жүріп отырып, Көктөбеге баратындарын бір еске алып қойды. Тегінде Бесарық ауылының халқы шаруадан қол үзген емес. Бұрыннан мал шаруашылығы мен егінге машықтанып, ризық-несібесін жерден теріп келеді.

Қазақтың даңқты ақыны Махамбет Өтеміс­ұлының
Еділдің бойы ен тоғай,
Ел қондырсам деп едім.
Жағалай жатқан сол елге.
Мал толтырсам деп едім, – деген өлең жолдары бар емес пе?! Бесарықтың тоғайы Еділден кем түсіп тұрған жоқ. Кезінде шаруалар Сыр маржанын жерге орналастырып, мол өнім алған жері құнарлы мекен бар сырды ішіне бүгіп жатқандай.

Өлкетанушы, бесарықтық Жұмабай Байзақ біздің табанымыз тиген аумақтың тарихына біршама көз жүгіртті.

– Туған жер топырағынан түлеп ұшқан тұғырлы тұлға біткен Бесарықтың қасиетімен, табиғатымен мақтанады. Бұндағы ел қашанда еңбек етуден жалыққан емес. Өткен ғасырдың 70-жылдары кетпені қолынан түспеген жергілікті халық күріштің бірнеше сұрыпын егіп, егістік басынан табылды. Көктөбеде орналасқан аумақта 2 канал қазылған. Сов­хоз директоры болған Жүнісбек Сарыбаевтың нұсқауымен қазылған канал қазіргі шаруаның тіршілігіне жарап тұрғаны мәлім. Сонымен бірге Жаңадария каналы ауылды кесіп өтсе, Қосарықтың бойында мал бағып, несібесін арттырған жандар қатары сиремеген. Ертеректе Бесарық совхозында 4 ферма болғандығын айта кетейін. Ферманың үшеуінде қой бағылса, біреуінде жылқы, сиыр, түйе болған. 700 бас жылқы мен Беларусь Респуб­ликасынан әкелінген 384 бас асыл тұқымды сиырды бордақылау қолға алынған, – дейді Жұмабай Байзақ.

                             

Сөз басында айтылған Бұқартөбенің өзіндік тарихы бар. Хиуадан сатып алынған бір байдың түрікмен інгені ботасы аяқтанған соң еліне қашып кетеді. Ағыны қатты Сырдың суынан үріккен бота түспей табандап тұрады. Ботаның мекендеп қалған тұрағы Бесарық еді. Бұл ақпаратты Жұмабай Байзақтан естіген едік.

Осыдан 4 жыл бұрын автосалоннан шыққан Нива көлігі жолдың кедір-бұдырына қарамайды. Шаң-топырақ суырылып тұрғанымен, тоғайдағы тір­шілік өзгеше келеді. Өріске жайыл­ған түйе, жылқы, сиырды жиі ұшырастырдық. Ытқып-ытқып автокөлік дауысынан қашқан қояндар жол бойы кездеседі. Каналды жағалай келе жатқан біз межелі жерге жақындап келеміз. Көктөбе маңайында әңгелек пішініне ұқсас шұқыр болған. Бұл мекенде шабындық жер дайындалып, мал азығының қоры жинақталған. Бір айта кетерлігі, көктем шыққан уақытта Көктөбенің басында шөп шығып, алыс­тан көпшілікке көрініп тұрады екен.

Тоғайдағы малшының тұрағы

Көктөбеде малшының қонысы бар екеніне сенесіз бе? Иә, расында біз ен тоғайдың ішінен бесарықтық Мұрат Насыровтың фазендасында қызу тіршілік барына көз жеткіздік. Ел ағасы осыдан 33 жыл бұрын Көктөбе жаққа қоныс аударып, үй тұрғызып, қора-жайын сайлап, мал шаруашылығына ден қойған. Алғашында бақшалық өнім егуге көңіл бөлген ардақты азамат барлық шаруаның ебін таба білгені белгілі. Біз фазендаға барғанымызда Мұрат Ырысбекұлы Қызылорда қаласына таңертең сауылған сүтті алып кетіпті. Қазіргі уақытта фазендада 40-тан аса бұзаулы сиыр, құлынды жылқы бар. Кәсіп иесі 2017 жылы мемлекеттен арнайы субсидия алып, күн көзінен қуат алатын электр құрылғысын орнатқан. Қазіргі уақытта шаруашылыққа керекті тоқ көзіне күннің қуаты арқылы қол жеткізуде.

– «Еңбек – өмірдің тұтқасы». Біз еңбегі қаттының тұрмысы тәтті болатынын жақсы білеміз. 1992 жылы өзіміз қоныстанған мекенге келіп, бақшалық жерді баптадық. Беліміз бүгілгенше еңбек еттік. Әрбір қиындықтың артында жемісті күндер болатынын жақсы білеміз. Аптақ ыстықта, қытымыр қыста, жауын-шашынды күні малдың басын көбейтіп, халыққа қызмет етіп келеміз. Бұрындары үйдегі отанасы сүті мен майын, айранын, қатығын, құртын дайын­дап, ел-жұртқа ұсынғаны рас. Бүгінде жас келгеннен кейін бұның барлығы жәймендеп қала береді екен. Нарыққа ілесіп, малдың жем-шөбін дайындап, табысты е­се­­ле­­­у­­­­­­ге ба­рымызды саламыз. Мал ұстаудың өзін­дік қиындығы баршылық. Талай ауыртпалыққа толы күндер өтті, – дейді фермер.

                            

Айта кетейік, Мұрат Насыров пен Баян Бимағанбетова – ҚР Парламенті Сенатының депутаты Геннадий Шиповскихтің ата-анасы. Олар халық қалаулысын 2004 жылы бауырларына басқан. Қашанда Мұрат ұлына ақылын айта отырып, жол көрсетіп отырады. Отбасындағы балалары сан салада қызмет етіп, бір-бір шаңырақ иесі атанған.

Бақташы Нұртөре

Аспан тесіліп, күн жерге жақын­дағандай күйдеміз. Сынап бағасы 45 градусты көрсетіп тұр. Көлікте артық соғатын леп жоқ. Жөйткіген көлігіміз Мұрат Насыровтың шаңырағының алдына келіп тоқтады. Бізді 21 жастағы бақташы Нұртөре күтіп алды. Таңғы 4.00-ден бас­тап, сиыр мен жылқыны баптауға шығатын Нұртөре 4 жылдан бері бақташылық қызметте. Айлығы келісімді.

Өткен жылдың желтоқсан айында шаңырақ көтерген Нұртөре отбасында 3 ағайынды. Анасымен бірге тұрады. Ол 15 күн сайын Жаңақорған ауданына барып, тұрақты жұмысы – өрт сөндіру қызметімен айналысып келеді. Қалған уақытта фазендадан табылып, барлық шаруаның қиюуын келістіреді. Күнделікті Көктөбе аумағын аралап, мал басының санын түгендейді. Бірнеше күн келмей қалған өрістегі төрт түлікті айдап әкеледі. Арнайы аппаратпен сиыр сауады. Мал суғарып, жем-шөбін береді. Қораның тесік-құтығын бітеп, кепені жөндейді.

– Фазендамызға қош келдіңіз, аға!
– Қош көрдік, бақташылық өзіңе ұнай ма, қиын емес пе?
– Мен күнделікті үйір жылқыға, сиырларға қараймын. Шаруаның көзін білген адамға әрбір жұмыс ауырлық етпейді. Бала кезімнен мал бағуға бейім болдым. Әр айдың он бес күнін осында өткіземін. Жанымызда Қосарық каналы бар. Жылқылар өрістен келе жатып, каналды кешіп өтеді. Жаздық қораға келіп жайғасады. Азаннан кешке дейін малдың бабымен жүріп, уақыттың қалай өткенін білмей қаламыз. Өзіміздің бағымыз бар. Онда жеміс ағаштары отырғызылған. Қара ала бұқаның тұқымынан тараған сиырларды бағып, сүт алып, етін сатып, күнделікті тіршілік қыламыз.
Нұртөремен бірге жүріп, тоғайды араладық. Жылқылар аялдайтын Қосарық каналын көзімізбен көрдік.

Дайындаған
Балтабай ОРДАБЕКОВ

26 шілде 2025 ж. 180 0