Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 55 газет

26 шілде 2025 ж.

№ 54 газет

22 шілде 2025 ж.

№ 53 газет

19 шілде 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 
» » Екпе салдыру дұрыс па, әлде бұрыс па?

Екпе салдыру дұрыс па, әлде бұрыс па?

Қазіргі таңда екпе салдыру мәселесі қоғамда кеңінен талқыланатын тақырыптар қатарында. Екі түрлі пікір, екі түрлі ой ұдайы халық назарында. Бірі екпенің адам денсаулығы үшін пайдасын алға тартса, екінші тарап оның зиянды тұстарын айтып, екпені салдырудан түбегейлі бас тартып жатқандар да аз емес. Осы мәселеге кеңінен тоқталып, сала маманының кеңесіне жүгінсек.

Жалпы екпе дегеніміз ресми дереккөз бойынша – белгілі бір инфек­цияға қарсы иммунитетті қалыптастыру үшін ағзаға енгізілетін дәрілік препарат. Екпені екпес бұрын алдымен дәрігер екпе алушыны мұқият тексеріп, ешқандай қарсы көрсетілім болмайтынына көз жеткізуі маңызды. Содан соң ғана медициналық мекеме ішінде екпе салу жұмыстары жүргізіледі. Екпе салатын бөлме, міндетті түрде санитарлық талапқа сай, препараттың сақталуы дұрыс болуы қажет. Бұл талап сақталуы қажеттілігін сала мамандары айтып өтті.

– Вакцинациялау адам ағза­сының иммунитетін жоғары деңгейге көтеріп, вирусқа қарсы антидене қалыптастырады. Екпе балалар мен ересектерді қызылша, қызамық, көкжөтел, гепатит, сіреспе, туберкулез және тағы да басқа адам өміріне қауіпті вирустық аурулардың алдын алып, қорғаныш қабатын түзеді. Қазіргі таңда халық арасында вакцинациялау туралы сантүрлі пікір өрбіп жүр. Оны жоққа шығара алмаймыз. Бірақ көпшілік тұрғындар арасында туындаған қауесетке құлақ түріп, ақиқатын білуге асықпайды. Сала маманы ретінде екпенің пайдасы орасан зор екендігіне тоқталып өтсем.

Вакцинациялау арқылы 21-дан аса жұқпалы аурудан сақтануға болады. Оның барлығы Ұлттық екпе күнтізбесіне енгізілген, жұртшылыққа тегін салынуда. Ал, осыдан бірнеше жыл бұрын өршіген COVID-19 инфекциясына қарсы егілген екпе біршама аурудың алдын алып, адам шығынының көбеймеуіне септігін тигізді. Сол кезеңде екпе алғандарда ауру жеңіл түрде өткені белгілі. Бұның себебі, әрине – вакцина. Бұндай қауіпті аурулардың алдын алуға салынатын екпе пайдалы әрі қажет. Әр аймақта вакцинацияға қатысты теріс пікірлер қалыптасқаны белгілі. Оның тиімділігін теріске шығарып, балаларын жұқпалы ауруларға қарсы екпе еккізбеудің салдарынан қауіпті инфекция өршіп, жергілікті аурухана лық толған болатын. Біздің жұмысымыз осындай келеңсіз жағдайдың алдын алу болып табылады. Сондықтан жаңа туған сәбиден бастап ересек адам да Ұлттық күнтізбе бойынша белгіленген қауіпті ауруларға қарсы екпені уақытылы алғаны жөн, – дейді аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы Гүлсім Пернебайқызы.

Биыл еліміз бойынша кейбір өңірлерде қызылша мен көкжөтел жағдайы ушығып, балалар арасында көптеп тіркелуде. Мамандардың айтуынша, бұндай жағдай жоспарлы вакцинациядан кеш қалғандар арасында байқалған. Оның 75 пайызын қызылша жұқпалы ауруы құраса, 87 пайызы көкжөтелді құраған. Ал 2025 жылдың осы уақытқа дейінгі вакцинация көрсеткіші бойынша 29,3 пайызы екпеге қарсылығын білдіріп, салдырудан бас тартқан. Бұл көрсеткіш былтырғыға қарағанда едәуір өскендігін байқатады. Бірақ осыдан бірнеше жыл бұрын өршіген ауыр дерт COVID-19 кезінде вакцинация республика бойынша 97 пайызды құраған.

Жалпы қандай ауру түрі болсын ол адам ағзасына қауіпті. Тіпті жаңа дүние есігін ашқан сәбиде алғашқы антидене қалыптастыру үшін екпе алуы маңызды. Ол әрине, ата-ана рұқсатымен салынады. Қазақстан Ұлттық иммундық күнтізбесіне 21 жұқпалы ауруға қарсы вакцина кіреді. Оны барлық тұрғын алуы маңызды. Қазіргі таңда бұл стандартқа сай екпе түрлерінен де бас тартып жатқан ата-аналар көптеп кездеседі. Бұл өте қате шешім. «Егер салдыртқан жағдайда баламыздың дамуында теріс өзгерістер басым болуы мүмкін немесе дұрыс сала алмайды, менің балама болмайды, көтере алмайды» деген пікірлер халық арасында кеңінен таралып кеткен.

Екпе алудан бас тарту – аурудан құтылудың және балаңыздың иммуниетін қалыптастырудың бір ғана жолы деп ойласаңыз қатты қателесесіз. Екпе – ең алдымен, жоғарыда маман айтып өткендей, ағзадағы иммундық жүйені қалыптастыруға ықпал ететін зат. Ол сіздің балаңыздың дамуына қарсы егіліп жатқан нәрсе емес. Балаңыздың дамуы қалыпты, әрі иммунитеті жақсы қалыптасу үшін екпе еккізу маңызды. Сондай-ақ кез келген ауруды жеңіл өткеріп, өзіндік антидене түзілуіне мүмкіндік беру сіздің дұрыс шешіміңізде. Сондықтан әр сәбидің денсаулығы өзіңіз үшін де, маман үшін де өте маңызды. Ұрпағыңыз үшін ұтымды шешім қабылдау сізге байланысты. Сау ұрпақ – ел болашағы.

Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ
Фото: Ашық дереккөзден

26 шілде 2025 ж. 188 0