Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қауіпсіздікті қаперден шығаруға болмайды

Қауіпсіздікті қаперден шығаруға болмайды

Қазіргі таңда автокөлік қоғамда өзіндік орны бар мүлікке айналып, жол қозғалысының ажырамас бір бөлігін құрайды. Дегенмен, көлік түрлері мен санының артуынан көлік қылмыстарының көрсеткіші өсіп, онда зардап шеккендердің күрт өсімі орын алуда. Бұған автокөлік салдарынан болатын адам өлімі әлем бойынша қатерлі ісік пен жүрек-қан тамыр ауруларынан кейін үшінші орынға шығуы дәлел.

Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымының есебінше, жыл са­йын 1,3 млн-ға жуық адам жол апатынан қаза болады екен. Де­мек, күніне үш мың адамның жү­регі жол үстінде тоқтайды де­ген сөз. Бұған жыл сайын ша­мамен 25 млн адамның түрлі жа­рақат алатынын қосыңыз. Бұл – көпшілікті ойландыратын мәселе.

Аталған ұйымның 2018 жылғы мәлі­метінше, Қазақстан жол-көлік оқиғалары салдарынан тіркелетін адам өлімі бойынша 175 елдің ішінде 74-орында тұр. Яғни 100 мың тұрғынға шаққанда, қайтыс болу көрсеткіші 17,6 адамды құ­раған. Елімізде соңғы 17 жылда ресми түрде 270 мың жол-кө­лік оқиғасы тіркелген. Соның ке­сірінен 49 мың адам қайтыс болып, 300 мыңнан астам адам түрлі жарақат алған. Өкініштісі, қаза тапқандардың 50 пайызы – жастар. Яғни мемлекетімізде «темір тұлпар» деп айдар таққан көлік көптеген адамның өмірін жалмауда.
Енді аудандағы көрсеткіштер­ге тоқ­талсақ. Жалпы соңғы жыл­дары аудан көлемінде жол-кө­лік оқиғалары көбейді. Мұндай оқиғалардың жиілеуін мамандар «Жол қауіпсіздігі ережесін сақ­та­маудан туындап отыр» дейді. Аудандық полиция бөлімі әкім­шілік полиция бөлімшесінің бас­тығы, полиция майоры Сейілхан Кеу­кенов барлық жол-көлік оқи­ғаларында негізгі орында жүр­гізушінің әрекеті немесе әре­кетсіздігі байқалатынын айтады.
– Белгіленген жылдамдықтан асыру, мас күйінде көлікті басқару, басып озу ережесін бұзып қара­ма-қарсы жолға шығып кету қай­ғылы жағдайға душар етуде. Со­нымен қатар жол қиылысы ере­жесін сақтамай жол кезегін бұзу, ақауы бар көлікті басқару, арақашықтықты сақтамау, реттеу дабылына, жол жүрісі белгілеріне бағынбау, адамдарды тасымалдау және жаяу жүргіншілер ережесін бұзу жол-көлік оқиғаларына әке­ліп соқтыруда. Мәселен, аудан бо­йынша биылғы жылдың 11 айын­да 19 жол-көлік оқиғасы тір­келді. Соның салдарынан 14 адам қайтыс болып, 42 адам әр­түрлі дене жарақаттарын алған. Бұл жол жүрісі қауіпсіздігін сақ­тамаудан орын алып отыр. Сон­дықтан аудан тұрғын­дарын жол қауіпсіздігі ережесін қатаң сақтап, қазіргі қыс мезгілінде абай болған жөн, – дейді С.Кеукенов.

Қыс мезгілінде жолдың тайға­нақтығы өте қауіпті екені анық. Осы кезеңде жылдамдықты арт­тыру немесе қауіпсіздікті сақ­та­мау орны толмас қайғыға соқ­тыруы мүмкін. Сондықтан тұр­ғындар жол қауіпсіздігін қатаң сақ­тағаны дұрыс. Халқымыз «Сақ­тықта қорлық жоқ» деп бе­кер айтпаса керек.

Ердос БЕРКІНБАЕВ 
08 желтоқсан 2020 ж. 467 0