Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 55 газет

26 шілде 2025 ж.

№ 54 газет

22 шілде 2025 ж.

№ 53 газет

19 шілде 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 
» » Ер есімімен аталады

Ер есімімен аталады

Бүгінгі Бесарық ауылы – жаңашыл өзгерістің бас­тауы. Елді мекен тарихтың мұраларын сақтаған дамушы ауыл қатарында. Сондай-ақ әрбір көше атауы – тек бағытты білдіретін белгі ғана емес, құрмет пен тағзымның нышаны. Осындай көше атауларының бірі – Айтбай Дүйсенбаев атындағы көше. Бұл көше – елге еңбегі сіңген азаматтың рухына тағзым, ал аты – ауылдың айнасына айналған.

Қазіргі таңда көше бойында 70-тен аса тұрғын үй орналасқан. Сонымен қатар ауылдың еңсесі биік білім ордасы, шаруашылық конторы және бірнеше азық-түлік дүкені халыққа қызмет көрсетуде. Енді көше тарихына тоқталсақ.

«Көше атауы 1991 жылы сол кездегі Жамбыл ауылдық кеңе­сінің қараша айындағы кезекті сессия­сының шешімімен Бесарық ауылын­дағы ең сәулетті көше Айтбай Дүйсенбаев есімімен аталған» деген ақпарат Жұмабай Байзақтың ав­тор­­лығымен жарыққа шыққан «Бе­ре­келі, мерекелі Бесарық» атты кітабында жазылған. Ер ерлігі мен есімі ешқашан ұмытылмайды. Оның өмір жолы сұрапыл соғыспен тұспа-тұс келіп, қанды қырғынның куәсі бол­ған.

Айтбай Дүйсенбаев 1922 жылы қазіргі Қоғалыкөл ауылында дүние есі­гін ашқан. Ол Сталин колхозындағы «Ортақшыл» жеті жылдық мекте­бінде орта білім алып, одан кейін Шымкенттегі педагогикалық курсты бітірген. 1942 жылы әскер қатарына шақы­рылып, Айтбай Дүйсенбаев 86-шы запастағы артиллериялық полкте курсант болған.

Отан қорғау жолында Сталинград майданы, Украина жері, Польшаны, Чехословакияны азат етуге қатысып, Берлинге дейінгі жау қолындағы елді мекендерді азат етуге атсалысып, ерлік көрсеткен. Ақын ұстаз өзінің өлеңдерінде майдан жолы мен соғыстың ащы шындығын бейнелеген. Сонымен қатар Одер өзенінен өту кезінде бір өзі 25 фашистің көзін жойғандығы және де архивтік құжаттарда Айтбай Дүйсенбаевтың жаудың 65 жауынгерін жер жас­тандырғаны баяндалады. Оқ пен оттың ортасында жүріп бұндай жан­кештілік көрсету нағыз ерліктің көрінісі екені анық.

Батырдың ерлігіне тәнті бол­ған әскери қолбасшылар Айтбай Дүйсенбаевты өздері әскери мара­патқа ұсынған. 1943 жылы «Сталинградты қорғағаны үшін» медалі, 1944 жылы «Қырымды азат еткені үшін» медалі мен «Соғыстағы ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Сондай-ақ 1945 жылдың наурыз айында ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, «Қызыл жұлдыз» ордені және «Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталып, құрмет төрінен көрінген.

                                              
 
Майдангер елге оралғаннан кейін ауылдың өркендеуіне сүбелі үлес қосты. 1953 жылы Қызылорда педагогикалық институтын қазақ тілі мен әдебиеті бөлімі бойынша бітіріп, №44, №147 орта мектепте мұғалім, мектеп директоры қызметін абыроймен атқарды. Ауыл өміріне белсене араласып, колхоз басқармасының газеті «Коммунизм жолын» шы­ғаруға күш-жігерін сала білген. Соғыста ерлік көрсеткен, ауылдың өркендеуіне үлес қосқан майдангер туралы Жұмабай Байзақ «Берекелі, мерекелі Бесарық» кітабында былай деп жазады. «Мен майдангер, ұстаз, ақын Айтбай Дүйсенбаевтың көзін көргенім жоқ. Бірақ жинақталған ақын қолжазбалары мен өз қолымен жазған өмірбаяны, фотосуретін, түр­лі құжаттарын парақтап отырып, көзінде от жалыны бар, жүрегінде мейірім төгілген жайсаң жан деп танимын. Өзі редакторлық еткен газет беттерінде шағын мақала, өлеңдерін оқи отырып, қара қылды қақ жарар әділ, кемшілікке төзбейтін, көлгірсуді білмейтін, шындық үшін шырылдап өткен тынымсыз жанды көз алдыма келтіремін. Ақын жанды, батыр тұлға көз алдыма келеді», – дейді ҚР Журналистер Одағының мүшесі.

Майдангер 1976 жылы жарық дүниеден өткен. Ер есімі ешқашан ұмыт болған емес. Көше атауының берілуі де ардагерге зор құрмет. Сонымен қатар әр өскелең ұрпақтың жадына сақталар дара тұлғаны дәріптеу баршамызға ортақ міндет. Осы тұста ауыл тұрғыны, Айтбай Дүйсенбаев көшесінің байырғы тұр­ғыны Төлеш Муталов көше тарихын айтып өтті.

– Мен Тартоғайдың тумасымын. Бұл Бесарық ауылына 1975 жылы оқу бітіргеннен кейін көшіп келдік. Осы ауылдың совхозында бас есепші, артынша бас экономист болып жұмыс істедім. 1976 жылдан бастап көше майдангердің атымен аталғаны есімде, ал ресми нақты аталуы құжат­тарда сақталған шығар. Ұстаз болғанын, ақын жанды кемел тұлға екенін көп еститінмін. Ардагердің көзін көрмедім. Бірақ ауылдың дамуына қосқан үлесі мен еңбек жолы ұрпаққа үлгі боларлықтай екені анық. Ауыл тұрғындары арасында майдангер туралы көптеген қызықты әңгімелер айтылатын. Дара тұлғаның өмір жолы, елі үшін төккен маңдай тері, ақындық сара жолы ешқашан ұмытылмайтыны анық. Екі ұлым қалада тұрса, екі ұлым ауылда, осы көше бойында тұрады. Қазір кіші ұлымның қолындамын. Осы ауылдың, осы көшенің тұрғыны болғаныма биыл 50 жыл толыпты, – дейді көше тұрғыны.

Ер есімі – ел есінде. Бейбіт күнді көрсеткен майдангер тұлғаларымыз әрдайым құрметке лайық. Осы көше атауы арқылы әр өскелең ұрпақ еске алып, ардагердің өмір жолын үлгі тұтатыны анық. Ұстаз, майдангер, ақын Айтбай Дүйсенбаев есімі – ауылдың айнасы. Тарихи тұлғалар – ел рухының тірегі, ұлттың ұмытылмас шежіресі.

Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ

26 шілде 2025 ж. 188 0