Берекесі тасыған іргелі ауыл

Әрине, ауыз толтырып айтатын жобалар легі іргелі ауылда жалғасын табуда. Ауылда 452 отбасында 2367 адам тұрады. Әлеуметтік нысандар қатарында 2007 жылы салынған 360 орындық №147 орта мектеп, 120 орындық «Бөбек» балабақшасы, 138 орындық ауылдық мәдениет үйі, әкімшілік ғимараты, кітапхана, Қазпошта бөлімшесі, ветеринарлық станция бар. Өткен жылы ауылда 1010 экономикалық белсенді халық тіркелген.
– Бесарық ауылында кәсіпкерлік саласы жақсы жолға қойылған. 2024 жылы «Өңірлік инвестициялық орталығы» РИЦ арқылы 3 адам 33 млн теңгеге несие алып, кәсібін дөңгелетуде. «Ауыл аманаты жобасымен» 4 адам қаржыландырылды. Атап айтқанда, «Сыр Құсы» СТК құстың бройлер тұқымын асырауды қолға алды. Жұмыспен қамту орталығы арқылы жаңа бизнес идеяларды іске асыру мақсатында қайтарымсыз грант» тетігі бойынша 16 адамға қаржы берілді. Сонымен бірге 21-35 жас аралығындағы жастарға арналған 2,5 пайыз несие алуға бағдарламаға қатысу мақсатында 10 адам өтініш білдірді. Олардың ішінде, 9 адам өз жобасы үшін қаржы алды. «Бірыңғай кешенді бағдарлама» арқылы 6 адам қаржыландырылып, кәсіптерін дамытуда. Әрине, кәсіпкерлікпен айналысу арқылы ауыл тұрғындары қашанда әлеуметтік жағдайын жақсартуға икемделеді. Бизнес тетіктерін жетілдіре отырып, халыққа қызмет көрсетуге арналған жобаларды қолдау іс-шараларын ұйымдастыра бермекпіз, – деді ауыл әкімі Дәулет Сәрсенбаев.
Айта кетейік, санитарлық тазалық жұмысы және көркейту көгалдандыру бойынша ауылдың ішкі аяқсу каналдарын тазарту, талдарды әктеу мен көшелерді күл-қоқыстан арылту күнделікті жүргізіліп отырады. Былтыр бірқатар әлеуметтік нысан жаңғыртудан өтті. Оның ішінде, ауылдағы мәдениет ошағы жаңа кейіпке енді. Спорт кешені пайдалануға беріліп, халық игілігіне жарап тұр. Жаңадан ашылған кешен бір мезетте 100-ге жуық баланы қабылдайды. Бұл жерге келушілер қазақ күресі, дзюдо, бокс, грек-рим, еркін күрес, таеквондо, волейбол, футболмен айналыса алады. Берекесі тасыған елді мекенде кірпіш зауыты да жұмыс жасауда. БҰҰ-Хабитат аймақаралық кеңесшісі Шефер Катя өңірдің үлгілі ауылдарының бірінде болып, Бесарықтағы ілкімді істерге қатысты ойын жеткізген еді.
Өткен оқу жылында 11 сыныпты 23 оқушы бітірді. ҰБТ-ға 12 оқушы қатысып, олардың жинаған орташа баллы 80 пайызды құрады. Ауылдан 3 оқушы «Алтын белгі» және 1 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанды.
Бір айта кетерлігі, бірнеше бағыттағы салықтық түсім есепті кезеңде межелі орындалып, ауылды дамыту ұдайы жүргізіліп келеді.
Б.ОРДАБЕКОВ