Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 55 газет

26 шілде 2025 ж.

№ 54 газет

22 шілде 2025 ж.

№ 53 газет

19 шілде 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 
» » Ет те кетті шарықтап...

Ет те кетті шарықтап...

Қымбатшылық жағаға жармасып, онсыз да айлығы шайлығына жетпей жүрген халықты тұқыртып отыр. Күнделікті азық-түліктен бөлек ет бағасының бірнеше ай ішінде бірнеше рет көтерілуі көпшілік үшін оңайға соқпай тұр. Қайтсін, «ет дегенде бет бар ма?!» деп бір жілікті бір айға жеткізбейтін халық үшін бағаның тағы да көтерілуі күтпеген жағдай болды.

– Дүкен сөресіндегі ет бағасы көз ілеспес жылдамдықпен өсіп жатыр. Әрине көпшілік үшін тағамның ішінде еттің орны бөлек. Тоңазытқышта бір жілік ет жатпаса, аш қалғандай сезім болады. Осыдан біраз уақыт бұрын жылқы етінің бағасы 2400 еді ғой. Беріде 2700-2800 теңге болды. Барлығы қымбат деп ол бағаға да үйрендік. Бірақ арада көп уақыт өтпей күні кеше баға тағы да өсіп, 3000-3100 теңгеге бір-ақ шықты. Бір зейнетақы, бір айлыққа қарап отыр­ған отбасылардың күні қалай болмақ? Еттен де басқа қажеттіліктер бар, – дейді көпбалалы ана пікір білдіріп.

Сиыр және жылқы етінің бағасы күрт көтерілген. Әсіресе, сиыр еті биылдың өзіне 1000 теңгеге дейін қымбаттап, жылқы етінің бағасынан да асып кетіп отыр. Бізде дәл қазір жылқы және сиыр еті – 3000 теңге, қазы – 3500 теңге, тартылған ет – 3200 теңгеге бағаланып тұр. Қой еті тіпті қымбат. Ал қала мен кейбір өңірлерде бұл баға тағы басқаша көрініс береді. Әрине мәселенің мән-жайын білу үшін дүкеншілерге жүгіндік.

– Қымбатшылық қолқадан қысып отыр ғой. Шикізат қымбат болған соң бағаның да қымбаттауы түсінікті. Сол сияқты ірі қара күтімі де арзанға түсіп тұрған жоқ. Жем-шөбі бар, басқасы бар. Күтімі де оңай емес. Біз мысалы малды сатып аламыз, өте қымбат бағаға. Оны бордақылайсың, сойып, сатуда тағы кісі қолы қажет. Айтар болсақ, 1 қап жем 3500 теңге, бір бау шөп 1000 теңгеге бағаланып тұр. Ол бір-ақ күнге жететін азық. Бұл бағаны мал басына қарай бірнеше еселейсіз. Содан кейін еттің қымбаттауына көп­шіліктің айтып жүрген шекараның ашықтығы да себеп, – деді мамандар.

Кей сарапшылар ет бағасының өсуін Тәжікстан мен Өзбекстан сияқты көр­шілес елдердің сұранысының артуымен байланыстырады. 2025 жыл­дың маусым айларында БҰҰ-ның Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымы азық-түлік бағасына арнайы есеп жүргізген. Ол бойынша дәнді дақылдар мен құс етінің бағасы сәл арзандаған. Есесіне ет соңғы айларда 2,1 пайызға қымбаттаған. Әсіре­се сиыр етінің бағасы ең жоғары деңгейге жеткен. Себебі экспорт төмендеп, керісінше аталған өнімге сұраныс артқан. Ал сұраныс бар жерде бағаның көтерілуі түсінікті жайт.

Біз тақырыпты зерттеу барысында бір емес, бірнеше ет сататын дүкен мен мамандардан ақпарат сұрастырдық. Бәрінің айтатын жауабы – «қымбатшылық». Сонымен қатар «қымбатшылыққа біздің қатысымыз жоқ, қалай келеді, солай сатамыз, үстінен көретініміз тиын-тебен» деген жауап та алдық. Айтпақшы, сатушылардың айтуынша, ет қымбаттағалы сатып алушылар да азайыпты. Енді қайтсін...


А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
Фото: Ашық дереккөзден

26 шілде 2025 ж. 182 0