Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 55 газет

26 шілде 2025 ж.

№ 54 газет

22 шілде 2025 ж.

№ 53 газет

19 шілде 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 
» » Келбеті айшықты Бесарық

Келбеті айшықты Бесарық

«Qazaqstan» ұлттық арнасының негізі жобасының бірі – «Таза Қазақстан» бағдарламасының түсірілім тобы Қызылорда облысына арнайы іссапармен келген болатын. Танымал тележурналист Нұрбек Бекбау бастаған ұжым Бесарық ауылында болып, елді мекендегі қоршаған ортаның тазалығына назар аударды.

Өз кезегінде «Qazaqstan» ұлттық арнасы дайындаған бағдарлама шең­берінде ауылдың көркі айшықтала түсті. Бұл Қазақстан қалалары, ондағы тазалық мәдениетімен таныстыратын жоба. Бағдарлама барысында экобелсенді, эколог-ғалымдар, ауыл және қала тұрғындарының сұхбаты ұсынылып, өңірлердегі экологиялық ахуал туралы репортаж беріледі. Әр шығарылымда экологияны жақсартуға бағытталған эко-кеңес айдары бар. Аталған жоба аясында ауыл әкімі Дәулет Сәрсенбаев журналист Нұрбек Бекбауға мол ақпарат берді.

– Бесарық ауылында 10 көше бар. Ауылымызда барлық көше жөнделіп, толықтай жарықтандырылған. 2011 жылдан бері Бесарық ауылында абаттандыру жұмысы жүргізіле бастады. Арнайы аллея салынып, ауылдың кіреберісінен бастап, күл-қоқыстан арылту тұрақты жасалады. Қазіргі уақытта үлгілі ауыл санатына кіргенімізге дән ризамыз. Бұл ретте қарапайым еңбек адамдарының еңбегін айта кеткен жөн. Тазалыққа жауапты мамандардың еңбегінің ар­қасында осындай дәрежеге қол жеткізіп келеміз, – деді ауыл әкімі.

                                          

Бесарық ауылында «Абай-Дәулет» ЖШС тарапынан жүйелі жұмыс жүргізілуде. Ауылдың ақсақалы Сабыр Сүлейменов бағдарламаға берген сұхбатында ең алғаш ауылға таза ауыз­су келгенін, көшені асфальттауға көңіл бөлінгенін, бау-бақша егілгенін, мешіт, мектеп тұрғызылғанын тілге тиек етті. Осындай игілікті іс жасалған уақытта туған жерге жанашырлықпен қарау керектігін, әп-әдемі дүниені бүлдірмеу үшін бақылау күшейтілгенін жеткізді.

Расында, барды бар, жоқты жоқ деу керек. Бесарық ауылының әрбір көшесі мұнтаздай таза. Өткен жылы Бесарық ауылы «Үлгілі елді мекен» атағын жеңіп алып, арнайы техника иеленген болатын. Міне, Бесарық ауылының бүгінде күрішімен, мал шаруашылығымен ғана емес, қоршаған ортаны, ауланы, көшені таза ұстауымен аты шығуда.

«Таза Қазақстан» бағдарламасының ұжымы ауылдағы күріш егудің жай-күйіне қанықты. Егістік басынан табылып, Сыр маржанының шығымына көңіл бөлді. Сала мамандарымен пікірлесіп, алажаздай еткен еңбектің бір сыпырасына назарын аударды. Бір қызығы, «Бесарық» шаруа қожалығы тарапынан күз маусымында «Шабақты құтқару» акциясы жүргізіледі. Сонымен қатар 500-жуық қырғауылды асырап, 10 мыңға жеткізу жоспарланған. 2 жыл ішінде мамандар 10 мың бас­ты жазық далаға жіберуді көздейді. Міне, Сырдария ауданына қарасты Бесарық ауылында қоршаған ортаны ластамауға, тазалықты сақтауға, табиғатқа жанашырлық танытуға ауқымды жұмыс жүргізілуде.


Балтабай АЯБЕКҰЛЫ
26 шілде 2025 ж. 180 0