Тіршілік тынысы Сырдария аудандық қоғамдық-саяси газет
» » Сатира сардары

Сатира сардары

Қарапайым адамның жан дүниесіне ерекше сыпайы қалпымен бойлай кететін қызылордалық қаламгер Қазыбек Әшірбекұлын кейбіреулер әзіл-сықақ жазады деп көптің бәрі ойламайтын шығар. Ағамыз қашанда сабырлы мінезінен айныған емес. Әрбір адаммен сөйлескен сәтінде үлкен-кіші деместен, оған ілтипат көрсетіп тұрғанын байқайсың. Әдетте, мұндай мінезді адамның сатира саласында қалам тербеуі сирек. Ағамыз өмірдің көлеңкесі мен күнгейін көкірегіне түйіп, кемшілікті қалам қуатымен қағаз бетінде сынап, көпшілікке ой тас­тайды. Сатира сардарының қиялынан туған әрбір әзіл-оспақтан өмірдің ащы шындығын аңғаруға болады.

Шығармашылыққа жаны жақын болса да, ағамыз ұзақ жылдар бойы құқық қорғау саласында абыройлы қызмет атқарды. Қай кезде де қолынан қаламын тастаған емес. Ол кісінің сықақ өлеңдері мен шағын әзіл әңгімелеріне көз жүгірте отырып, қоғам өміріндегі түйткілді мәселені ұсақ-түйек деп қарамайтынын аңғаруға болады. Күнделікті тіршілікте көзге түскен келеңсіз көріністі сын садағымен аяусыз түйрейді. Көпшілік көңіліне жақпайтын құбылыстар мен әрекеттерді де көзден таса етпейді. Бұл дүниелерді оқыған адам көңілінде ой түйіп, жағымсыз жайдан бойын аулақ ұстауға тырысады. Әсіресе, мұндай келеңсіз көріністер көбейген тұста әзілмен болса да адамдарға ой салу үлкен қажеттілік.
– Мен Қызылорда қаласының іргесіндегі Қараөзек ауылында 1946 жылы 20 қыркүйекте дүниеге келдім. Ауыл мектебінде білім алдым, әскери борышымды өтеп келдім, ішкі істер саласында ұзақ жылдар бойы қызмет атқардым. Бала жасымнан шығармашылық ортаға жақын едім. Қай кезде де сол дағдымнан жаңылған жоқпын. Қалам құдіретімен талай дүниені ақ қағаз бетіне түсіріп, сол арқылы барша оқырманға ой салдым. Алдыңғы толқын ағалардың алғаусыз тілектерін тыңдап, шығар­машылығымды одан әрі ширата түстім. 1987 жылы облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетінің штаттан тыс тілшісі болдым. Қысқасы, қай кезде де мен үшін сықақ өлеңдер мен әзіл әңгімелер жазу өмірімнің бір бөлшегіне айналды, – дейді Қазекең бізбен сыр бөлісіп.

Ағамыз 1991 жылы ішкі істер саласынан запастағы майор шенімен зейнеткерлік демалысқа шықты. Содан бастап газет-журналдармен байланысы бұрынғыдан да арта түсті. Жазушылар одағы басқармасына қарасты Қазақстан сықақ­шылары «Найзагер» қа­уым­­дастығының мү­ше­­лі­гіне қабылданды. Рес­­пуб­­ликалық «Егемен Қа­зақстан» газеті сын-сықақ айдарының тұрақты авторы қатарына қосылды. Сын-сықақтары одан өзге «Айқын» газеті мен «Ара» жур­налының бетінде жиі жария­ланып тұрды.

– 1994 жылы өңірде алғашқы тәуелсіз басылым ретінде жарық көрген «Ақмешіт апталығы» газетінде «Қуақы» әзіл-сықақ беті тұрақты шығып тұрды. Мен оған көптеген дүниелерімді жариялап, белсене атсалыстым. Газеттің негізін қалаған әрі бас редакторы Әділхан Бәймен бір күні қызметке шақырып, осылайша журналистиканың қа­занында қайнауға тура келді. Әрине, әзіл-сықақ бетін жүргізу менің жауапкершілігімде болды. Оған тұрақты авторлар тартуға көңіл бөлдім. Сол арқылы өңірде сатира саласында өндіріп жазып жүрген көптеген кісілермен таныс­тым. Осылайша оқырмандарға сапалы дүниелер ұсынуға мүмкіндік туды, – дейді ағамыз.

Қазыбек Әшір­бек­ұлы­ның шығар­машы­лығына зер салып көрсеңіз, кейде бір-екі жолдан тұратын қағытпа қалжың арқылы астарлы ой тастауға тырысады. Осындай пікірлерін мақал-мәтелдің өңін өз­герте отырып жеткізеді. Тіпті, халқымыздың жау­һар дүниесі – жұмбақты сәтті пайдалану арқылы оқырманға тұшымды дү­ниесін ұсынады. Қалай десек те, қаламгер өзі­нің қиялынан туған шығар­ма­ларында өмірдегі біз байқай бермейтін кейбір көрініс­терді қазақтың ежелден келе жатқан фольк­лорын кәдесіне жара отырып, жұп-жұмыр шығармаға айналдыра біледі. Қысқасы, автордың өткір әжуа, сыйымды сықағы, мысал-мысқылы, қайырымдар мен қағытпа қалжыңы оқырманды жалықтыра қоймайды.

Қазыбек Әшірбекұлы бүгінге дейін қалың көпшілікке бірнеше жинағын ұсынып үлгерді. Атап айтқанда, жарты ғасырдан астам уақыт бойы қаламынан туған сын-сықақтары топтастырылған «Ұрт пен мұрт» кітабы халықтан жоғары бағасын алды. Сондай-ақ, «Нұр-Астана» баспасынан жарық көрген «Күлкі керуені» кітабы да оқырмандар тарапынан лайықты бағаланды.
Жалпы, әлемде сатира саласы бірнеше жанр бойынша кеңінен дамып келеді. Өкініштісі, біздің елімізде қазір оған өз деңгейінде көңіл бөлініп жүрген жоқ. Қазекеңнің айтуынша, бүгінде жастар арасында бұл тақырыпта қалам тербеп жүрген авторлар санаулы. Бәлкім, аға буынның мол тәжірибесін жастарға үйреткеніміз артық емес шығар.

– Мен кейде осы тақырыпта ойланамын. Рас, қазір кітап оқуға сұраныс төмендеп кеткені жасырын емес. Десе де, көпшілік сапалы жазылған дүниелерге қызығушылық танытады. Оны талай мәрте байқаған едім. Елімізде және өзіміздің өңірде бұл салаға жаны жақын жастарды байқаймын. Оларға қолдау жасалғаны дұрыс. Жазған дүниелерді жариялайтын басылымдар саны аз. Ұзақ жылдар бойы оқырман көзайымына айналған «Ара» журналының өзі бүгінде жарыққа шықпайды. Бұның көптеген қаламгердің қолын байлап жүрген жайы бар. Әлемнің көптеген елдері мен көршілес мемлекеттерде аталған тақырыпта шығатын газет-журналдар саны жеткілікті. Өкініштісі, бізде әзірге осы жағы олқы түсіп тұр, – дейді ағамыз және бір сөзінде.

Әрине, Қазыбек Әшірбекұлының шығармашылығы жөнінде кеңінен көсіле түсуге болар еді. Ол кісінің өмір жолында талай игілікті істің ұйытқысы болып жүргенін байқау қиын емес. Өзі қызмет атқарған ішкі істер саласындағы қоғамдық жұмыстарға тұрақты түрде қаты­сады. Мұндай белсенділігін талай іс-шарада байқадық. Оған қоса көптеген әдеби және мәдени шараларда да өзінің ой-пікірімен бөлісіп, көзқарасын білдіріп жүреді.

Халық сақшысы һәм қаламгерлік жолдың жон арқасында жүрген Қазыбек Әшірбекұлы 75 жасқа толып отыр.Бұл, шын мәнінде, әріптес әлемінің мерейлі шағы.

Әділжан ҮМБЕТ,
12 қыркүйек 2021 ж. 41 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам