Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сатира сардары

Сатира сардары

Сыр елінің тумасы, сықақшы ақын Асқар Тоқмағамбетовтің туғанына биыл – 115 жыл. Ақиық ақынды шыңға көтерген оның сатира жазуға деген шеберлігі. Оның аты да сықақшы-фельетонист ретінде шыққанын жұртшылық жақсы біледі. А.Тоқмағамбетов сықақ жазуды алғашында орыстың ақын-жазушылары А.Чеховтан, В.Маяковскийдан, Салтыков-Щедриннің шығармаларын оқығаннан үйренгенін айтқан. Сонымен қатар қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы, қаламгерлер С.Торайғыров, Б.Майлин, І.Жансүгіров кітаптарын оқып, әдеби әлемді бағындырған.

Ақын өзінің фельетондары арқылы өз заманындағы «жебірлерді» батыл сынап, оларға соққы берді. Республикалық, облыстық, аудандық басылымдарда жарияланған көптеген сықақтары, атап айтқанда «Құлқындастар», «Қара бесті қайда?», «Қошқары қоздап, айғыры құлындағандар» т.б. ауыл шаруашылығын талан-таражға түсірген, «арамтамақтарды» тезге түсірді. Қаламының ұшымен түйреп алатын шығармалары арасында мысал, памфлеттер де бар. «Алма ағаш пен шырмауық», «Мияу мен леп», «Мысық пен тышқан» сатира жанрын дамытуға қосқан үлесі.

Қазақ әдебиетінде өзіндік орнын қалып­тастырған Асқар Тоқмағамбетов оқырмандарына «Диқан сыры», «Әке мен бала» сияқты шығармаларын ұсынып, кеңінен танылды. Ақын сонымен қатар очерктер мен естеліктер жазып, «Жыр күмбезі», «Қарбаласта» атты романдардың авторы атанды. Сан қырлы шығармашылықтың тізгінін ұстаған ақын – кемел қаламгер. Ойлы да отты өлеңдерінің қатарында лирикаға толы «Бір ақынға», «Көңіл күй», «Нар­тай ақын», «Көктем» т.б. өлеңдері бар.


Атақты жазушы Мұхтар Әуезов Асқар ақынды «Қырғи тілді Асқар» деп бағаласа, поэзиясы өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Ол ақындығымен қатар майын тамызып айтатын әңгімешілдігімен де жұртын аузына қаратқан, елінің сый-құрметіне бөленген тұлға. Өзінің сықақтарымен құрметке бөленген ақын – парасатты прозаик, дарынды драматург. Ақын кімді жазса да, нені жазса да барын салып жазған. Қарапайым деп көрінген нәрсені гүлдендіріп, жасандырып жіберудің шебері болған.


Биыл елімізде атаулы дата қатарына енген ақын А.Тоқмағамбетовтің 115 жылдығы сатира сардарының шығармаларын насихаттауға, өз тыңдаушылары мен оқырмандарының сықақ әлемімен қауышуына мол мүмкіндік бергенін айта кеткен жөн.

Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ
15 қыркүйек 2020 ж. 1 116 0