КӨПЕН КЕЛСЕ, КҮЛКІ ДЕ КЕЛЕДІ
Жаңақорған ауданында елімізге ғана емес, бүкіл орта Азияға танымал сықақшы Көпен Әмірбековтің «Көпен келе жатыр» атты шығармашылық кеші мен Жаңақорған аудандық «Жаңаша» әзіл-сықақ отауының 30 жылдық мерейтойына арналған бірлескен кеші аудандық мәдениет үйінде өткізілді.
Кеш жүргізушісінің «Әзіл десе-Көпен Әмірбекті елестетеміз, Көпен десе – әзілді елестетеміз. Ендеше сіздердің қошеметтеріңізбен бүгінгі кешіміздің кейіпкері Қазақстанның енбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері қазақ сатирасының классигі, ақын Көпен Әмірбекті сахна төріне шақырамыз», деген хабарламасынан соң ортаға шыққан сықақшының өзін-өзі таныстыруының өзі жұртшылықты күлкіге көмді. «Өз бетін аямаған кісі бетін шиедей қылады» демекші, қоғамдағы келеңсіз көріністерді, замандастарының сайқымазақ қарым-қатынасын сатира найзасына ілген сатирик қазақтың білгілі тұлғалары туралы да қызықты әңгіме өрбітті.
Рухани жаңғыру орайында тәрбиелік маңызы зор кеште аудан әкімі Ғалым Әміреев құттықтау сөз сөйлеп, қаламгерге құрмет көрсетті. Бірнеше дүркін сахна төріне көтерілген сықақшы жұртшылықты орындаушылық шеберлігімен де күлкіге қарқ қылса, 30 жылдық тарихы бар «Жаңаша» әзіл-сықақ отауының әртістері де өз интермедия, скетчтерімен кештің қызықты өтуіне атсалысты. Әсіресе, аталған әзіл-сықақ отауының әртістері Балмұхаммед Әбжаппаров пен Тоқтар Әжімұратов орындаған «Көкпар» скетчі ат спортына ден қоятын аудан жұртшылығын бір серпілтті.