Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекеттік қызметшілердің тағылымдамасы – кәсіби дамудың тиімді тетігі

Мемлекеттік қызметшілердің тағылымдамасы – кәсіби дамудың тиімді тетігі

Мемлекеттік қызмет жүйесінде кадрлардың кәсіби біліктілігін арттыру, тәжірибе алмасу және тиімді басқару дағдыларын қалыптастыру маңызды бағыттардың бірі болып табылады. Осы мақсатта мемлекеттік қызметшілердің тағылымдамадан өтуі жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді.

Тағылымдама – қызметшілердің өз саласы бойынша жаңа тәжірибе жинақтап, кәсіби білімін жетілдіруге мүмкіндік беретін маңызды құрал.
Тағылымдама мемлекеттік қызметшінің тұрақты жұмыс орнынан тыс жерде тәжірибе жинауына бағытталған. Бұл кезеңде қызметшінің мемлекеттік лауазымы мен жалақысы толық сақталады. Алайда мемлекеттік қызмет өтілі алты айдан кем қызметкерлер тағылымдамаға жіберілмейді.

Қызметшілер тағылымдамадан әртүрлі бағытта өте алады. Атап айтқанда, бір мемлекеттік органнан екінші мемлекеттік органға, мемлекеттік органнан ұйымдарға, сондай-ақ бір органның орталық аппараты мен аумақтық бөлімшелері арасында жіберіледі. Мұндай тәжірибе мемлекеттік қызметшілердің жұмыс тәсілдерін жетілдіріп, жаңа ортада тәжірибе алмасуына ықпал етеді.

Тағылымдаманы ұйымдастыру бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен жолдаушы мемлекеттік орган арнайы тағылымдама жоспарын әзірлейді. Онда тағылымдаманың мақсаты, мерзімі, өтетін орны және қызметкер туралы мәліметтер көрсетіледі. Кейін бұл жоспар қабылдаушы мемлекеттік органмен немесе ұйыммен келісіледі. Қабылдаушы тарап тағылымдаманы өткізу мүмкіндігін қарастырып, тиісті шешім қабылдайды.

Тағылымдама мерзімі бес жұмыс күнінен бір айға дейін белгіленеді. Сонымен қатар бір қызметші күнтізбелік жыл ішінде екі реттен артық тағылымдамадан өте алмайды. Бұл талап тағылымдаманың тиімді ұйымдастырылуына және жұмыс процесінің тұрақтылығына негізделген.
Тағылымдама барысында қабылдаушы құрылымдық бөлімшенің жетекшісі қызметкерге кеңес беріп, жоспардың орындалуын және еңбек тәртібін бақылайды. Ал персоналды басқару қызметі ұйымдастыру және үйлестіру жұмыстарын жүзеге асырады.

Тағылымдама аяқталғаннан кейін қызметші бес жұмыс күні ішінде жазбаша есеп тапсырады. Есепте тағылымдама барысында алынған тәжірибе, кәсіби дағдылар, теориялық және практикалық білімдер туралы мәліметтер қамтылады. Сонымен қатар қабылдаушы тараптың жұмысына баға беріледі. Өз кезегінде қабылдаушы бөлімше басшысы тағылымдамадан өткен қызметші туралы пікір ұсынып, жолдаушы органға жолдайды.

Статистикалық мәлімет бойынша 2025 жылы 128 мемлекеттік қызметшінің тағылымдамасы ұйымдастырылды. Оның ішінде мемлекеттік қызметшілердің 104-і басқа мемлекеттік органда, 24-і функционалдық бағытына сәйкес келетін ұйымдарда тағылымдамадан өтті.

2026 жылдың соңына дейін 93 мемлекеттік қызметшінің тағылымдамасын ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Мемлекеттік қызметшілердің тағылымдамасы – басқару сапасын арттыруға, тәжірибе алмасуға және кәсіби құзыреттілікті дамытуға бағытталған маңызды механизм. Мұндай тәжірибе мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттырып, халыққа көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға оң ықпал етеді.


Мақпал АБТИКЕРОВА,
Қазақстан Республикасы
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Қызылорда облысы бойынша
департаментінің Мемлекеттік қызмет
басқармасының бас маманы
Фото:Ашық дереккөз
19 мамыр 2026 ж. 46 0