Туған жердің топырағы ыстық
Алғыс айту күнінің тарихы 2016 жылдан басталады. Жыл сайын көктемнің алғашқы күнінде қазақстандықтарға түрлі этнос өкілдері риясыз алғысын айтуды дәстүрге айналдыруда. Бүгін аудандық басылым арқылы ұстаз Лида Кохова өзінің жүрекжарды лебізін білдірді.
Лида Кохова – саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған жан. Орыс ұлтының өкілі Тереңөзек кентіндегі №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейде ширек ғасырдан бері бастауыш сыныптың мұғалімі ретінде еңбек етіп келеді.
Әкесі марқұм Николай Ильич Башқұртстаннан киелі Сыр еліне 1960 жылы қоныс аударған. Осында Мария Михайловнамен бас қосып, Галя, Светлана, Лида, Люба, Роза есімді бес қыздың ата-анасы атанады.
– Ата-анам қазақ халқының кең пейіл, дархан көңілін, қонақжайлылығы мен достығы туралы көп айтатын. Тереңөзекте туып-өскен біздер үшін туған жердің топырағы ыстық. Әкеміздің Отаны туралы да жиі еститінбіз. Бірақ әкем қазақ халқынан көрген жақсылығын үнемі құлағымызға құйып отыратын. Оның достарының арасында да қазақ азаматтары бар. Саналы ғұмырында қарапайым тірлік кешкен ата-анамыз бізді де бауырмалдыққа, адалдыққа, кішіпейілдікке үйретті, – дейді Коховтар отбасының ортаншы қызы Лида Николайқызы.
Иә, кентте ағаш ұсталығымен белгілі болған Николай ағаның «қолы алтын» болатын. Шеберлігімен танылған ұстаның қолынан шыққан бұйымдар осы күні біздің де әкеміздің үйінде сақтаулы. Сандық, бесік, үстел жасаудың шебері, пеші жоқтың пешін де салып беретін. Әркез қол ұшын беруге даяр тұратын Николай ағаның адамгершілік қасиеті туралы әкемізден көп еститінбіз. Көрші-көлем, дос-жаранның ортасында сыйлы болған азаматтың жарқын бейнесі туралы байырғы көршілері Ырыстай, Абат, Серік, Бегалы ағалары да жылы лебіз айтудан жалыққан емес.
– Жасы біздерден едәуір үлкен Николаймен дос болдық. Машаның талай дастарханынан дәм таттық. Николайдың еңбексүйгіштігі сұмдық болатын. Қолы қалт етсе, балыққа барғанды ұнатады. Әкелген олжасын үлестіріп беретін. Қиналғанға қол ұшын созып, онысын ешуақытта пұлдаған емес. Темір ұста, ағаш ұста, қысқасы бесаспап десе болады. Достықтың қадірін білетін адамның нағыз өзі болды десем, қателеспеймін, – дейді бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан әкем Таңатар.
Біздер де Николай ағаның төртінші қызы Любамен қатар мектепке бардық. Қазақшаға судай орыс қызының тап-тұйнақтай жүретініне қызығатынбыз. Оның әпкелеріне қарап үлгі алатынын мақтан ететінбіз. Аналары Мария Михайловнаны Маша апай дейтінбіз. Ерте көктемнен бастап базарға алдымен көкөністің неше түрінің көшетін әкеліп сататын апайдың шағын бақшасы жайқалып тұратын. Қорасындағы сиырды сауып, тауық кепесінен жұмыртқа жинап, оны ұқсатып отыратындығы нағыз еңбексүйгіш адамның қасиеті болатын. Қазір анасынан дарыған бұл қасиет қыздарына да дарыған болуы керек, Лиданың есік алдындағы бау-бақшасы жайқалып тұрады.
Коховтар отбасында ұстаздық жолды үш бірдей қызы таңдады. Үлкен әпкесі Светлана мен сіңлісі Роза бірі колледжде, екіншісі бала бақшада тәрбиешілік қызметте. Лида бүгінде ұстаздық жолында құрметке бөленген жан. Көптеген марапат иесі ретінде оның шәкірттері республикалық байқауларда жеңімпаз атанып, ұстаз мерейін өсірді. 2019 жылы Лида Николайқызы ҚР Білім және ғылым министрінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Биылғы жылы педагог-зерттеуші дәрежесін қорғап, жетістікке жетті.
Лида Николайқызы – отбасында қазақ жігітіне тұрмысқа шыққан жалғыз қыз. Кезінде ата-анасы қыздарының мұндай шешіміне еш қарсылық танытпаған. Тереңөзектік Қанат Ерниязовтың келіншегі Лида – әулетінде төртінші келін. Олардың Тимур, Данияр, Диана есімді балалары бар.
– Отбасымызда қазақ тілінде сөйлесеміз. Әкеміздің үйінде қыздар бірі-бірімізбен қазақша сөйлесетінбіз. Әрине, біздің Отанымыз қазақ елі. Сондықтан елімізге деген сүйіспеншілігіміз еш уақытта кемімейді. Ата-анамыздың аманаты ретінде олардың екінші Отанына айналған қасиетті қазақ елін құрметтеу – перзенттік парызымыз. Осында жанына жылулық пен пана, өмірлік серігін тапқан әкеміздің өле-өлгенше айтқан өсиетіне адал болуымызға міндеттіміз. Қазір қартайған анамыздың қасынан кез келген уақытта табылып, қолымыздан келгенше қамқорлығымызға алып отырғанымызды шүкіршілік етеміз, – дейді Лида Николайқызы.
Аналық бақытын отбасынан, елге деген қызметін ұстаздықтан тапқан Лида Николайқызы мерейлі мереке қарсаңында әрбір қазақстандық отбасында қуаныштың ортаймағанын тілейді.
Бибісара ЖАНӘЛІ