ІЗГІЛІКТІҢ НҰРЫ, ТАТУЛЫҚТЫҢ НЫШАНЫ
Мемлекет басшысы 1 наурызды «Алғыс айту күні» деп жариялағаннан бері аталмыш мереке елімізде кең көлемде аталып келеді. Бұл - ізгілік нұры, татулық нышаны.
Қазіргі таңда көктемнің алғашқы күнінде жергілікті жерде орналасқан түрлі этнос өкілдері мәдени-көпшілік шараларға қатысып, алғыс айту күнінің мән-мағынасын көпшілікке насихаттап жүр. Мұндағы берекелі істің айшықты көрінісін қиырдағы ағайындарына, туған-туыстарына жеткізіп, берекелі бірлікті мақтаныш ететіні және бар. Өздерінің ұлттық дәстүрлерін де ұмытпай, қайта жаңғыртып, қазақ халқына ерекше ілтипатын көрсетуде. Қазақы қаймағы бұзылмаған өңірімізде өзге ұлт өкілдері қазақ тілінде еркін сөйлеп, кез келген басқосуларда өз үндеулерін жеткізіп отырады. Басына іс түскен өзге ұлт өкілін бауырына басқан қазақ жұртының қамқорлығын менің аталарым да көрген. Қуғыншылықтан бас сауғалап келген біздің туыстарымыз қазақтан пана тапқан. Мен мұны әке-шешемнің әңгімесінен естігенмін. Осы орайда, әлемдік аренада өзіндік қолтаңбасын қалдыра отырып, Қазақстан атты мемлекеттің барын жалпақ жұртқа жеткізген Елбасы еңбегі ерен. Бүгінде ширек ғасырдан астам уақытта шарықтап дамыған мемлекетіміз өркендеу жолында. Міне, әркез татулықтың діңгегі болған Отанымыз бірлігі жарасқан адуынды мемлекеттер қатарына қосылуға нық қадам басты.
Ең бастысы, «Алғыс айту күні» тыныштық пен үндестікке негіз болған барлық ел азаматтарына деген құрметтің орнығуына бастамашы айшықты мереке. Ұлттар жарасымдылығы жан-жақты бітімгершіліктің айғағына айналған еліміздің бет-бейнесі. Қазақ жұртшылығы қаймағы бұзылмаған қалпынан тайған емес. Елімізде мәңгілікке тұрақтаған бауырлас ағайындар егеменді елдің ертеңіне сеніммен қарап, қазақстандықтарға алғысын айта бермек.
Е.МЯСЦОВА,
ұстаз
ұстаз