1 наурыз - Алғыс айту күні
Елімізде көктемнің алғашқы күнінде Алғыс айту мерекесі атап өтіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан халқы биыл бесінші рет Алғыс айту күнін атап өтеді. Тағдырдың тәлкегімен елімізге қоныс аударған түрлі этнос өкілдерін қазақ халқы құшақ жая қарсы алып, ауыртпалық атаулыны бірге көтерді. Бұл күн - қиын-қыстау кезеңдерде қуаныш-қайғыны бөлісіп, пана бола білген қазақ халқына өзге ұлт өкілдерінің алғыс айтатын күні.
2016 жылы 14 қаңтарда ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1 наурыз - Алғыс айту күні деп жарияланғаны туралы жарлыққа қол қойды. Дәл осы 1 наурыз күні елімізде Қазақстан халқы Асссамблеясы құрылған болатын. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылдың 22 сәуірінде Ассамблеяның XXII сессиясында Алғыс айту күнін белгілеуге не түрткі болғанын айтқан болатын.
Елбасы сталиндік режім кезінде Қазақстанға 800 мыңға жуық неміс, 102 мың поляк, 550 мың Солтүстік Кавказ халқының өкілдері, 18,5 мың Қиыр Шығыстағы корей отбасылары көшіп келуге мәжбүр болғанын айтқан еді.
«Оларды пойыз вагондарынан жапан далаға түсіріп кетті. Ол кездері мұнда тек қазақтар өмір сүрді. Сондықтан олар қабыл алып, көмек көрсетті. Қиын уақыттарды бастан өткеріп жүрген қазақ отбасылары балшық үйлеріне кіргізіп, қабылдады. Біздің жанұямыз да үш баласы бар ерлі-зайыптыны қабылдады. Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнін - 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір-біріне мейірімділік көрсететін, түрлі халықтарды туғанындай қабылдаған қазақтарға Алғыс айту күні деп атап өткен дұрыс болар еді. Бұл бізді одан әрі жақындастырар еді. Бұл күн барлық қазақстандықтардың бір-біріне мейірім, достастық және махаббат таныту мерекесі бола алады», - деген еді Нұрсұлтан Назарбаев.
Алғыс айту күні ел аумағында кеңінен атап өтіліп, мерекеге орай әртүрлі шаралар ұйымдастырылады.