Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақтың келінімін

Қазақтың келінімін

"Мен қазақтың келінімін" деп мақтанышпен айтамын. Себебі ұлтым орыс болғанымен, туып-өскен жерім кең байтақ қазақтың жері, Отаным – Қазақстан.

Киелі Тереңөзек топырағында дүниеге келіп, осында мектепке барып, балалық шағым өткен жерімде өрісімді кеңейтіп, қазақ отбасына келін болу бақыты бұйырды. Көп балалы отбасының ең кенжесіне тұрмысқа шығып, өзім де көп балалы ана атандым. Балаларымның бірі орыс мектебінде оқыса, енді бірі қазақ мектебінде оқиды. Отбасымызда тек қана қазақша сөйлесеміз. Мұның барлығы ата-анамның бойыма сіңірген қасиеті.

Қиын қыстау заманда қазақ жерін паналап келген ата-бабаларымызға бір үзім нанын бөліп берген дархан көңіл қазақтың мейірбандығында шек жоқ. Қонақ келсе, соңғы асын дастарханға қойып, ештеңесін аямаған. Ондай мейірімділік тек қана қазақ ұлтына тән қасиет дер едім. Сондықтан ата-бабаларымыз өмір бойы қазақ ұлтына алғыстарын айтудан шаршамаған.

Көктемнің алғашқы күнімен қатар келетін алғыс айту күніне орай күллі қазақ халқына, жерлестеріме, құрбы-құрдастарыма, әріптестеріме, туған-туысқандарыма шексіз алғысымды білдіремін. Аспанымыз ашық, береке-бірлігіміз нығая берсін.

Татьяна ПОТАПОВА,
кент тұрғыны
25 ақпан 2020 ж. 958 0