Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мұстафа Шоқайдың балалық шағы

Мұстафа Шоқайдың балалық шағы


Ауылда
Мұстафа бес жасқа толмай-ақ анасы оған оқу мен жазуды үйретіпті. Ал бес жасында домбыра шерткен. Оның музыкаға деген ықыласы расымен зор еді. Әлі есімде, 1922 жылы екеуміз Трокадеро алаңындағы этнографиялық мұражайға бас сұқтық. Мұстафа сол жерден домбыра көрді. Мұражай қызметкерінен рұқсат сұраған соң, домбыраны қолына алды да, құлағын келтіріп, қазақша керемет бір әуен орындады. Сонсоң асқан қимастықпен домбыраны орнына қойды. Жүзіне қарасам, оның көздері жасқа толып, көңілі құлазып тұр екен. Оның дәл сол кездегі күйін мен бұған дейін де, бұдан кейін де көрмедім.
Мұстафа бірде балалық шағы туралы тебіреніп: «кішкентай кезімде мені бәрі жақсы көретін, еркелетін»,-деген еді. Осы қасиеттері есейгенше бойында сақталып қалды ма, әйтеуір, сезімтал, тез ренжігіш, болмашыны көңілге алғыш болатын.
Ауылында балаларға арабша үйреткен Құранды өте жақсы білетін ұлты түрік оқытушы болыпты. Мұстафа жаттау қабілетінің мықтылығымен ауыл балаларының ішінде ерекше көзге түсіп, сол ұстазының ең жақсы көретін шәкірті саналған екен. Құраннан көп сүрелерді жатқа оқып, онысын өзі де, ата-анасы да мақтан тұтатын болған. Үйіне келген әрбір қонаққа Мұстафа өз білгендерін олар сұрамаса да айта бастайды екен.
Жеті жасында оны әкесі Ақмешітке (қазіргі Қызылорда қаласы) мектепке тіркеуге алып кететін болады. Сол бір күндерін Мұстафа былайша суреттеп берген болатын: «Қос анам менің жақында ауылдан кететінімді естіп, құдды мәңгіге қоштасып жатқандай қатты жылады» (Мұстафаның әкесі екі әйел алған. Бірінші әйелінен бала болмағасын, екінші рет үйленген. Бірақ, Мұстафа үлкен анасын өз анасынан кем көрмейтін. Ал үлкен анасы оны өз баласындай жақсы көретін болған). «Мұны көріп, өзім де қобалжи бастадым. Тіпті алдағы оқуыма деген қызығушылығым қашты. Ал кіші інілерім мен туыстарым болса, бір ауыздан келісіп алғандай: «Ақмешітте сен орысша оқисың. Басыңа орыс фуражкасын кигізеді, оның күннен қорғайтын қалқаншасы болады. Ол күннің көзін жауып тастайды да, сен жарықты көрмейтін боласың. Біржола орыс тілінде сөйлеп, қазақ болуды доғарасың»,-деп шошытты. Жығылғанға жұдырық дегендей оларға түрік ағайым да қосылып: «Иә, иә. Мектепте сенің мойныңа шешілмейтін крест тағады, ал сен одан құтыла алмай жүретін боласың»,-деді. Осыларды естіп алған мен әкеме оқуға барғым келмейтінімді айттым. Әкем болса мені жұбатып әуре. «Осыдан қара да тұр. Оқуыңды бітірген соң, қазаққа пайдаңды келтіретін үлкен азамат боласың. Менің айтқанымды тыңда, өзгелердің қаңқу сөздеріне құлақ аспа! Ауыздарына келгендерін айта берсін! Күннің көзін көрмей қаламын деп қорықпа! Қай ақымақ саған мұны айтып жүрген?»,-деді. Ал мен болсам «түрік ұстаз айтты» деуге дәтім жетпей тұрып қалғаным бар. Ал ұстаз барша ауылға сыйлы болатын. Сонымен не керек, менің қалаға аттанатын күнім де туды. Туыстар мен достарыммен қоштасып тұрып, көз жасымды көрсетпеуге тырыстым. Әкем атқа мінді де, мені алдына отырғызып алды. Дәл сол сәтте уақытша болса да әкемнің жанымда болуы көңліме медет болды. Әтпесе, жылап жіберер ме едім, кім білсін!»
Ақмешіт қаласы
«Көп ұзамай біз Ақмешітке келіп жеттік. Осындағы үлкен үйлердің біріне тоқтадық. Маған қала өте шулы және үлкен болып көрінді. Өзімді осы қалада адасып кететіндей қорқып, әкемнің қолынан қатты қысып алдым. Алғаш рет орыс тілін өз құлағыммен осы қаладан естідім. Дәл осы орыстардай сөйлеп кете алмайтын шығармын деген ой басыма орала берді. Жан-жағыма қарасам барлығы кепкі мен фуражка киіп алған. Бір маңызды шаруаның ізінде жүрген кісілер сияқты. Солардың бірі маған ұрындай, өзімді қылмыскердей көріп қобалжып, әкемнің аяғына бір сүйкеніп, бір жармаса бердім. Әкемнің жүрісі жүйрік. Мен оған ілесе алмай арагідік жүгіріп-жүгіріп аламын.
Бір кезде маңдайшасында жазбасы бар тақтайша ілінген бір үйге кірдік. Онда адамдар мен өмірімде көріп білмеген ыдыстардан тамақ жеп отыр екен. Жан-жағыма көз жүгірте бастадым. Олардың әрекеттері мен үшін таңсық болатын. Біреусі орысша бірдеңелерді айтып, үстел бетін темір қасықпен тықылдатса, енді бірі оны құптаған кейіппен бастарын изеп қояды. Сөйтіп тұрып, көзім бір кісіге түсіп кетті. Ол үшкір бірдеңені (шанышқы) ауызына тыққалы жатыр екен. Мен қорқыныштан көзімді тарс жұмып алдым. Бірер сәттен соң көзімді ашсам, ол сол үшкір темірмен тамағын жеуді жалғастырып отыр екен. Әйтеуір, аман-есен.
Әкем отыра беруден жалықты ма, сыртқа мені ертіп шығып кетті. Күн жексенбі болатын. Сонан да болар көшеде адамдар ерсілі-қарсылы жүріп жатыр. Көпшіліктен менің басым айнала бастады. Қай бағыттан екені белгісіз, құлағыма музыка үні естіледі. Әкеме мұндай шулы жерде өмір сүре алмайтынымды айтып, «ауылға қайтадан алып кетші»,-деп жалындым. Ал әкем «бекер мазасызданатынымды, үйренісіп кететінімді түсіндіріп, біраз кеңестерін берді. Мен оның сөздерін құп көріп, бұдан әрі қыңқылдай беруімді қойдым.
Дүкен
Мені қайран қалдырған тағы бір орын дүкен болды. Онда жаныңа керектің түр-түрі бар екен. Алғаш рет ақшаны көрдім. Әкем белбеуінен бір қалташа шығарып, оның ішінен тиындар ала бастады. Сөйтті де сол ақшаларын сатушыға беріп, орнына зат алды. Бұл көрініс маған біртүрлі таңсық көрінді.
Алғашқы орыс тілі
Біз бұл күні мектепке бармадық. «Неге?»,-деген сұрақты да қойғым келмеді. Заттарды өзіміз тоқтаған үйге апарған соң, әкем екеуміз қонаққа кеттік. Ақмешітте оның саудамен айналысатын татар досы болатын. Ол бізді құшақ жая қарсы алып, өзіміздің дүстүр бойынша жайғарды. Осы үйге келгелі біраз еркінсіп, өз-өзіме келе бастадым. Алғашқыдағы қорқынышым да сейілді. Әкем әңгіме барысында татар досына мені орыс мектебіне беруге әкелгенін айтты. Татар болса оның дұрыс жасап жатқанын айтып, құптай кетті. «Мейрам сайын біздің үйге келіп тұр»,-деп менің иығымнан да қағып қойды. Іштей өзіме деген сенімділігім пайда болды. Әйтеуір бұл қаладан мен арқа сүйейтін бір адамның табылғанына қуандым. Бір күн осы үйде түнейтін болдық. Айтпақшы, татардың балалары бар екен. Мен олармен тез достасып кеттім. Ал бұл балалар орыс балаларымен бірге ойнайды екен. Өзімді орыс балаларымен қатар ойнап жүріп ыңғайсыз сезіндім. Қазақша сөйлемейтін, оның үстіне орыстың сары балаларын көру сондай таңғажайып нәрсе болатын. Бір жағынан орысша үйреніп алатыныма қуандым. Солардың ішінде Васька деген бала болды. Ол менен «орысша білесің бе?»,-деп сұрады. Мен үндегем жоқ. Сонымен не керек, Васька маған орысша үйретін боп өз мойнына алды. Бірақ, оның мектепте нағыз бұзақы бала екенін ол кезде білмейтінмін. Васька менің қыр соңымнан қалмай қойды.
-Как будет по-казахски «отец»?,-деп сұрады.
-Ата,-дедім мен.
-А «мать»?
-Шеше.
-Ну если так, тогда запомни, что по-русски «ата»-атец, а «шеше»-шешец. Понял?
-Понял.
-Не забудешь?
-Нет.
Менің қуанышымда шек жоқ. Васька мен үшін пайдалы болайын деп тұр. Соның арқасында бүгіндікке екі сөз жаттадым.
Мектеп
«Келесі күні әкем екеуміз мектепке бардық. Оқытушыға мені таныстырды. Оқытушы жақсы кісіге болатын. Менімен бірден қазақша сөйлесті. Басымнан сипап, маған орысша сөйлеу мен жазуды үйрететінін айтты. Осы оқуыңды бітірген соң, Ташкентте біліміңді жалғастырасың деді. Тек ұқыпты, тілалғыш болуымды ескертті. Ал мен баяғы мақтангөйлігіме салынып, орысша екі сөз білетінімді айттым. «Ол қандай сөздер?»,-деп ұстаз таңғалды. Мен «ата-атец, шеше-шешец»,-деп қойып қалдым. Оқытушы күлді, ал әкем болса түсінбей аң-таң. «Бұл сөздерді кім үйретті?»,-деп сұрады мұғалім. «Васька»,-дедім мен. Сонсоң оқытушы маған Васькадан аулақ жүруімді ескертті.
Тіркеу жұмыстарымызды бітірген соң әкем екеуміз ауылға қайтып, мен оқу алдындағы демалысымды ауылда өткіздім. Ал күзде Ақмешітке қайта келдім.»
Мария Шоқайдың «Я пишу Вам из Ножана…» естелігінен.
Орыс тілінен аударған Еркебұлан ЕРЛЕН
Қазақ ойшылы, оқымысты, мемлекет және қоғам қайраткері. Ақмешіт (қазіргі Қызылорда) қаласында дүниеге келді. Ол - белгілі Торғай датқаның немересі, Ер Шоқай - бектің ұлы. Нағашылары Хиуадағы қазақ хандары тұқымынан.
Мұстафа бастауыш білімді ауылда ата-анасынан алады. Осыдан соң Ташкенттегі орыс гимназиясын және Петербург университетінің заң факультетін үздік бітіріп шығады.
1912 жылы түрік-балқан соғысы бұрқ ете қалғанда, ол Түркияны қолдау қоғамына белсене араласты. Мұстафа Шоқай Мемлекеттік Думаның Мұсылман фракциясы Саяси бюросында Түркістан халықтарының бірден-бір өкілі болды. Думаның 1916 жылғы көтеріліске қатысушыларды жазалаушы казактардың айуандық әрекеттерін тексеру үшін комиссия құру туралы шешім қабылдауы барысында М. Шоқай шешуші рөл атқарды. Мұстафа, сондай-ақ, Құрылтай жиналысындағы "Түркістан халықтарының құқығын қорғау" жөніндегі өкілдер комиссиясын басқарды.
Өкімет басына Уақытша үкімет келген соң, оның басшысы А. Ф. Керенский М. Шоқайға министрдің портфелін ұсынады, бірақ Мұстафа бұл ұсыныстан бас тартады.
1917 жылғы Ақпан төңкерісі М. Шоқай тобының Түркістанда біртұтас Түркістан федерациясы құрамындағы ұлттық автономиялар құруға дайындалуына ықпал етті. Бірақ Уақытша үкімет Түркістан халықтарының өзін-өзі билеуіне қарсы шықты.
1917 жылдың наурызында М. Шоқай Ташкенттегі Мұсылмандар конгресінде құрылған Мұсылман орталығын басқарды. Мұсылман орталығы да автономия құруға әзірлене бастады.
1917 жылдың Қазан төңкерісін түркістандықтар қуана қарсы алды. Бірақ бұл қуаныш ұзаққа созылған жоқ, Кеңес өкіметі де Түркістан автономиясына үзілді-кесілді қарсы болатын.
1917 жылдың 22 қарашасында Қоқанда барлық саяси партиялар мен қозғалыстардың Бүкілтүркістандық конгресі өтіп, онда Қоқан автономиясының құрылғандығы жария етілді. Оның президенті болып Мұстафа Шоқай сайланды. Осы жылдың желтоқсанында М. Шоқай "Алашорда" үкіметінің құрамына кіреді.
1918 жылдың қаңтарында қарулы жұмысшы отрядтары мен қызылгвардияшылар Қоқанды шабуылмен басып алған соң, М. Шоқай Грузияға кетті. Онда ол Кавказ халықтарының демократиялық қозғалысына белсене ат салысады.
1920 жылы қызыл әскер Грузияға кіргенде, М. Шоқай Түркияға қоныс аударды, одан әрі Берлин асып, кейін Францияда тұрақтады. Эмиграцияда жүріп М. Шоқай кеңестік езгідегі Түркістан халықтарының өмірін көрсетуге арналған журналдар мен газеттер шығаруды ұйымдастырып, олардың жұмысына белсене араласады. Стамбұл мен Парижде, Берлин мен Лондонда, Варшавада ол Орта Азия туралы мақалаларын, теориялық зерттеулерін, тарихи және саяси шолуларын жариялады. Ол ұйымдастырған "Жаңа Түркістан" және "Жас Түркістан" журналдары тиісінше Стамбұл мен Берлинде басылып тұрды. Ұлы Отан соғысы басталысымен М. Шоқай тұтқындалып, Париж түбіндегі Компьен концлагеріне жіберіледі. Осында екі апта ұсталған ол кейіннен босатылады. М. Шоқай үйінде ұзақ бола алмайды. Оны әуелі Германияға, кейіннен Польшаға және Украинаға әкеліп, тұтқынға түскен түркістандықтармен жүздестіріледі. Лагерьлердің бірінде қазақтың ардагер ұлы 1941 жылдың 27 желтоқсанында дүниеден өтті.
Гуманист-ойшыл, демократ, энциклопедиялық білім иесі Мұстафа Шоқай ағартушы, Орта Азия мен Қазақстан халықтары тарихы мен мәдениетінің жоқтаушысы болды, ағылшын, француз, неміс, түрік және араб тілдерін өте жетік меңгерді. Бүкіл ғұмырын ол Орта Азия мен Қазақстан халықтарының ар-абыройын қорғауға, шындық үшін күреске арнады. Оның жан-жүрегі өле-өлгенше туған халқымен бірге болды.
23 қаңтар 2018 ж. 2 107 0