Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Үш тұздың құдіреті

Үш тұздың құдіреті

Ілгеріде бір кісі Оңтүстік Қазақстан облысына тойға барыпты. Құрметті мейман болған соң той иелері асты-үстіне түсіп, ілтипат танытады. Дастархан басында тілек айтады, би билейді. Жан-жақтан қаумалаған тойшыл қауыммен бірге қызыққа батып, шамалы масайыңқырап қалса керек. Содан той аяғы басылғанда сол жердегі бір-екі жігіттің айтуымен карта ойнауға баратын болыпты. Тойға деп алып барған бар ақшасын салып алып, әлгі жігіттермен қала шетіндегі бір үйге барады. Таныс орта емес. Есік алды қамал секілді қоршалған. Не керек әлгі кісі құмарға құнығып, бөтен адамдармен картаға кірісіп кетеді.
Өзі тойға барған адам. Біраз уақыт өткен соң мұны жанындағылар іздей бастайды. Ал ол болса құмар ойыннан ұтқан сайын есі шыға бастайды. Түн ортасы ауғанша отыра береді. Бір сәтте картадан шамалы ұтқаны бар жиналып, кетуге қамдана бастайды. Орнынан тұрып шығар есікке жақындай түскенде алдынан еңгезердей жігіт қарумен шығып, ұтылғанша кетпейтінін айтады. Әлгінің қуанышы су сепкендей басылады. Тіпті, бар ақшасынан ұтылғанның өзінде бұл жерден аман-сау шықпайтын секілді. Мұндай жағдайға өмірінде бірінші рет кезігіп отырған кісінің көз алдында өмірі бір сәтте зырғып өткендей. Амал жоқ, сол жерде кері бұрылып, «ашкөз» құмар ойыншылар тобына қайта қосылады. Сол отырғаннан келер күнгі таңды атырады. Көз де ілініп барады. Бірақ мынадай ортада ұйықтаудың өте қауіпті екенін біліп отыр. Арагідік тысқа шығып кең тыныстып, демалып алады. Сондай бір сәтте оның жанына бір орыс жігіт жақындайды.
– Не болды? Мына жерден шыға алмай тұрмысың?
– Сұрама! Қайда кіріп кеткенімді өзім түсінбей отырмын.
– Бұл жерден ешкім аман-сау шыққан емес, – деп үрей үстіне үрей қосты. Сосын өзі де құмар ойынның кесірінен осы үйде он жылдан аса уақыт жүргенін жеткізеді. Екеуі көршілес өңірден келген соң орыс жігіт әлгі кісіге бұл жерден шығуға көмек көрсететінін айтады. Мән-жайды түсіндіреді. Яғни ойын үстінде ишарат білдіргенде картаны тастап, орнынан тұрып кетуін ескертеді. «Құрметті мейман» ортаға қайта қосылады. Сол кезде үй иесі орыс жігітті шақырып алып, карта таратып отыруды бұйырады. Бұл мұның үйреншікті ісі секілді. Ақшадан ұтыла бастаған үй иесі мұны әдейі шақырғандай. Орыс жігіт 1-2 сағат таратып, қожайынын мәз қылады. Отырғандар ашуға булыққан. Ал әлгі кісі орыс жігіттің қабағын баққан. Бір кезде мейман болып барған кісінің қолына үш тұз келеді. Сол сәтте орыс жігіт картаны тастап, тұрып кетуге ишарат білдіреді. Қанша қорқып отырса да әлгі кісі картасын тастағысы келмейді. Алайда орыс жігіттің қайта басты изегенінен, орнынан тұрып кетеді. Бұған мән берген ешкім жоқ. Тысқа шығып, үйдің қапталына қарай жүреді. Артынан ілесіп орыс жігіт те келеді. Қамалдай болған қоршау бұрышындағы тесіктен іле-шала асығыс екеуі де көшеге шығады. Қамақтан құтылғандар алды-артына қарамастан таксиге мініп, бірден вокзалға тартады. Теміржол вокзалына жетіп, екі билет алып, вагондағы орындарына келіп жайғасады. Соның өзінде әлгі кісі уақытқа қайта-қайта қарап, пойыздың жүріп кетуіне тағатсызданады. Тыпыршып отыра алмай отырғанын көрген орыс жігіт:
– Қорықпа, – депті.

– Қайтіп қорықпайын, артымыздан іздеп келетін секілді.
– Қорқудың керегі жоқ. Олар жаңағы ойынмен ұзақ отырады. Мен олардың бәріне үш тұз таратып бергенмін, – деген көрінеді.
Бұл болған оқиғаны бекер айтып отырған жоқпыз. Қазір үш-төрт адамның басы қосыла қалса, құмар ойынға кірісіп кететінін көріп жүрміз. Тіпті арагідік көше бойында да дөңгелене отырған жігіттерді байқап қаламыз. Тапқан-таянғанын осы құмарға салып жіберген жігіттер де қаншама! «Ұтамыз» деп ұтылып, отбасының ойранын шығарып жүргендер де баршылық. Жалпы, мұндай құмар ойынның жақсы іс емес екендігі әуелден аян. Сондықтан әлгі кісідей күй кешпес үшін құмар ойынға құнықпай, жиған-тергенді отбасыға, бала-шағаға жұмсаған жөн.

Е.ЖАППАРБЕК
22 қазан 2019 ж. 760 0