Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тілі орысша Мансұр

Тілі орысша Мансұр

Бала деген жас шыбық. Қалай өсірсең, солай қарап бұрылып өседі. Ата-анасы қай тілде сөйлесе бала соны үйренеді. Бірақ бұл сөзімізді менің бүгінгі кішкентай кейіпкерім теріске шығарды. 8 жасар Мансұр Балтабайұлы қазақша ойлағанымен, орыс тілінде сөйлейді. Ол қазақ отбасында туған, кент тұрғындарына ұсталығымен белгілі Сәбит Тұңғышбаевтың немересі, Ағайша әженің шөбересі осындай ерекше бала.

Оның мұндай ерекшелігі туралы анасы Гүлзат:
–Мансұр мерзімінен сәл асып туылған тұңғышымыз. Оның тілі де ерте бір жарым жасында қазақша шықты. Кенттегі №2 бала бақшаға бергенде, ондағы тәрбиешілері баламның орысша сөйлейтінін айтты. Байқасақ баламыз көп уақытын компьютер алдында өткізеді екен. Ғаламтордағы түрлі мультфильмдер мен ойындарды орыс тілінде көретіндіктен, оның да сөйлеу тілі өзгеріп, тілі орысшаға ыңғайлана бастады. Бізбен қазақша сөйлеседі, бірақ уақыт өте келе ол үшін орыс тілінде жауап беру ыңғайлы бола бастады, – деді.

Жасы 5-ке келгенде орыс тіліндегі өлең шумақтарын жатқа оқып, екі тілде еркін сөйлеген Мансұрды ата-анасы аудандағы №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейдің орыс тілді сыныбына береді. Мұндағы алғашқы ұстазы Верховодова Зоя Алексеевна баланың қабілетін бірден аңғарады. Себебі сыныптағы қазақ балаларын орыс тілінде сөйлету оңай шаруа емес, ал Мансұр болса бірге оқитын сыныптастарын орыс тілінде сөйлетуге бірден бір себепші болатынына сенді.

Мінезі ашық, кез келген ортада өзін еркін ұстауға бейімі бар Мансұрмен бірден тіл табысып кеттік. Оның өскенде кім болғысы келетінін де сұрадық. Бала арманы тіс дәрігері болу екен. Себебі тіс аурудан көп қиындық көрген бала ешқашан тісінің ауырмағанын қалайды. Ол үшін міндетті түрде тіс дәрігері болуың керек, дейді.

– Балаға әзірге көп шектеу қоймаймыз. Оның еркін өскенін, өз ойын ашық айтқанын қалаймыз. Дегенмен ой-өрісін дамытатын қосымша тоғызқұмалақ, шахмат секілді спорт секцияларына беру ойда бар, – деді дарынды баланың анасы. Оқушы ретінде алдымен сабақты жақсы оқуды алдына мақсат етіп қойған кішкентай Мансұр бейнелеу, ағылшын тілі, математика, орыс әдебиеті пәндеріне ерекше ықылас танытады. Оның бұл пәндерге қызығушылығы басым болғандықтан, оны меңгеру де оған қиынға соқпайтын көрінеді. Бізбен әңгімелесу кезінде дереу орнынан тұра сала, орыс ақыны А.Пушкиннің "Няня" өлеңінен үзіндіні мәнерге салып оқығаны осы сөзімізге дәлел болса керек.  Сонымен қатар қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы, Ыбырай Алтынсариннің өлеңдерін жатқа білетінін білдік.

Дарынды баланың әзірге қоршаған ортаға қызығушылығын ата-анасы мен ұстазынан артық білетін адам жоқ шығар, сірә. Мансұрдың мұғалімі Зоя Алексеевна өзінің сөзінде:

– Мансұрды даярлық тобынан бастап оқытып келемін. Ол алғаш мектепке келгенде көзінде көзілдірігі бар кіп-кішкентай бала еді. Алғаш мектепке келген бала жасқаншақтау болады. Ал Мансұр ондай болған жоқ. Достарымен тіл табысып, олармен орыс тілінде қарым-қатынас орнатты. Қазір сыныптастырының алды. Барлығы Мансұрға ұқсап орыс тілінде еркін сөйлеуді үйреніп келеді. Баланың болашағы зор болатынына сенемін, – дейді ұлағатты ұстаз.

"Менің араманым әлемдегі жоқшылық көрген адамдарға көмектесу. Қолымда көп ақша болса, алдымен сол адамдарға баспана берер едім. Сонан соң қолдарына жұмыс беріп, өз күндерін өзі көретін дәрежеге жеткізетін едім. Сонда барлық адам бақытты, дені сау болып өмір сүретін болады. Әзірге менің достарым да көп емес. Бала бақшадағы досым Әлиханды сағынамын. Мектепте Әсетпен бірге жақсы доспыз" деп үлкен адамдарша өз ойын орысша жеткізгенМансұрға:
– Сенің атыңды кім қойды? Мансұр деп кімнің құрметіне қойғанын білесің бе?, – деп сұрадық.
– Менің есімімді ата-анам қойды. Қазақтың ханы Абылай ханның шын есімі Әбілмансұр болған. Мені де сол кісідей ел-жұртқа шапағаты тиетін, жақсы адам болып өссін деген ниетпен қойса керек, – деп мүдірместен жауап берген баланың болашағына үлкен сеніммен қарадық. Мансұрдың Сағадат пен Рания есімді бауырлары бар. Олар да ағалары секілді орыс тілінде еркін сөйлейтін көрінеді.
– Көр де тұрыңыз, мен сізге екінші сыныпты бітіргенде Мақтау қағазын міндетті түрде әкеп көрсететін боламын. Уәде – уәде. Мен қазір үздік оқуға талпынып жүрмін. Ата-анам, үлкен әжем, атам мен кіші әжем менімен мақтанатын болады, – деп қол алысқан балақанға жолың ашық, арманың асқақ болсын деп тілеуін тіледік.

"Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте" демекші, ана тілін мақтан тұтатын, өзге тілде сөйлейтін бала тіл көзден аман болсын.

Бибісара ЖАНӘЛІ
30 қаңтар 2020 ж. 2 251 0