МАҚТАНШАҚ, МАҚТАНҒАН ШАҚ
Бұл екеуі кейде бір мағынаны береді, кейде екіұдай пікір туғызады. Яғни, мақтаншақ пен мақтанған шақтың аражігін бірде ажыратып жатсақ, бірде екеуін де бір ұғымға жатқызамыз. Асылында, мақтаншақтық адам бойындағы керексіз қасиет болса, кей тұста мақтанудың да адам үшін қажеті бар. Енді осыған тереңінен үңілсек.
Алдымен, мақтаншақтыққа тоқталайық. Бұл адам мінезіндегі ең жағымсыз қасиет. Бұған халық даналығынан «Жағымпаз – жасқаншақ, жаман – мақтаншақ», «Мақтаншақты мақтасаң, басыңа секіреді», «Мақтаншақтың қазаны бос қайнайды» және тағы басқа да мақал-мәтелдерді айтуға болады. Бес дұшпанның бірі болған мұндай қажетсіз қасиет өзімшіл, менмен, тәкәппар адамдардың бойында кездеседі. Олар үнемі өзін-өзі дәріптеуді ұнатады. Қай жерде жүрсе де тек «өзін айтса» дейді, іс жасағанда «өзгелер көрсе» дейді. Мұндай міні көп мінезге қатысты дана Абай жиырма бірінші қара сөзінде: « ...Мақтаншақ деген біреуі «демесін» демейді, «десін» дейді. Бай десін, батыр десін, қу десін, пысық десін, әрдайым не түрлі болса да, «десін» деп азаптанып жүріп, «демесінді» ұмытып кетеді. Ұмытпақ түгілі әуелі іс екен деп ескермейді» деп ашып айтқан. Осылай «десін» деп жүріп, бос мақтан қуу күнделікті әдетке айналса, ол адам адалдық, адамгершілік, имандылық секілді ізгі қасиеттерден ада болмақ. Яғни, мақтанқұмарлыққа бой беріп, мағынасыз тіршілік кешпек.
Ал енді мақтанған шақтың қажетті тұсын да атап өтейік. Жоғарыда айтқан жиырма бірінші қара сөзде қазақ ойшылы: «Аз ба, көп пе, адам баласы бір түрлі мақтаннан аман болмағы – қиын іс. Сол мақтан деген нәрсенің мен екі түрлісін байқадым: біреуінің атын «үлкендік» деп атаймын, біреуін «мақтаншақтық» деймін. Үлкендік – адам ішінен өзін-өзі бағалы есеп қылмақ. Яғни, надан атанбастығын, жеңіл атанбастығын, мақтаншақ атанбастығын, әдепсіз, арсыз, байлаусыз, пайдасыз, сұрамшақ, өсекші, өтірікші, алдамшы, кеселді – осындай жарамсыз қылықтардан сақтанып, сол мінездерді бойына қорлық біліп, өзін ондайлардан зор есептемек. Бұл мінез – ақылдылардың, арлылардың, артықтардың мінезі. Олар өзімді «жақсы» демесе, мейлі білсін, «жаман» дегізбесем екен деп азаптанады» дейді. Яки, жамандар «жақсымын» деп айқайлап жатқанда, жақсылар «жақсымын» деп айта алмайды, тек соған лайықты болудың қамын жасайды. Ондай адамдармен көпшілік мақтанады. Олар жасаған үлгілі ісін үрдіске айналдырып, ел-халық үшін қам қылады. Соның нәтижесінде, есімі елге белгілі болып, жұртшылық тындырымды тірлігін мақтауға тұрарлық деп санайды. Ел мақтаса, жұрт жақтаса «үлкендік» болған қасиеттің қажет тұсы осы. Бұл арлылардың, ақылдылардың ісі. Ал ел арасынан әдейілеп мақтан іздеу – бос әурешілік екені тағы да айқын. Сондықтан мақтаншақтыққа бой алдырмай, мақтанған шақтың көп болғаны абзал. «Мақтан қума, бірақ бар күшіңмен мақтауға лайық әрекет жасауға тырыс» деген екен белгілі ойшыл Я.Коменский.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ