Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлы даланың ұлы тұлғасы

Ұлы даланың ұлы тұлғасы

Биылғы жылы 1150 жыл­дығы аталып өтіліп жатқан Әл-Фараби бабамыз – қазақ топы­рағынан шық­қан ұлы данышпан. Оның ілім-білімге деген алғашқы ынтасы, ғы­лы­ми ойының алғашқы ұш­қын­дары туған жері Отырарда, оның тамаша кітапхана­сын­да басталған.
Әл-Фараби жастайынан түрлі ғылымдарды оқып үйренді. Оның ақыл-ойының ұшқырлығы мен білімінің молдығына тәнті болған талай жан еріксіз таңдай қаққан. Ол бірнеше тілдерді әсіресе араб, парсы, түрік тілдерін жетік меңгерді. Ұлы ойшыл біраз жылдар Бағдат шаһарында ғылыми ізденістермен айналысып тұрақтап қалады. Содан кейін Шам аймағына қоныс аударады да сексен жасқа жетіп, өмірден өткенше сол өлкеде қалады. Алғашқы сапарында Әл-Фараби Бағдат шаһарында логика, математика ғылымдарын терең зерттеп, араб тілін игереді. Ол елден асқан зерек еді. Дүниенің өткінші қызықтарынан, ойын-сауықтан алыс болатын. Тұрмысына жетерлік аз дүниеге қанағат етіп, уақытының барлығын ғылым жолына арнайтын. Ол алдыңғы тол­қындағы даналардың ізін қуған данышпан. Сондай-ақ ол медицина ғылымын да толық меңгерген. Ал Шам аймағына келген кезде Әл-Фараби алғашында Дамаск қаласындағы бір бақта бағбан болып жұмыс істейді. Мұнда ол жеміс ағаштарын баптай жүріп ғылыммен айналысуын әрі қарай жалғастырады. Ол әсіресе логика ғылымын терең зерттеді. Бұрын-соңды осы салада жазылған еңбектердің бәрін парақтап оқып тауысты. Тұрмысының жұпынылығына қарамастан қолындағы бар қаражатын кітап сатып алуға жұмсап, күні-түні ғылыммен айналысты. Ол бақ қарауылшысы ретінде берілетін май шамның жарығымен талай томдарды оқып түгесті. Өзінің еңбектерін де жазып шықты. Ақырында оның есімі әлемге жайылды. Еңбектері шартарапқа тарағаннан соң есімі дүниеге әйгілі болды. Уақыт өте келе оны білім иелері мойындап, өз заманының бірегей ғұламасына, біртуар дара тұлғасына айналды.
Әл-Фарабидің аса парасаттылығы туралы естіген Халеб қаласының әкімі Сәйф әд-Дәулә әл-Хамдани оны басқа да мұсылман ғалымдармен бірге сарайына шақырып құрметтеп, қонақ қылады. Ұлы данышпанның даналық сөздерін ден қойып тыңдаған әмірші оны өзіне жақындатуды ойлайды. Оны қазылыққа тағайындайды. Әл-Фараби киетін киімі мен тұрмысына аса көп назар аудармайтын. Оның қарапайым тіршілік кешкені сондай, кейде тек қана қара сумен күнелткен кездері де болған. Ұлы ойшыл қазылық қызмет атқарып жүрген тұсында да ғылымнан қол үзген емес. Бірде таным өрісін одан әрі кеңейтіп, білімін молайта түсуді көздеген данышпан қазылық мансаптан бас тартады. Одан кейінгі өмірінде ғылымның алуан түрлерімен, өнермен шұғылданады. Саз өнерінің қыр-сырларын тексеріп, терең игерген ғұлама көп ішекті ғажайып аспап ойлап табады. Бұл «цитра» атты музыкалық аспап болатын.      
Әл-Фараби жетпіске тарта кітаптар мен зерттеу жұмыстарын жазып кетті. Оларда пәлсапа, астрономия, логика, геометрия, музыка сынды ғылым мен өнердің сан алуан түрінің мәселелері талқыланады. Алайда оның еңбектерінің көбі аумалы-төкпелі замандарда жоғалып кетті де бізге осынау мол мұраның аздаған бөлігі ғана жетті. Әл-Фараби еңбектері һижраның төртінші, бесінші ғасырларында мұсылман әлемінің шығыс бөлігіне таралып, одан соң Андалузияға жетті. Андалузиялықтар Әл-Фараби еңбектерін оқып-үйреніп, олардан көршілес еуропалықтар оқып, көпшілігін өз тілдеріне аударады. Әл-Фараби ғылымдарды басты екі бөлімге бөлген. Бірінші – теориялық ғылымдар. Бұл топқа жаратылыстану ғылымдары мен метафизиканы енгізген. Екінші: – практикалық ғылымдар. Бұл топқа этика, фиқһ, кәләм ғылымдарын жатқызған. Данышпан бұл пікірін «Ихса әл-Улум» («Ғылымдардың классификациясы») атты еңбегінде келтірген. Осы кітап Әл-Фарабидің түрлі танымдар мен ғылымдарды энциклопедиялық тәсілмен алғаш рет жүйелеген ғалым екендігін дәлелдейді. Аталмыш еңбегінде ғұлама оқырманды әрбір ғылым саласының қыр-сырымен таныстыруға тырысқан. Еуропалық шығыстанушылар мен тарихшылардың пайымдауынша, Әл-Фараби – сондай-ақ Шығыс пәлсапасының да негізін қалаушы. Олар ұлы кемеңгердің келелі пікірлерінің астарларына үңіліп, көп зерттеген. Әл-Фарабидің ойшылдығына тәнті болған. Ғұламаның пікірлерінің құндылығы сонда – ол пәлсапалық ой-толғаныстарын ежелгі грек данышпандары Аристотель, Платондардың пікірлері негіздерінде өрбіте отырып, сол пікірлерді ислами негіздерге орайластырған. Сондай-ақ Әл-Фарабидің «Ара’у әл-Мәдинат әл-Фадила» («Ізгі қаланың пікірлері») атты атақты кітабы бар. Бұл еңбекте ұлы философтың этика, қоғамтану, саясат, теология, психология салаларындағы құнды пікірлері жинақталған. Әл-Фараби ізгі қала деп идеалды билік жүйесін атайды. Ол қаланың тұрғындарының осы дүниеде де, ақыретте де бақытты болуларының жолдарын іздейді. Әрбір халықтың осы бақытқа жетуі үшін керекті жайттардың ғылыми негіздерін жасап шыққан. Мысырдың жиырмасыншы ғасырдағы ойшылы Аббас Махмуд Аққад әл-Фарабидің аталмыш кітабы жайында: «Әл-Фарабидің басқа мұсылман білгірлерінен ерекшелігі сол – ол саясатты таза пәлсапалық таным тұрғысынан қарастырып, зерттей білген. Биліктің ең идеалды түрін елестетіп, оның жүзеге асуы үшін қажетті этикалық нормалар, саяси принциптерді белгілеген. Билеуші мен биленушінің мақсаттарын нақты түрде айқындаған. Жамандық пен азғындық жайлаған қоғамды қатты сынаған. Айналып келгенде, мұның бәрі Әл-Фарабидің кемеңгерлік деңгейі мен пікірінің еркін екендігін дәлелдейді» деп ой тербейді. Әл-Фараби Бағдат шаһарында әл-Муқтадир билләһ атты халифаның тұсында логика ғылымын оқып-үйреніп, жетік меңгереді.
Жалпы Әл-Фарабидің ғылымның логика саласында жазған еңбектері көп болған. Әрі нақ осы салалардағы тың пікірлері оның атын асқақтатып, төрткүл дүниеге әйгілі етті. Сол еңбектердің бірі жоғарыда атап өткен «Ихса әл-Улум» кітабы. Ол аталмыш кітабында түр­лі ғылымдардың басын тоқайластырып, олармен таныстырып өткен. Әл-Фарабидің бұл жаңашылдығы бұрын-соңды болмаған жаңа ғылыми әдіс болатын. Сондықтан бұл кітап әл-Фарабидің жаңашылдығына жарқын дәлел бола алады. «Платон және Аристотель философияларының негіздері» атты кітабы. Әл-Фарабидің философия ғылымындағы керемет білімдарлығын, даналық атаулының қыр-сырын жетік меңгергендігіне айғақтайтын еңбегі. Бұл кітап – логикалық дәлел келтіру мен ғылыми зерттеудің негіздерін үйрететін және түрлі ғылымдардың құпия-сырларын ашып көрсететін таптырмас құрал. Ұлы данышпан жаратылыстану, логика салаларындағы өзінің алдына қойған мақсаттарына жетіп, олардың әрқайсысына жеке-жеке кітап жазып шыққан. Осылайша ғылым-білімнің әу бастағы қайнар бұлағы Алла Тағала тарапынан келетіндігіне жаратылыстану ғылымдарынан нақты дәлел­дер келтірген.
Әл-Фараби сынды ұлы ғұлама есімінің өз Отаны – қазақ топырағына қайта оралуы­на ғалым, академик Ақжан Машанов орасан зор еңбек сіңірді. Ол елу жылдан астам өмірін Әл-Фараби бабамызды зерттеуге арнады. Әл-Фарабидің зиратын табуға өзбектен шыққан үлкен мемлекет қайраткері, КСРО-ның Сирия Араб республикасындағы елшісі қызметін атқарған Нұриддин Мұхитдиновтың көп көмегі тиеді. Бабамыздың мұрасын іздетуді тоқтатпаған А.Машанов әйгілі ғұлама Птоломейдің арнайы картасын жасап, Отырарды Әл-Фарабидің туған жері деп көрсетіп кеткен бұлтартпас дәлелін табады. Сөйтіп, «Әл-Фараби ұлы ғалымдар қатарында халықаралық тізімге кіргізілсін, оның 1150 жылдық мерейтойы КСРО-да, Отаны – Қазақстанда тойлансын» деген ЮНЕСКО қаулысының қабылдануына көп еңбек етті. А.Машанов республика Ғылым академиясының президенттері Қаныш Сәтбаевтың, кейіннен Шахмардан Есеновтың тікелей қолдауымен шетелдерден Әл-Фараби еңбектерін алдыртып, оларды қазақ, орыс тілдеріне аудартып, бабамыздың пәлсапалық, логикалық, саяси-әлеуметтік, математикалық, жаратылыстанушылық, музыкалық трактаттарын жеке-жеке кітап болып басылып жарық көруіне ұйытқы болды.
1991 жылы Қазақ Ұлттық университетіне Әбу Насыр Әл-Фарабидің есімі берілді. Ал 1993 жылы осы университетте Әл-Фараби ғылыми-зерттеу орталығы ашылды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Әл-Фараби бабамыздың мұраларын зерттеу, насихаттау, оларды келесі ұрпаққа жеткізуде көптеген жұмыстар атқарылуда. Бұл жас ұрпақ үшін үрдісті үлгі болары хақ.


Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ
01 мамыр 2020 ж. 524 0