Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жыршы Рахмет Мәзхожаев атындағы көше

Жыршы Рахмет Мәзхожаев атындағы көше

Ауданның әрбір елді мекеніне сапарымыз барысында ауыл тарихымен бірге жасап келе жатқан негізгі көше туралы жазуды дәстүрге айналдырдық. Бұл бір жағынан ел тарихына қосқан үлесіміз және белгілі тұлға есімі ұрпақ жадында сақталуы тиіс деген ниет. Ауыл тұрғындары үшін де маңызы мол мәліметті ақпараттандыру арқылы ел шежіресі жаңғыра түспек.

Аманкелді ауылдық округінде 14 көше бар. Ауыл тұрғындары бүгінде жарықтанған, асфальттанған көшенің бойында қоныстанып, ел-жұрт жайма-шуақ күн кешуде. Ауылдың жанданған, жаңарған келбетіне көз сүйсінетіндей. Көшелері таза, көркейіп-көгалданған.

Ауыл орталығындағы №42 Қ.Баймағамбетов атындағы мектеп-лицей орналасқан көше Рахмет Мәзхожаевтың атымен аталады. Ауылдың қалыптасуына бел­­­се­­не араласқан кісі ел аузында қал­ған жыршы болған. Колхоз құры­лысына белсенді араласқан Рахмет Мәзхожаевтың өмірдерегіне қанық болу үшін сол көшенің байырғы тұрғыны Иман Жансейітовпен әңгіме­лескен едік. Қария көшеге атау 1995 жылы берілгенін айтты.

– 1881 жылы осы ауылда өмірге келіп, 95 жыл өмір сүрген жырау 1976 жылы дүние салды. Ол кісіні көзіміз көрді. Өзінің айтуынша, 16 жасынан жыр жырлаған. Колхозшы, өндіріс бригадирі болған. Жастайынан «Қыз Жібек», «Қобыланды», «Алпамыс», «Қамбар батыр» секілді жырды жатқа айтқан. 31 жасында «Көроғлыны» жырлаған екен. Оны Нақыпқожа жы­рау­дан үйренген дейтін. Ол өзіне немере ағасы Қалқожаны ұстаз тұтқан. Ақын деп ел-жұрты қадірлеген. Қуаныш Баймағанбетов өзінің жазбаларында «ертекті айтушы Рахмет, өлеңге айналдырған Қуаныш» деп отырған. Ауылда туып өскен қос биік тұлға шығармашылық байланыста бол­ған, бір-бірін дамытып отырған, – дейді осы көшенің ең үлкен қарты.

Ұзындығы 1090 метрге созылған Рахмет Мәзхожаев атындағы көшеде 42 үй бар, онда 189 тұрғын тұрады. А.Ағайдаров көшесімен қиылысады. Білімнің қарашаңырағы орналасқан мектеп-лицейде дарынды шәкірттер білім алуда. Ауызбіршілігі мен татулығы жарасқан ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігі қуантады. Егін егіп, әр аулада кесек құйып жатқандардың қарасы қалың. Адал табыс табуға ұмтылған аманкелділіктер еңбекке жұмылған.

Көше­нің аты берілген Рахмет Мәзхожаев соғыс жылдарында тыл мен майдан даласын байланыстырған қазақтың әнші-композиторы Нартай Бекежанов ұйымдастырған концерттік-эстрадалық бригадада қызмет етеді. Бригада құрамында жүріп облыстың барлық өңірінде, Өзбекстанның Тамдысында, Қарақалпақстанда болып, өнерін көрсетеді. Ақын Р.Мәзхожаев Е.Қандеков, Ә.Жүргенбаев, Ө.Жай­лауовтармен айтысқан. Жыраудың репертуарында шығыс әдебиетінің жауһарлары да болған. Атақты «Көроғлы» дастаны жырау жинаған нұсқасы бойынша кітап болып шық­қан. Ол аңыз-әңгімелерді, шешен­дік сөздерді жинаумен де айналысқан. Р.Мәзхожаевтың шығар­малары «Пер­­не­дегі термелер», «Айтыс» кіта­бының үшінші томына енген. Р.Мәзхожаев туралы «Ақын жырау­лар», «Сыр елінің өнер өрендері», «Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы» және 2006 жылы жарық көрген «Сыр елі» энциклопедиясында жазылған. Жыраудың шығар­машылығында атақты Майлықожа мен Үсен Алшынның қызы Айманкүлдің және Тазша мен Ақжарқалы сұлудың айтысын жазып алғандығы айтылады.

Ауылда жыраудың ұрпақтары бар. Ауыл халқы жырау есімін мәңгі ұлықтап, ұрпақ жадында жаңғыртуды мақсат еткен.

Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ
23 тамыз 2025 ж. 33 0