Білім мен ойдың ұшқырлығы сыналды

Танымы бөлек, тағылымы мол іс-шараны ашқан аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев хәкім Абай Құнанбайұлының 180 жылдығымен құттықтап, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Ұлы ақынның 180 жылдығы биыл ауқымды түрде ұйымдастырылғаны мәлім. Даналық дәнін сепкен ұлы кемеңгердің мол мұрасы келер ұрпақтың жол бастаушысына айналатыны жасырын емес. Аудан көлемінде атаулы күн аясында көптеген іс-шара ұйымдастырылды. Кемеңгердің өмір жолы мен тәлімін, ғибратын насихаттау – басты парыз, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Интеллектуалдық сайыста аудан бойынша 4 топ бақ сынап, өзара мықтыны анықтады. Білім мен ойдың ұшқырлығы сыналатын бәсекеде Сырдария аудандық сотының «Асыл мұра», аудандық аурухананың «Денсаулық сақшылары», жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен «Асыл сөз», жастар ресурстық орталығынан «Жалын» тобы даралануға ұмтылды. Сайыс 5 кезеңнен тұрды. Қатысушылар «Абай әлеміне саяхат», «Жүрегімнің түбіне терең бойла», «Ойлан, тап!» «Әнді сүйсең, менше сүй», «Қазақта қара сөзден дес бермедім» кезеңдері бойынша өз мүмкіндіктерін байқатты. Олардың білім деңгейіне халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалының төрағасы Шаһарбек Нұрсейіт, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Ақбота Асанова төрелік етті.
Әділ қазылардың шешімімен аудандық аурухананың «Денсаулық сақшылар» тобы сайыстың бас жүлдесін жеңіп алды. Ал жүлделі І орынды «Жалын», ІІ орынды «Асыл мұра», ІІІ орынды «Асыл сөз» иеленді. Жеңіс тұғырынан көрінген барлық қатысушыны аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев марапаттап, сый-құрмет көрсетті.
Балтабай АЯБЕКҰЛЫ