Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бір салымы – бір өгіз

Бір салымы – бір өгіз

Аманкелділік Диас Бақыт кең иықты, алып денелі қазақтың батырынан айнымайды. Биыл 23 жасты толтырған жігіт – нағыз спортшы. Тұрған жерінде қарсыласын алып та, шалып та жығатын қауқары бар кейіпкеріміз ат үстінде ойнақтайды. Көкпарға шауып, серкені тақымына қысқан Диастың әрбір жарыста қанжығасы майланып жүр.

Он екі-он үш жасында «Бурак» деген жылқының жалына жармасқан Диас Жалғасбекұлы дала дарабозына айналып үлгерген. Бокс үйірмесіне қатысып жүрген Диастың көкпар ойнауға қабілетін байқап, оның ағалары Бағдат Бекежан, Абылай Бердібек, Бағлан Дүрман ұлттық спорттың қыр-сырын үйреткен. Көкпардың техникалық ережесін меңгерткен олар көкпаршы жігітті әбден шынықтырып, машық­тандырады. Облыс көлемінде өткізі­летін жаппай көкпарға қатыстырып, салымды ең бірінші мәреге әкелуге дағдыландырады. Міне, соның арқа­сында Диас талай мықтының алдына тайсалмай шығады.

– Еш уақытта көкпар мен қазақты бір-бірінен ажыратып ала алмаймыз. Көкпар – ер жігіттің мықтылығын, батырлығын сынайтын ойын. Атпен епті жүру, оған бағыну, серкені алып қашу – шын жүйріктің ісі. «Көкпар тартып көрмеген – көкжал бола алмас» деген мақалды әрбір спортшы ұмытпағаны жөн. Бұл ойын ержүректілік, қайсарлық, ат үстіндегі ептілік пен ұжымдық рухтың көрінісі саналады. Соңғы 10 жылда көкпарға қатысып келемін. Жылқының бабы­на көңіл бөліп, күтімін назардан шығармаймыз. Маусым айының аяғы­нан бастап, тамыздың басына дейін жылқы қорадан шығарылмайды. Бұны біз қырық күндік шілде ретінде қарастырып, атты бидаймен баптаймыз. Осыған дейін бірнеше атым болды. «Доллар» деген жылқымды ерекше бағалайтын едім. Шымкент қаласынан келіп сатып алды, – дейді Диас Бақыт.

Қазіргі уақытта Қырғызстан елінен келген 7 жастағы «Евуро» деген жылқы Диастың сенімді серігіне айналған. Аманкелді ауылында 10-15 жігіт топ болып, жаппай көкпардың көрігін қыздырады. Диастың ағасы Бағдат Бекежан – ат баптаудың шебері. Көкпарға барардан бұрын жылқының жағдайын бағдарлап, олжа салу үшін барынша жаттықтырады.

– Аманкелді ауылының атын шығаруда аянып қалмасымыз анық. Ат үстінде жүріп, жетістікке жетуді ойлаймыз. Ең бастысы – жылқы мен адамның қауіпсіздігі басты орында. Көкпарға шабар алдында барлық дайындықты пысықтаймыз. Ауылдың мерейін асырып жүрген көкпаршылар қатарында Айбек Әбсаттар, Нұрбек Әбсаттар, Сабыржан Серікбай, Батыржан Серікбай, Әсет Мақсұтұлы, Бағдат Бекежан, Бағлан Дүрмән, Бердібек Абылай, Бекарыс Өмірзақ, Қанат Қасымов бар. Биыл да көкпар жарысына қатысып, жүлдеге іліктік. Алдағы күн­дері бірнеше жарысқа қатысатын ойымыз бар. Осыған дейін тақымның мықтылығының арқасында өгіз бен бағалы сыйлық ұтып үлгердім, – дейді көкпаршы жігіт.
Диас Жалғасбекұлы – отбасында 4 ағайынды. Негізгі мамандығы спорт саласымен байланысты.

Балтабай
ОРДАБЕКОВ

23 тамыз 2025 ж. 31 0