Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекеттік грант бағасы: өтеу міндетін білесіз бе?

Мемлекеттік грант бағасы: өтеу міндетін білесіз бе?

Құқығың мен міндетіңді білмеу жауапкершіліктен құтқармайды. Өз кезегінде мемлекеттік грант негізінде білім алып, кейіннен өз мамандығы бойынша жұмыс жасамағандар грант қаржысын мемлекетке қайтаруға міндеттеледі. Әр жылдары аздаған өзгеріске ұшыраған заңдылық бұрыннан бар. Бас­тысы, оқуға құжат тапсырғанда келісімшарт пен құжаттарға қол қою кезінде мұқият оқып шығу ұсынылады.

Бүгінгі басты тақырыптың бірі – мектеп түлектерінің мемлекеттік грант иегері атануы мен жаңа оқу жылына байланысты болып тұр. Осы ретте түлектер үшін жоғары оқу орнында құжат қабылдау әлдеқашан басталып кетті. Ұзын-сонар кезекте тұрып, кезегі кеш бата жеткен көпшілікке қабылдау комиссиясы грант өтеуі туралы ауызша ескертпеуі де мүмкін. Десек те бұл туралы келісімшартта жазылуы қажет.

Мемлекеттік білім беру грантында білім алған студент дипломды маман атанғаннан кейін грантты еңбекпен өтейді. Бұл бұрындары белгілі бағыт бойынша білім алғандарға ғана мін­детті болатын. 2021 жылдан бастап мем­лекеттік білім беру гранты бойын­ша мемлекет есебінен шәкіртақы ала отырып білім алған бакалавриат түлектері, магистранттар мен докторант­тар уни­верситет бітіргеннен кейін өз мамандығы бойынша үш жыл жұмыс істеуі тиіс. Айтпақшы, бұрын бұл қарыз тек мемлекеттік мекемелерде жұмыс істеген уақытта ғана қайтарылған болып есептелетін. Қазіргі таңда талап жеңілдеп, жекеменшік мекемелерде жұмыс істегендер де грант өтеуін өтеген болып есептеледі.

Айта кететін жайт, бұл ақылы негізде білім алушыларға қатысты емес. Ал егер студент университетке ақылы түрде түсіп, бірақ белгілі бір уақыт ішінде оқу үлгеріміне байланыс­ты гранттық негізге ауысатын болса, сол жылдардағы уақытпен ғана грантты өтейді. Бұл заң университет бітірген түлектердің өз мамандығы бойынша жұмыс істеп әрі мемлекетке қызмет етуін басты мақсат етеді. Бұл ретте түрлі мамандықтарды жүйелеп отырудың да маңызы зор.

– Университетке түскенде де, бітір­генде де бізге бұл туралы айтылмады. Мемлекеттік гранттың өтеуі бар екенін шынын айтқанда білмедік. Тек жеке шотқа бірнеше миллион қарыз жазылып, соттан қоңырау түскенде төбемнен жай түскендей болды. Әри­не қазіргі таңда мамандық бойынша жұмыс табу өте қиын. Сол себепті жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін жеке негізде жұмыс жасап жүрген едім. Енді грант өтеуін мемлекетке толық өтеуге міндеттелдім, – дейді атын атамауды өтінген кейіпкеріміз.

Расында, қазіргі таңда тұрақты жұмыс табу оңай емес. Десек те заманына қарай адамы екені және бар. Мемлекет алғашқы жұмыс орны бойынша немесе қоғамдық, жастар практикасы негізінде жұмыс орнын ұсынады. Бірақ кей жастар жалақы мен жеке қалауларына қарай басқа саланы таңдап жатады. Бұл өз кезегінде маман тапшылығын туғызып отыр.
Түлек оқуды бітірген жылдың 1 қыр­күйегінен бастап жұмыс істеуі қажет. Мамандығы бойынша жұмысқа орналаспаған түлек белгіленген мер­зім аяқ­талғаннан кейін оқу шығынын өтеу­ге жауапты болмақ. Ал кей жағ­дайлар­да мемлекеттік грантты өтеу міндеті жойы­лады. Мысалы, бакалавриаттан кейін магистратура бөліміне оқуға түссе, І, ІІ топ мүгедегі болса немесе аяғы ауыр келіншектер үшін мемлекеттік грантты өтеу мін­деттілігі тоқтатылады. Сонымен қатар тұрғылықты жерінде мамандығы бойынша жұмыс орны болмауы мен үш жасқа дейінгі баланы жалғыз тәрбиелеу де заңдылыққа сәйкес жауапкершіліктен құтқарады. Айта кететін жағдай, магистратураға оқуға түскен түлек бакалавр бойынша грант өтеуінен құтылғанымен, магистратура бөлімін грант негізінде оқыса, оны да жұмыс өтіліммен өтеуге мәжбүр болады.

Міндеттеме толық өтелмеген жағ­дайда іске құқық қорғау органдары араласады. Десе де бұл гранттан бас тартуға еш себеп емес. Бұл тақырып аясында Қаржы орталығынан кеңес алуға болады. Бүгінгі күннің маңызды мәселесі ретінде осы тақырып аясында мәселенің мәнісін зерделеуді жөн санадық. Талап – дипломды маман ретінде өз мамандығы негізінде жұмыс жасау қажет. Бұл өз кезегінде түрлі ұйымдардағы кадр мәселесін шешуге септігін тигізіп, түлектердің жұмыспен қамтылу мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
Фото: Ашық дереккөзден
23 тамыз 2025 ж. 33 0