Ұлттық бренд ретінде ұлықтау – мақсат
Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына байланысты салтанатты шара өтіп, соның аясында Әл-Фараби орталығы-кітапханасы ашылды. Оған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты. Сондай-ақ әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойының салтанатты ашылуына БҰҰ және ЮНЕСКО, ИЫҰ, ТҮРКСОЙ, сонымен қатар басқа да халықаралық ұйымдардың, Қазақстандағы дипломатиялық миссиялардың өкілдері, ЖОО ректорлары, ғылыми орталықтар мен ҒЗИ жетекшілері, танымал шетелдік және отандық фарабитанушы-ғалымдар келді.
ЮНЕСКО-ның қамқорлығымен жыл бойына халықаралық ауқымда аталып өтілетін салтанатты шарада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев сөз сөйлеп, мерейтойдың мақсат-міндетіне тоқталды.
– Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын атап өтудің басты мақсаты – ғалымның мұрасын зерделеуге жаңа серпін беру, әлем тарихындағы оның орнын айқындап, есімін ұлттық бренд ретінде ұлықтау. Мерейтойды мерекелеу аясында Түркістан облысында әл-Фараби мұрасын қайта жаңғырту және Отырар қаласын туристік кластер ретінде қайта қалпына келтіруге арналған іс-шаралар жүзеге асатын болады. Чехия, Дамаск қаласындағы әл-Фараби мәдени-тарихи орталығы мен музей үйін жетілдіру мәселесі қолға алынады. Сол орталықтың негізінде Тәуелсіз Қазақстанның Бас консулдығы мен Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филиалы құрылатын болады. Сондай-ақ «Әл-Фараби ізімен» деп аталатын ғылыми-экспедиция өз жұмысын бастайды. Мұның барлығы ғылым мен білімнің дамуына тың серпін беруі керек, – деді Мемлекеттік хатшы.
Сонымен бірге Қырымбек Елеуұлы ғұлама ойшылдың мерейтойы аясында жүзеге асырылатын міндеттерді де атап өтті. Әл-Фарабиді дәріптеуде ең алдымен ұлы ойшылдың идеялары мен қағидаттарының теориялық негіздерін жаңа заманға сай пайдалану қажет. Екіншіден, ғұлама ғалымның мұрасын өзекті ғылыми зерттеулерде және инновациялық білім беру үдерістерінде кеңінен қолдану керек. Үшіншіден, әл-Фараби идеяларының негізінде жаңа үлгідегі мемлекеттік ұстанымдарды зерделеген жөн. Төртіншіден, кең ауқымдағы мерейтой заманауи білім жүйесінің, білім мен инновацияның дамуына және халықаралық ынтымақтастыққа қуатты серпін беру тиіс. Осындай айқындалған міндеттер шығыс ойшылы мұрасының дәріптелуіне ықпал етпек.
Әл-Фараби орталығы-кітапханасы салтанатты түрде ашылған соң құрметті меймандар әлемге әйгілі ғалымға арналған мұражай экспозицияларымен танысып, оның еңбектері мен ол туралы жазылған отандық және шетелдік басылымдар қойылған көрмені, Қазақстанның Тұңғыш Президентіне, Абай және Алаш қозғалысының қайраткерлеріне арналған залдарды, Сирек және құнды кітаптар қоры мен цифрлы оқу залын аралап көрді.
Сонымен қатар салтанатты шара аясында мәдениет саласы бойынша Тұңғыш Президент – Елбасының мемлекеттік шәкіртақысын ресми табыс ету рәсімі өтті. Атап айтқанда, Қазақстанның мәдениетін өркендетіп, әлемге танытуға өз үлестерін қосып жүрген шығармашылық иелері Бибігүл Төлегенова, Асанәлі Әшімов, Сәбит Досанов, Мырзатай Жолдасбеков, Ескендір Хасанғалиев, Нұрғали Нүсіпжанов, Болат Аюханов, Сара Тыныштығұлова, Смағұл Елубай, Меруерт Өтекешова бастаған қазақ әдебиеті мен өнерінің майталмандары және тағы басқа талантты жас дарындар мемлекеттік стипендияға ие болды.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ