Әлемнің екінші ұстазы
Биылғы жыл – қазақстандықтар үшін мерейлі белестер жылы. Олай дейтініміз, қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын кең көлемде атап өтетін болсақ, «Әлемнің екінші ұстазы» атанған Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығын ЮНЕСКО көлемінде насихаттаймыз. Яғни бұл жыл ел мерейін асыратын айтулы жылдар қатарын толықтырмақ. Осы тұста Аристотельден кейінгі екінші ұстаз саналатын Әбу Насыр Әл-Фарабидің өмірі мен шығармашылығы туралы ой қозғасақ.
Шығыстың ғұлама ойшылының толық аты-жөні – Әбу-Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед Тархан ибн Ұзлағ Әл-Фараби. Оның есімінде «Тархан» деген атаудың болуы түрік тайпасының дәулетті бір ортасынан шыққандығын дәлелдейді. Ол 870 жылы Арыс өзенінің Сырға барып құятын сағасындағы қазақтың ежелгі қаласы – Отырарда дүниеге келген. Бұл жерді арабтар «Барба-Фараб» деп атап кеткен. Содан барып ол Әбу Насыр әл-Фараби, яғни Фарабтан шыққан Әбу Насыр атанған. Сол тұста өмір сүргендердің қалдырған жазбаларына қарағанда, Отырар қаласы IX ғасырда тарихи қатынастар мен сауда жолдарының торабындағы аса ірі мәдениет орталығы болған.
«Ол дәулетті отбасында өмірге келді. Оның әкесі әскери қолбасшы болған. Орта ғасырда Фараб қаласы ғылым мен мәдениеттің ордасы еді. Мұнда Александриядан кейінгі әлемдегі ең үлкен кітапхана орналасты. Осының арқасында Әл-Фараби ондағы құнды қолжазбалар және кітаптармен танысуға мүмкіндік алды. Ғалымның жастық шағы осы шаһарда өтті», – дейді «Әл-Фараби» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор Жақыпбек Алтайұлы «Әл-Фараби музейі» атты деректі фильмінде.
Әбу Насыр бала күнінен ғылымға үйір болып өскен. Оған жоғарыда атап өткен сол заманда Отырардағы аса бай кітапхананың септігі көп тиген. Әл-Фараби парсы, грек тілдерін үйреніп, осы тілдерде ғылыми трактаттар оқиды. Фараб пен Бұқарада бастапқы білім алған соң әл-Фараби өз білімін жетілдіру мақсатында Бағдатқа аттанады. Фарабидің дүниетанымының қалыптасуына Мерв мектебінің ғылыми дәстүрлері мен философиялық бағдарлары өз әсерін қалдырды. Бағдадта әл-Фараби ғылым мен әртүрлі пәндерді оқиды. Білімге деген құштарлығының арқасында Әл-Фараби сол уақыттағы ғылым мен білімнің ордасы саналған Дамаск, Халеб, Каир, Шаш, Самарқан, Бұхара, Мерв, Нишапур, Рей, Хамадан қаласында болып, білімін үнемі жетілдірумен болған. Шығыс шаһарларында ол өз дәуірінің ең көрнекті ғалымдарымен, көркем сөз деректерімен танысып, солардан тәлім-тәрбие алды.
Шығыстың ғұлама ойшылы, математик, астролог, музыка теоретигі, философ, ғалым көп ізденістің нәтижесінде «Әлемнің екінші ұстазы» атанды. Ол философия саласы бойынша грек ойшылы Аристотельдің «Категориялар», «Метафизика», «Герменевтика», «Риторика», «Поэтика», бірінші және екінші «Аналитика», «Топикасы» және тағы басқа көптеген еңбектеріне түсініктемелер жазды. Сондықтан да ол шығыс аристотелизмінің ең ірі өкілі саналды. Көрнекті ойшыл Аристотельдің әлеуметтік-қоғамдық идеяларын дамыта отырып, өз тарапынан «Кемеңгерлік меруерті», «Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы», «Мәселелердің түп мазмұны», «Ғалымдардың шығуы», «Бақытқа жету», «Азаматтық саясат», «Мемлекеттік қайраткерлердің нақыл сөздері» сияқты көптеген сындарлы философиялық еңбектер жазған. Фараби бұл еңбектерде дүние, қоғам, мемлекет, адамдардың қатынастары туралы заманнан озық тұрған пікірлер, пайымдаулар айтады.
Жалпы, Әл-Фарабидің шығармашылық мұрасы орасан зор. Оның 150-ге жуық философиялық және ғылыми трактаттары бар. Ғалым философия мен логика, саясат пен этика, музыка мен астрономияны зерттеді. Ғұлама ойшыл ғылымды 2 топқа бөлген: біріншісі – теориялық ғылымдар. Бұл топқа жаратылыстану ғылымдары мен метафизиканы енгізген. Екіншісі – практикалық ғылымдар. Бұл топқа этика, фиқһ, кәләм (исламдағы өзекті тақырыптарын қамтыған ғылым саласы) ғылымдарын жатқызған.
Әл-Фарабидің ғылыми еңбектерінің ең әйгілісі – «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары жайлы трактат». Онда ғалым қала басшыларын «қайырымды және надан» деп екіге бөледі. Десе де шығыс ойшылы «Тұрғындар қай кезде бақытты болады?» деген сұраққа жауап іздеген. Ғалымның пікірінше, бұл шаһардың әкімдеріне байланысты. Егер әкім білімді, әділ, ойы таза болса, барлық қала тұрғыны бақытты болады. Ал қаланың әкімі надан болса, өтірік айтса, шаһардың адамдары бақытсыз болады. Әл-Фараби шын бақытқа жету үшін адам үнемі іздену керек дейді.
Әбу Насырдың музыка теориясы, музыка өнері, риторика мен поэзия, эстетика проблемалары жайлы көркемдік-эстетикалық көзқарастары да аса құнды. Бұған байланысты атақты «Музыка туралы үлкен трактат» деген шығармасы әлемнің көптеген тілдеріне аударылған. Бұл трактаттың ұрпақты рухани жағынан тәрбиелеуге, ғылымды дамытуға, мәдени және мәдени-ағартушылық жұмыстарын жүргізуге тәрбиелік маңызы зор.Ғалым рухани күш табиғатын анықтауға да көп мән берген. Ол өзінің «Даналық негіздері» атты еңбегінде адам табиғатының қасиеттеріне қарай оның сыртқы және ішкі дүниесінің бар екенін айтады. Қоршаған ортаның құбылыстарын тани алатын физиологиялық дене құрылысы мен бітім болмысын құрайтын сыртқы тән сезімдері ішкі дүниеге де әсерін тигізеді. Ал ішкі құпия дүние дегеніміз – адамның рухани күштері. Оның еңбектерінде адам баласының ішкі дүниесі мен сыртқы дүниесі арасалмағына ерекше мән беріледі. Ғалымның айтуынша, рухы әлсіз адамдардың ішкі әлемін құрайтын сезім күйлерінің терең өріс алуы оның сыртқы дүниесінің белсенділігін өшіреді, яғни дүние құбылыстарын дұрыс табиғи тепе-теңдікте қабылдай алмайтындай жағдайға жеткізеді.
Фарабидің пікірінше, математика адамның білімін тереңдете түседі, әрі басқа ғылым салаларының дамуына тікелей әсерін тигізеді.Оның математикалық трактаттары осы замандағы математика ілімінің негізі болып табылады. Фарабидің анықтауы бойынша логика-ойлаудың заңдары мен ережелері туралы ғылым. Осы ғылымның арқасында адам өзінің ойын анық та айқын, жүйелі түрге келтіреді, ойлау, ой қорыту, талқылау барысында логикалық қателер жіберуден аулақ болады.
Әл-Фарабидің көшпелілер мен отырықшылар өркениетін және Шығыс пен Грек-Рим мәдениетін өзара байланыстыруы әлі күнге дейін елімізді дүние жүзіне танытуда маңызды орын алады. Оның философиялық еңбектерінің тәрбиелік мәні «Тарихи философиялық трактаттарында» көрсетілгеніндей, мәңгілік пен тәуелділік бастауларын құдіретті Алладан, аспан әлеміндегі құбылыстардың мәнінен, ақыл мен адамның жан дүниесінен, түр мен материя арақатынасынан іздеуінде. Ғұлама ойшыл өз кезеңінің діни түсініктерін философиялық тұрғыдан дамытады, халықты ұлттық тәрбиеге баулиды. Сондай-ақ ғұлама ойшыл медицина ғылымдарын меңгеруге де бар күшін салады.
Жалпы, ұлы ойшыл көп ізденістің нәтижесінде көптеген сұрақтарға жауап тапты. Соны кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырды. Оның еңбектері күні бүгінге дейін өз мән-маңызын жоғалтқан жоқ. «Білімсіз адамгершілік молаймайды, білімсіз адам өзгенің абзал қасиеттерін тани алмайды. Жан-дүниені тәрбиелемей үлкен жетістікке жету жоқ. Ғылым мен тәрбие ұштасса ғана рухани салауаттылыққа жол ашылмақ. Мінез-құлқын түзей алмаған адамның ақиқат ғылымға қолы жетпейді» деген нақылың өзі оның ұлылығын білдіреді. Сондықтан Әл-Фарабидің мемлекет, ел басқару жөніндегі тұжырымдары, әлеуметтік-этикалық саяси көзқарастары бүгінгі қоғам үшін де айрықша маңызды. Оның еңбектері еуропалық Ренессанстың өрлеуіне үлкен ықпал етті. Фараби Шығыс пен Батыстың ғылымы мен ежелгі мәдениетін табыстыруда зор рөл атқарды. Ғылымдарды бір арнаға ұштастыра біліп, сол арқылы ұлы ойшыл, көрнекті ғалым, әлемнің екінші ұстазы атанды. Ол 950 жылы 80 жасында өмірден өтті.
Әл-Фарабидің мұраларының Қазақстанда түбегейлі зерттелуі XX ғасырдың 60 жылдарында басталған. ЮНЕСКО-ның шешімі бойынша әл-Фарабидің 1100 жылдығын атап өту қолға алынған. Содан бері философтың көптеген дүниелері зерттелді. Дегенмен әлі сыры ашылмаған мол мұрасы бар. Биылғы 1150 жылдық айтулы мерейлі жылында сол мұралар зерттеліп, кең көлемде насихатталады деген сенімдеміз.
Дайындаған Е.БЕРКІНБАЕВ