Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Түтіні түзу шыққан ауыл

Түтіні түзу шыққан ауыл

Тілшілік сапардың осы жолғы бағыты Аманкелді ауылына арналды. Иә, 534 отбасында 2731 халық тұратын елді мекеннің тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында тілшілер қосыны жолға шықтық. Берекесі тасыған ауылдың ақсақалдарымен дидарласып, жергілікті әкімшілікке бас сұқтық. Сайланғанына тамыз айында 1 жыл толған ауыл әкімі Зейнұр Жаманқұлов елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық жағдайы жөнінде мол ақпарат берді.

Ең алдымен, жасалған жұмысқа, атқарылған мақсат-міндетке назар аудармастан бұрын, ауыл тарихына тереңнен көз жүгірттік. Сыр шаһарымен іргелес орналасқан ауылдың тарихы 1929 жылдан бас­талады. Алғаш «Құмшығанақ» болып ұйымдасқан колхозда 27 үй ғана қамтылған. Шаруашылық негізде жер өндеп, тіршілік еткен аумаққа Жолтай Арыстанбаев деген азамат жетекшілік еткен. Сол кезеңде Аманкелді кеңшарында мүйізді ірі қара басын көбейту бойынша елеулі жұмыс атқарылған. Бір жылдары Айдарлы ауылынан бөлініп шыққан Аманкелді кеңшарында қаракөл қойының тұқы­мын асылдандыру мақсатында көпшілік ғылыми-тәжірибелік бағытта жұмыс жасаған. Аманкелді ауылында төрт түліктің санын көбейтуге арналған көптеген іс-шара жүзеге асырылған. Совхозда аудандық, об­лыс­тық, республикалық деңгейде семинар өткізіліп тұрған. Облыс көлеміндегі мал шаруашылығымен ай­на­­лысатын 31 қой сов­хозын 1990 жылға дейін тегіс сұр қаракөл тұқы­мымен қамтамасыз етті.

Совхозда зоотехник оқытатын курс ашылып, облыс мамандары оқып отырған. 1999 жылы бұрынғы Ленин атауы алынып тасталып, ауыл Аманкелді деп аталды. Көптеген еңбек адамдарын шығарған елді мекеннің құрамында алғашында Жетікөл ауылы болды. 2004 жылы Жетікөл өз алдына Аманкелдіден бөлініп шыққан.

Біз тарихын қысқаша шолып шыққан Аманкелді ауылы мал шаруашылығымен кеңінен айналыс­қан. Талай еңбегімен та­ныл­ған жандар ауылдың көркеюіне ерекше үлес қосқан. Бүгінде ауылдың өрісі кеңейген. Елді мекенде мектеп-лицей, балабақша, аурухана, ауылдық мәдениет үйі, кітапхана, «Қазпошта» бөлімшесі, ветеринариялық станса, ауылдық өнер мектебі және өрт сөндіру бекеті халыққа қызмет көрсетеді. Мұнда 3 тыл ардагері, 24 «Алтын алқа» және 66 «Күміс алқа» иесі бар. Елді мекеннің экономикалық дамуының негізгі саласы – ауыл шаруашылығы болып табылады. Іргелі ауылда 3798 ірі қара, 2060 жылқы, 7686 қой, 554 ешкі және 1459 құс тіркелген. Ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі артып, жергілікті халық картоп, қауын, қарбыз, асқабақ, пияз, сәбіз, қызанақ, қияр, жаңа және ескі жоңышқа еккен.

– Аманкелді ауылында 1230 эко­но­микалық белсенді халық бар. 2024 жылы 40 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылса, биыл 42 азамат еңбек етуде. Былтыр 7 адам жастар тәжірибесімен қабылданса, биылғы көрсеткіш 5-ті құрады. 27 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алу үшін құжат тапсырған болатын. Есепті мерзімде 14 отбасының өтініші қанағаттандырылды. Кәсіпкерлікті дамы­ту бағытында елді мекенде бірқатар жоба жүзеге асырылды. Жыл басынан бастап жаңадан тіркелген кәсіпкерлер саны – 11 болса, жалпы 139 бизнес иесі жұмысын жандандыруда. Еңбек нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасының грант тетігі арқылы 7 жоба мақұлданды, – дейді ауыл әкімі Зейнұр Қайриддинұлы.

Есепті мер­зімде Аманкелді ауылында бір­шама жұмыс атқарылған. Анығын айт­қанда, елді ме­кендегі тозығы жет­кен электр желісі мен бағанасын ауыстыру мақ­сатында республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, «Уни­версал СтройСервис» ЖШС арқылы тиісті жұмыс жүргізілген. Су жинайтын мұнара жа­ңар­ты­­лып, ауылдық емханаға күрделі жөн­деу жасалған. Санитарлық таза­лық іс-шарасы толықтай жүзеге асырылып, А.Ағайдаров, А.Жанкин және Ж.Құлымбетов көшелерінің ауызсу құбыры алмас­тырылған. Қоғамдық тәр­тіп пен қауіп­сіз­дікті қам­­та­масыз ету мақ­сатында арнайы бей­небақылау камерасы ор­натылған. Жергілікті кә­сіп­ке­лерді қол­дау мақ­са­тында «Биз­нестің жол картасы», «Іс­кер» және «Агро­бизнес» бағдарламасы арқылы құны 43 млн 85 мың теңгенің 6 жобасы қар­жыландырылды.

– 2025 жылдың 6 айында жоспарлы жұмыс тиісті деңгейде жүзеге асырылуда. Аманкелді ауылдық округі әкімі ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізілді. Ұлы Отан соғысының 80 жылдығы аясында ауылымыздағы «Тағзым» алаңы қайта қалыпқа келтірілді. Жұмыссыз жастар арасында құрылған «Жастар бригадасы» арқылы 5 гектар жерге егін егілді. Көше жөндеу барысы назардан тыс қалмайды. Ауылдағы білім ошағының ауласын абаттандыру, спорт зал және асханаға ағымдағы жөндеу жасалынды. Үнемі ауыл тұрғындарының әлеуметтік мәселелеріне иек артамыз, – деді ауыл әкімі.

Балтабай ОРДАБЕКОВ

23 тамыз 2025 ж. 41 0