Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » ӘЖЕМ АЙТҚАН ЕРТЕГІ

ӘЖЕМ АЙТҚАН ЕРТЕГІ

АУДАНДЫҚ МӘДЕНИЕТ ҮЙІНДЕ ЕЛБАСЫНЫҢ “РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ: БОЛАШАҚҚА БАҒДАР” ЖӘНЕ “ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ЖЕТІ ҚЫРЫ” БАҒДАРЛАМАЛЫҚ МАҚАЛАЛАРЫ АЯСЫНДА “ӘЖЕМ АЙТҚАН ЕРТЕГІ” ТАҚЫРЫБЫНДА АУДАНДЫҚ БАЙҚАУ ӨТКІЗІЛДІ.
Бала жанын байытып, ой-өрісін дамытатын байқауға кент пен 9 ауылдан өнерлі 11 әже мен немере қатысты. Бұл орайда аталмыш байқау әр ауылда алдын ала өткізіліп, аудандық жарысқа сол сайыстан іріктеліп шыққан мықтылар қатысқанын айтуға тиіспіз.
Аудандық байқау төрт кезеңнен тұрды. Біріншісі таныстыру болатын. Аты-жөнін, қандай рудан екенін айтумен ғана шектелмей, ауылының жарқын жетістіктерін жарқыратып көрсеткен жандар жоғары бағаға ие болды. Бұл орайда бесарықтық әже Нысанкүл Әйтенованы көпке үлгі етуге болады. Ол Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Бесарықтың тамыры терең тарихы мен ауылының жетістіктерін немерелерімен бірге көпшілікке паш етті. Елбасы мақаласында Ұлы Жібек жолына арнайы тарау қарастырылғандықтан Нысанкүл әже немерелері Ұлдана мен Ұлболғанның таныстырулары тартымды шықты. Сонымен қатар шағандық әже Әлима Жұмабаева мен немересі Мирас және кент орталығынан Алтынай Камалова мен немересі Кәусардың өнерлері сәтті шықты. “Ерте, ерте, ертеде...” деп аталатын ертегі айту кезеңінде шағандық және нағилық әжелер мен немерелер шығармашылық биіктен көрінді. Себебі шағандық әже немересіне ертегі айту кезінде ертегі кейіпкерлері өздерімен бірге сахнадан көрініп, өз рольдерін әдемі орындап шықты. Ал нағилық әже немересіне ертегі айтқанда көрнекі құралдармен дайындап келген кейіпкерлерді көрсетіп, ертегінің мазмұнын аша түсті. Сондықтан бұл әжелер айтқан ертегі балаларға түсінікті болумен қатар мазмұны да көркем болып көрінді. Шағын бір мақалада әр әже мен немереге жеке-жеке тоқталу мүмкін емес. Оның қажеттілігі де бола қоймас. Дегенмен “Әжем айтқан ертегі” кезеңі көпшілікке жақсы әсер қалдырды. Көп жыл мектеп басқарып, бүгінде немерелерін тәрбиелеп жатқан бесарықтық зейнеткер Нысанкүл Әйтенова сахна төрінде немерелеріне айтқандай телефон, планшеттен гөрі кітап, ертегі оқу баланың ой-өрісін дамытатын бірден бір құрал екенін дәлелдеді. Байқау барысында оның жеңімпаздары анықталды. Бас жүлдеге шағандық Әлима Жұмабаева мен немересі Мирас лайық деп танылды. Бірінші орынды амангелділік әже Бисенкүл Иманбердиева немересі Батыржан, екі екінші орынды бесарықтық Нысанкүл Әйтенова немерелері Ұлдана, Ұлболғанмен және нағилық Айымкүл Жұбанышева немересі Ерасыл иемденді. Ал үшінші орынды асқарлық Бисенкүл Маханқызы немересі Аружан және кент орталығының тұрғыны Нағила Мұқанова немересі Дулатқа тиесілі болды.
Бұл мерекелік іс-шара Елбасы мақаласына орай ата дәстүрді ұлықтап, жаңғыртқан тағылымды шара болды.

Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ
24 наурыз 2019 ж. 3 358 0