Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұстаз рухы көкке өрледі

Ұстаз рухы көкке өрледі

Біз бұған дейін аудан көлемінде өткізілетін ақындар мүшәйрасының көбісін көзіміз көріп жүрген болатынбыз. «25 қазан – Республика күні» мерекесінде ауданға қарасты Қалжан ахун ауылын­да форматы өзгеше өлең-сөз шеберлерінің бәсекесіне куә болдық. Жақында «AMANAT» партиясының «Ұлттық мұра» партиялық жобасы аясында Ұлы Отан соғысының ардагері, ұлағатты ұстаз Шарапат Жансымақовты еске алуға арналған «Майдангер ұстаз» тақырыбында шәкіртін білім нәрімен сусындатқан мұғалімдер арасында мүшәйра өткізілді.

Сырдария ауданы бойынша білім бөлімінің ұйытқы болуымен жүзеге асқан Ұлы Отан соғысының ардагері, ұлағатты ұстаз Шарапат Жансымақовты еске алуға арналған мүшәйра екі кезеңнен тұрды. Ең алдымен, ұстаздар қауымы жыр дода­сының басты кейіпкеріне арнау өлең­ді ұсынды. Бұдан кейін олардың еркін тақырыпта жазылған өлеңдері көпшіліктің көңілінен шықты. Өз кезегінде мүшәйрада Ә.Жәмішов атындағы №129 мектеп-лицейден Биболат Опабеков, Қ.Баймағанбетов атындағы №42 мектеп-лицейден Бекежан Ұлархан, О.Әбілпаттаев атындағы №210 орта мектептен Бибіхан Сағидоллақызы мен Айшабибі Мұхтарова, №137 орта мектептен Гүлсім Жоламанова, №126 орта мектептен Мұхамеджан Мансұров, И.Тоқтыбаев атындағы №35 мектеп-лицейден Гүлнұр Жүсіп, №139 орта мектептен Салтанат Торғаева, Т.Қозыбаев атындағы №131 мектептен Гүлжанар Әбілова, Арайлым Жақсылықова, Ұлбосын Жақсылықова, №44 орта мектептен Алмат Доспенбетов, Ә.Тәжібаев атындағы №36 мектеп-лицейден Айсұлу Балашбек, А.Тоқмағанбетов атындағы №135 орта мектептен Аружан Махамбетқалиева бақ сынады.

Айта кетейік, «аузымен құс тісте­ген» ақындардың өнеріне ақын, «AMANAT» партиясының аудандық филиалының Атқарушы хатшысы, ҚР Жазушылар және Журналистер ода­ғының мүшесі Ақтөре Ибрагимұлы, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреа­ты, ҚР Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Қаршыға Есімсейітова, аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторының орынбасары Балтабай Ордабеков төрелік етті.


– «AMANAT» партиясының «Ұлт­тық мұра» партиялық жобасы негі­зінде Сырдария ауданы бойынша білім бөлімімен бірлесіп, ұлағатты ұстаз Шарапат Жансымақовты ес­ке алуға арналған мүшәйраны ұйым­дастырып отырмыз. Майдан даласында кеудесін оққа тосқан арда азамат­тың өмір жолы – көпке өнеге. Шәкіртті білім нәрімен сусындатқан әрбір мұғалімнің шығармашылығы кеңінен танылды деп ойлаймын. Өлең­нің құдіретін сезіне білген кез келген педагог берілген тақырыпты ашуға барын салған. Қазылар алқа­сының құрамы барлық ақынның өлеңін саралап, нағыз үздікті анық­тауға тырысты. Майдангердің ұрпақ­тары іс-шараның жоғары деңгейде өткі­зілуіне атсалыс­ты, – деді Ақтөре Ибрагимұлы.


Негізінен майдангер Шарапат Жансымақов – халқына емшілігімен танылған, осы өңірге аты мәшһүр болған Жансымақ емшінің тікелей ұрпағы саналады. Бүгінде Қалжан ахун ауылы маңындағы «Жансымақ ағашы» аталатын жер – сол кісінің қонысы болған тарихи мекен. Ел арасында ерлігімен танылған майдангер І-Беларусь майданында 33-гвардиялық мотоатқыштар бри­га­дасы сапында жауға қарсы ерлікпен шайқасқан. Соғыс даласында кейіпкеріміз бірнеше мәрте жарақат алған. Соған қарамастан, же­ңіс жолында өзіндік табандылығын танытқан ардақты азамат ерлігі үшін бірнеше медальға қол жеткізді. Соғыс­тан келгеннен кейін халықтың арасында даңқы көкке өрлеген Шарапат Жансымақов 27 жыл бойы үздік­сіз ұстаздық етіп, саналы ұрпақ тәрбиелей білді.


Қазылар алқасының шешімімен жүлделі І орынды Салтанат Торғаева, ІІ орынды Алмат Доспенбетов, ІІІ орынды Гүлсім Жоламанова еншіледі. Мүшәйра қорытындысы бойынша Мұхамеджан Мансұров пен Биболат Опабековке арнайы жүлде белгіленді. Бұл ретте, Шарапат Жансымақовтың шәкірті Серік Досқалиев пен еңбек ардагері Болат Дүйсенбаев, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ҚР Жазушылар және Журналистер одағы­ның мүшесі Қаршыға Есімсейіто­ва, ­Қалжан ахун ауы­лының әкімі Мақсұт Қаратаев, майдангердің ұрпақтары Ұлбибі Жансымақова мен Руслан Жансымақов сөз сөйлеп, мара­­пат төрінен көрінген барлық ақынға сый-құрмет көрсетті. Оларға қаржылай сыйлық табысталып, дип­лом, Алғыс хатпен марапатталды.


Осы ретте, Дархан Разақов жетек­шілік ететін ауылдық клуб үйінің өнер­паздары өнер көрсетті.

Б.АЯБЕКҰЛЫ

29 қазан 2025 ж. 83 0