ЕСТЕН КЕТПЕС ЕСТІ ӘУЕН
Өнегелі қариясымен мақтанатын Шаған ауылында кезекті шараның шымылдығы түрілгелі жатқан болатын. Қолына музыкалық аспаптарын алған қариялар ауылдық мәдениет үйіне таң сәріден келіп алған. Бір-бірімен дидарласып, ауылдың жай-күйін сұрасып, қауқылдасып қалды. Бір кезде ескі таныстарын жолықтырған өз заманының белді тұлғалары, бүгінгі күннің көреген қарттары кезекті байқаудың алғы шартын талқылай бастады. Барлығының мақсаты ескіден келе жатқан есті әуенді қайта жаңғырту. Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы аясында Шаған ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Өнер - өшпес қазына» тақырыбында аудан ардагерлері арасында ұмытылып бара жатқан ескі әндерді орындаудан байқау өткізілді.
Шара барысында кент және ауылдардан келген қатысушылар қазақ халқының фольклорлық сарыны қалыптасқан ескі әндерді нақышына келтіріп орындады. Халыққа бұрыннан таныс, естен кетпес әуендер көпшілік көңілінен шығып, халықтың оң бағасына ие болды. Бұдан бөлек қатысушылар еркін тақырыптағы әндерді орындап, вокальдық, музыкалық қабілеттерін аша түсті. Кейбірі жеке дауыста ән айтса, екіншісі халық аспаптарының сүйемелдеуімен өз өнерлерін көрсетті. Өмірі өлшеусіз құндылыққа толы қариялардың ән табиғатына енуі жан-жақты әділ қазы тарапынан сараланды. Өз кезегінде ауыл ардагерлері мен қонақтары сөз алып, бүгінгі шараның маңыздылығына атап өтті. Байқау қатысушыларына әділ бағасын берген әділқазылар алқасының құрамында Шаған ауылдық әуез мектебінің директоры Ө.Сарыбаев, аудандық балалар әуез мектебінің мұғалімі, аудандық мәдениет үйінің мәдени-ұйымдастырушысы Б. Сәдуақасов болды. Байқау қорытындысында жеңімпаздар анықталып, арнайы диплом мен бағалы сыйлықтарға ие болды.
Б.ОРДАБЕКОВ