Бала – ата-ана айнасы
«Бала – ата-ананың айнасы» дейді халық даналығы. Бұл сөздің мәні тереңде. Себебі баланың әрбір қимылы, сөйлеген сөзі мен мінезі — ата-анасының тәрбиесі мен үлгісінің көрінісі. Баланың бойындағы ізгі қасиеттер де, мінезіндегі кемшіліктер де отбасындағы қарым-қатынастан қалыптасады, бастау алады.Бала – елдің ертеңі, ұлттың болашағы. Сондықтан оның құқығын қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, дұрыс тәрбие беру – қоғамның ең басты міндетінің бірі. Қазақстан Республикасының заңдарында бала құқығын сақтау ерекше назарда. Себебі, баланың еркін дамуымен тұлға ретінде қалыптасуы оның құқығының қорғалуына тікелей байланысты.
Бала құқықтары туралы Конвенцияда әр баланың өмір сүруге, білім алуға, демалуға, өз ойын еркін айтуға құқығы бар екені атап көрсетілген. Алайда кей ата-ана тарапынан немесе қоғам ішінде бұл құқық ескерілмей жатады.
Бала тәрбиесі – тек мектептің емес, ең алдымен отбасының жауапкершілігі. Үйдегі тәртіп пен сүйіспеншілік баланың мінез-құлқын, адамгершілігін қалыптастырады. Ал мектеп пен ұстаздар – сол тәрбиеге бағыт беруші.
Бүгінгі таңда оқушылар арасында өзара сыйластық пен тәртіпті сақтау мәдениеті маңызды рөл атқарады. Баланың мінез-құлқы оның алған тәрбиесіне, қоршаған ортасына тікелей байланысты. Тәртіпке баулу арқылы біз жауапкершілік пен адамгершілікті ұялатамыз.
Бала құқығын қорғау мен тәртіпке баулу – бір-бірімен тығыз байланысты ұғым. Егер әр бала өз құқығын білсе және өзгелердің де құқығын құрметтей білсе, қоғамда әділдік пен сыйластық орнайды.
Бүгінгі ұрпақ – ертеңгі елдің иесі. Сондықтан әр баланың құқығы қорғалып, тәрбиесі жоғары болса, еліміздің болашағы да жарқын болмақ.
«Тәрбие – тал бесіктен» демекші, бала үшін тәрбиеде әке орны тым ерек. Бірақ қоғамнан артта қалмас үшін әкелеріміз күні-түні жұмыс жасайды. Кей бала дұрыс түсініп, анасының айтқанымен дұрыс жолмен жүріп өтеді, ал кей бала үшін балалық шағының мәнсіз өтуіне махаббат жетіспеушілікке алып келеді. Ана үшін бұл оңайға соқпасы анық. Тәрбиеден бұрын балаға кішкентайынан махаббатқа бөленуі қажет. Ата-ананың балаға деген махаббаты жылулық пен мейірімге толы болса, ол шаңырақтан өзіне сенімді, өз құқығын қорғай алатын сана-сезімі түзу, ой өрісі кең ұл мен қыздың шығары анық.
Алайда қазіргі таңда екінің бірі ажырасып, бір отбасыда тұрса да бөлек адамдай араласып жүретіні жасырын емес. Оның бала әлсіздігіне немесе ашуланшақ агрессивті болуына ықпалын тигізері сөзсіз. Үй ішіндегі жанжал, ене мен келін арасындағы келіспеушіліктің, түсініспеушіліктің, әкенің ащы сумен байланысы, отбасылық қызғаныштың болуы, ананың өз құқығының болмауы, көзінен аққан жастың орын алуы балаға кері әсерін тигізбей қоймас.
Бала ортада өзін бақытты сезініп, мәдениет пен тазалықты, отбасы махаббатын бойына сіңіріп өсер болса, қоғамда алар орны ерекше болмақ. Әр ата-ана баласына қандай тұлға қалыптастырғысы келсе, соған лайық әрекет етуі керек. Себебі баланың бойындағы мейірім, тәртіп пен ізгілік – отбасындағы тәрбие мен сүйіспеншіліктің жемісі.
Ақтоты ТЕМІРХАНҚЫЗЫ
Фото: Н.Нұржаубай
Фото: Н.Нұржаубай










