Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бақша өсірудің шебері

Бақша өсірудің шебері

Сыр өңірінің шалғай ауылдарының көркеюі мен өркендеуі ауыл тұрғындарына тікелей байланысты. Өйткені Қызылорда облысының кей жерлері мал шаруашылығына, кейбірі егін шаруашылығына қолайлы. Соның бірі Сырдария ауданына қарасты – Айдарлы ауылы. Осы ауылда еңбек етіп, бақша егіп ауылының дәмін басқа ауылдарға танытып жүрген еңбекқор жанның бірі егінші – Тыныштықбай Әбсадықов.

Елдің ел болып қалыптасуы – бірліктен. Ауылының айнасы әрі бақша өсірудің шебері Тыныштықбай Әбсадықов өзінің бар білгенін баласы Бағдатқа үйрет­кен. Қазіргі таңда бақша өсіру ісін баласы Бағдат жалғап, оның білме­генін әкесі Тыныштықбай жол көрсетіп, отбасымен еңбек етуде. Жастық шағын маңдай термен еңбек етуге арнаған еңбек адамы сол жылдардағы қызығымен бөлісті.

– Жабайы жерді егінге дайын­дадық. Жыл сайын жүгері, жоңыш­қа ектік, солай мал азығын дайын­дап, совхозға өткізіп отырдық. 50 гектар жерді сөйтіп 3-4 жыл қатары­нан егіп, баптадық. Арасында қыстық азық ретінде бақша өнімдерін де егіп көрдік. Өнім мол, жақсы шықты. Одан кейін су тапшылығы болып жерді совхозға өткіздік. Араға көп уақыт салмай балам Бағдат «Жоңышқа кооперативі» шаруашылығын ашып, 300 гектар жерді алдық. Сол жерге биыл бастап бақша ектік. Бірақ еккен еңбегіміз еш кете жаздады. Шілде айында су тапшылығы болып, бір айдан аса уақыт бақша суғарылмады. Сөйтіп жүріп насостың затын алдырып, бір ай өткеннен кейін ғана суғара алдық. Өнім мол шықты. Көп суғарылмаса қауын тәтті болады екен. Бір қауынның салмағы 15 келіден аса шықты. Көлемі самаурынмен бірдей үлкен болды. Бас-аяғы қауын мен қарбыздан 10 шақты машинадай шықты. Оны қауын базарға апарып өткіздік. Әлі картоп бар жиналып жатқан, – дейді еңбеккеш Тыныштықбай Әбсадықов.


Бақша өнімінің қатарында әміре қауыны, қара қауын, қарбыз, картоп бар. Қазіргі таңда базардан алып, дәмін татып жүрген бақша өнімдерінің біршама бөлігі Айдарлы ауылыныкі.


Еңбек жолы мал азығын егуден басталған еңбекқор жанның бүгінгі ізін баласы жалғап, ауыл өнімін молайтып отыр. Төрт ұл мен бір қыз тәрбиелеп өсірген зайыбы мен Тыныштықбай Әбсадықов бүгінде мейірімді ата мен әже. Әкесінің ісін жалғаған Бағдат пен атасына қолғанат болған немерелері жер басына күнделікті барып, бақшаға күтім жасайды. Бірақ қазіргі таңда да су мәселесі өзекті болып тұр. Осы орайда ауыл жанашыры егін шаруашылығы үшін судың маңызы мен оны шешудегі жолын айтып өтті.

– Егін шаруашылығының дамуы үшін су аса қажет. Бірақ су мәселесі біздің Айдарлы ауылына келгенде ең өзекті тақырыптың бірі. Өйткені ауыл маңында суы мол канал жоқ. Тек бір «Аққыр» деген каналымыз бар. Ол онда да көтерілсе су болады, көтерілмесе ол да жоқ. Тағы бір «Ақарық» деген каналымыз бар. Бірақ оның сағасын дұрыс қазып келтіре алмай отырмыз. Егерде соның сағасын дұрыстап қазып әкелсек су тапшылығы бола қоймасы анық. Осыған ауыл жана­­шырлары көңіл бөліп, қол­ға алса ауыл тұрғындарының жағдайы жақсарып, егін, бақша шаруашылығы қарқын алатынына күмәнім жоқ, – дейді еңбекқор жан.


Ауылдың дамуы мен қиын-қыстау жағына ауыл үлкендері аса мән береді. Өйткені елді мекеннің өркендеп, өсуі көз алдында болып өткендіктен, туған өлкесі әрдайым ыстық. Бүгінде бақша өсірудің қыр-сырын барынша үйретіп, білгенімен бөлісіп жүрген Тыныштықбай Әбсадықов жетпіс жасқа таяса да ең­бектен қашпайды. Арасында жер­­­­дің басына барып, істің өрбуін бақылап, баласы мен немерелеріне бағыт-бағдар береді.

Гүлсезім Жансерікқызы

29 қазан 2025 ж. 66 0