Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » ӘЖЕЛІ ҮЙ КӘДЕЛІ, БАЛАЛЫ ҮЙ МӘУЕЛІ

ӘЖЕЛІ ҮЙ КӘДЕЛІ, БАЛАЛЫ ҮЙ МӘУЕЛІ


Жетікөл ауылында Елбасы Н.Ә.Назарбавтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Әжелі үй кәделі, балалы үй мәуелі» тақырыбында байқау ұйымдастырылды. Тәлімді шараға елді мекеннен аяулы әжелер немерелерімен бірге қатысып, өнер көрсетті.
Әже тәрбиесі бала өмірінде үлкен орын алады. Өйткені, қашанда қамқор болып жүретін ардақты жанның тәлімі арқылы бала жақсы-жаманды ажыратып, үлкен-кішіні тани бастайды. Мінез-құлық, тіл тәрбиесі қалыптасып, бала үй шаруасына бейім, елгезек, тілалғыш, мейірімді болып өседі. Әженің тәлім-тәрбиесін көрген бала, немере-шөберелер салт-дәстүрді сақтап, рухани құндылықтың қамқоршысы да бола білмек.
Татулық пен бірліктің, үлгі-өнегенің ұйытқысы болған ақ жаулықты әженің тілі балдай немереге деген кіршіксіз махаббатын дәріптеу және ұмытылып бара жатқан қазақы салт-дәстүрді жастарға насихаттау басты мақсат болған шарада ауыл әкімі Ж.Қожахметов сөз сөйлеп, мұндай игі шараның мән-маңызына тоқталды. Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласында қазақстандықтардың, оның ішінде жас ұрпақтың жаңғыруына осындай тағылымды шаралардың көптеп өткізілуі сеп болатындығын жеткізіп, байқауға қатысушы әжелерге сәттілік тіледі. Мұнан соң байқау шарты бойынша ақ жаулықты аналар таныстыру, «Әжем айтқан ертегі», «Өнерлі өрге жүзер» өнер сайысы, салт-дәстүрге байланысты сұрақтар, «Ана көрген тон пішер» жүн түтіп, ұршық иіру кезеңдерінде өз шеберліктерін көрсетті. Аталған кезеңдерде ардақты жандар немерелерімен бірге өздерін таныстырып, жасөспірімдерді қазақы ертегілермен сусындатты. Сонымен бірге, ұлтымыздың салт-дәстүрлеріне қатысты сұрақтарға тұшымды жауап беріп, ұмыт болып бара жатқан, қазіргі таңда қолдана бермейтін қолөнер туындыларын назарға ұсынды. Бұдан бөлек, ауылдың алты ауызын шырқайтын құрметті әжелер ұршық иіріп, жүн түтті. Мұндай мағыналы байқауға Жетікөл ауылы әйелдер кеңесінің төрайымы С.Төребаева, көп балалы ана Н.Айымбетова және ауылдық клуб басшысы А.Утеуов қазылық етті. Әділ-қазылар алқасының шешімімен байқау нәтижесінде тәлімі мол Клара Мырзабекова немересі Көзейбай Шәмшәтпен бас жүлдені жеңіп алды. Ал ардақты жан Мәриям Қарақұлова немересі Нұрлыбекқызы Кәусармен бірге І орынды иеленсе, құрметке бөленген Айшара Оспанова немересі Есен Балауса екеуі ІІ орынға ие болды. Жастарға үйретері көп Сайлаукүл Жұмабаева немересі Мұратқызы Мереймен және ақылшы әже Күләш Мұқашева немересі Нұрлыбекқызы Қарақатпен бірге ІІІ оырнды өзара бөлісті. Байқауды ұйымдастырушы ауыл әкімдігі мен ауылдық клуб тарапынан жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Е.БЕРКІНБАЕВ
05 желтоқсан 2017 ж. 2 197 0