Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ата жолын жалғаған қария

Ата жолын жалғаған қария

Қария – ауылдың ақылшысы, елдің шежіресі. Ол өткен мен бүгінді саралап, ертеңгі болашаққа бағыт-бағдар береді. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» дегендей ақсақалдың әр сөзі – ғибрат, әрбір ісі – үлгі. Осындай жүріп өткен жолы тарихпен ұштасқан Айдарлы ауылының тұрғыны Дахарбек Асқаров – сексеннің сеңгіріне шықса да әлі күнге дейін малын жайғап, егінін жинап жүрген ақсақал.

Мемлекет басшысы биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағаны белгілі. Осы орайда тілшілер еңбек ер атандырған жандарды үлгі етуде. Жастайынан еңбекке араласқан Дахарбек Айдарұлы институт бітіре салысымен еңбек жолын аудандық комитетте нұсқаушы қызметінен бастайды. Одан кейін Аманкелді ауылында негізгі бітірген мамандығы бойынша бас мал дәрігері болып еңбек етеді. Әр салада өзінің қолтаңбасын қалдырған қария содан кейін Бесарық ауылында партиялық қызметке араласады. Онда партия комитетінің хатшысы болған.

– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ауылдың біршама тұрғыны жұмыссыз қалды. Арасында мен де бармын. Негізі бұрыннан ата-бабамыздан бері мал шаруашылығымен айналысқанбыз. Оның ішінде жылқы, сиыр және басым көпшілігі түйе болатын. Сол қиын-қыстау кезде атадан мұра болған істі қайта қолға алып, ден қоя бастадық. Сүт бағытында да, ет бағытында да, сондай-ақ мал санын ұлғайту мақсатында да жұмыс істедік. Ол шақта ауылдың барлығы дерлік мал шаруашылығы мен егін егумен айналысты. Жоқшылықтың кезі ғой енді. Бірақ шүкір, үйде нан үзілмеді. Ағарған толастамады, – деді қария.

Алты ағайындының екіншісі болған Дахарбек Асқаров 1964 жылы Мәскеуде үш жыл қатарынан әскер қатарында болған. Отан алдындағы борышын өтеп келгеннен кейін 1968 жылы өмірлік жары Айжахан Аденовамен бас қосып, шаңырақ көтерген. Отбасында 4 ұл, 4 қыз тәрбиелеп, немере, шөбере сүйіп отырған ата-әже.

– Төрт ұлымнан көзі тірі екеуі қалды. Қыздардың барлығы тұрмыста. Екі қызым медицина саласын таңдап, жемісті еңбек етуде. Біреуі қалада жер бөлімінде, сосын тағы біреуі Астанада тұрмыста, тігінші. Осы ата-бабадан қалған мал шаруашылығын қазір ұлым мен немерем жалғастыруда. Түйені бұрындары Айжахан сауатын. Жас та келді, денсау­лық та сыр берген соң, келінім Сайранкүлге үйреттім. Қазір түйенің сүтін сауып, молайтып отырған осы үлкен ұлым Мақсаттың келіншегі. Түйеден бөлек жылқы да, сиыр да бар. Барлығын үлгертіп отыр, – дейді Дахарбек Асқаров.

Бүгінде ол кісінің өмір жолы мен еңбегі – кейінгі ұрпаққа өнеге. Мал дәрігерінен басталған еңбек жолы мал шаруашылығын дамытуға қосқан үлесімен жалғасты. Бұл атакәсіпті ұрпақтары жалғап, бүгінде түйе санын көбейтуде. Ал Дахарбек Айдарұлы баласы мен немересінің ісін бақылап, бағыт-бағдар беруде.

Айдарлы ауылында күннің аптап ыстығында егінін егіп, малын бағып отырған отбасылар аз емес. Маңдай терімен ауыл шаруашылығының дамуына үлес қосып келе жатқан жандар қаншама. Арасында жас та болса атакәсіпті қолға алып, жолға қойған азаматтар да баршылық.
Дахарбек Айдарұлының еңбегін ауыл болып бағалайды, сыйлайды. Төсінде «Сырдария ауданына 90 жыл» төсбелгісі жарқырайды. Сексен жастан асса да бақуатты, шаруадан алшақтамаған ақсақал зайыбы Айжаханмен құрған отауы – саялы бәйтерек іспеттес. Оның мал шаруашылығына қосқан үлесі, атакәсіптің қайнар көзі.

Г.Табынбай


29 қазан 2025 ж. 85 0